Ойда жүрген – он сауал

0 37

Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 инфекциясына қатыс­ты көпшілікті қатты толғандырған, жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Пандемияға қатысты бүгінгі жағдай қандай?

– Қазір эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Елімізде жедел ауруханаға жатқызу және дәрігерлік көмекке жүгіну саны біршама азайды. Қабылданған жедел шаралардың арқасында соңғы екі аптада біршама оң нәтижелерге қол жетті. Атап айтқанда, індет жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар дерттен жазылғандар саны 60%-ға артты. Жедел жәрдем шақырту саны 23%-ға кеміді. Бұл көрсеткіштер – қазір динамиканың тұрақтанғанының айқын көрінісі. Өңірлерде дәрігерлер біртіндеп әдеттегі жұмыс режиміне кірісуде.

Төсек-орын саны жеткілікті ме?

– Шілде айының соңғы 3 аптасында жалпы төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мың инфекциялық және провизорлық төсек-орынға дейін ұлғайды. Төсек-орын қорының өсуі 19,3 мың бірлікті құрады. Амбулаториялық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін бірінші реттік медициналық-әлеуметтік көмектің 2 962 мобильді бригадасы құрылды. Провизорлық стационарларда төсек-­орындардың бос болмауы 20%-ға, реанимациялық төсек-орындардың бос болмауы 6%-ға төмендеді.

Халық дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіле ме?

– Сапалы жоспарлау мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға аса зор көңіл бөлінді. Дәрі-дәрмектерді сертификаттау мерзімдері қысқартылды және 1 айдан 3 күнге дейін оңайлатылды. Бір реттік жеткізілім тәулік ішінде беріледі. Коронавирусты емдеуге арналған жаңа препараттарды тіркеу рәсімі жеделдетілді. Арнайы борттар есебінен дәрілік заттармен бөлшек сауданы толықтыру жүргізілуде. Өңірлерде арнайы тұрақтандыру қорлары құрылды. Амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету тізімі кеңейтілуде. СҚ-Фармация дәрі-дәрмектердің айлық қорын қалыптастырды. Сонымен қатар үй жағдайында және амбулаториялық жағдайда коронавирустық инфекция мен пневмонияны емдеуге арналған 5 негізгі фармпрепаратты қосу мәселесі пысықталуда.

Өкпеге жасанды дем беру аппараттары толық жете ме?

– Бүгінгі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда 1958 ӨЖЖ аппараты бар, әкімдіктермен бірлесіп қосымша 4183 аппарат сатып алынды. Сонымен қатар 21855 төсек-орын оттегіге қосылады. Оның ішінде 17762 төсек-орын мемлекет тарапынан да, демеушілер мен азаматтардан келіп түсіп жатқан оттегі концентраторларымен оттегіге жалғанады. Сондай-ақ қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізу жоспарланып отыр.

ПТР тест саны арттырыла ма? Ол тәулігіне қанша адамды қамти алмақ?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қыркүйек айына таман зертханалардың қуатын тәулігіне 64 мың ПТР-ға дейін арттыру көзделуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ПТР аппараттары бар ветеринариялық зертханалары қайта бағытталып, олардың жұмысы денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктері үшін қайта бейімделеді. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында модульдік зертханалар қуаты да ұлғайтылмақ. Екі қаланың әкімдіктері қазір бұл мәселені пысықтап жатыр және осы қалалар бойынша екі зертхананың қуаттылығын тәулігіне 10 мың тесті жүргізуге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Індет құрбандары қалай жерленеді?

– Індеттен көз жұмғандарды жерлеу үшін ешқандай арнайы рұқсаттың керегі жоқ. Бас санитарлық дәрігердің жарлығына сәйкес бұл вирустан қайтыс болған адамның мүрдесі сол қайтыс болған мекеменің патологоанатомия бөлімшесінде зарарсыздандырылады, содан кейін оның денесі туыстарына беріледі. Туыстары қайтыс болған адамды жерлейтін орынды өздері таңдайды. Алайда жерлеу кезінде қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажет.

Коронавирустан көз жұмған балалар болды ма?

– Бұл індеттен бірде-бір бала көз жұмған жоқ. Әлеуметтік желілерде аталған инфекциядан балалар өлімінің өсуі туралы тараған пікірлер жалған. Елде коронавирус жұқтырған барлығы 73400 адам тіркелді. Олардың 61,8% емделді. Ауруханаларда пневмониямен ауырып жатқан науқастар саны – 8 мыңға жуық адам. Мамыр айынан бері мыңнан астам бала ауырып сауықты. Ауруханаларда 100-ден астам бала бар. Олардың барлығы коронавирус инфекциясымен жеңіл ауырған, ауырып та жатыр. Бірақ балалар арасында бұл індеттен өлім-жітім болған емес.

COVID-19 қайта жұғуы мүмкін бе?

– Науқастар ауырып, жазылған соң және жедел кезеңнен өткеннен кейін олардан қайтадан алынған анализ нәтижесі теріс болды. Ал біраз уақыттан кейін оң нәтиже көрсеткен оқиғалар да кездесті. Бұл жағдайда мамандар мұның ПТР реакция беретін вирустың «жарықшақтары» болуы мүмкін екенін айтады. Анализ клиникалық белгілері болмаған кезде оң нәтиже көрсетеді. Сондықтан ол қайта жұқтыру болып саналмайды. Қазір коронавирусты қайта жұқтыруға болады деген деректер жоқ.

Індеттің екінші толқыны бола ма?

– Әлемнің басқа елдері сияқты Қазақстанда да биыл күз-қыс айларында дерттің асқынуы мүмкін екені ескерілуде. Мамандардың пікірінше, елдегі коронавирус пандемиясының келесі толқыны ЖРВИ және тұмау аурулары қозатын қыркүйек-қазан айларындағы эпидемиологиялық маусыммен қатар келуі мүмкін. Бәрі де сол кездегі ауа райына байланысты болады. Ал қазір бас­ты міндеті – сол кезеңге денсаулық сақтау саласын толық дайындау.

Арнайы вакцина дайындалып, салынатыны рас па?

– Қазір Қазақстан түрлі елдерден вакцина сатып алу мәселесін зерделеп жатыр. Препараттар клиникалық сынақтардың түрлі сатыларынан өткізілуде. Ресейлік вакцина туралы белгілі, ол елдегі әріптестермен қазақстандық мамандар ынтымақтастық орнатқан. Вакцинаның қашан жеткізілетіні оның барлық клиникалық сынақтардың бүкіл кезеңдерінен өтіп, жаппай халық үшін қолдануға жіберілгені ресми расталған мерзімге байланысты белгілі болады. Сонымен қатар қазір сынақ сатысында тұрған вакциналарды өндірушілермен, соның ішінде БАЭ-мен бірге клиникалық сынақтардан өтіп жатқан қытайлық вакциналарға қатысты да келісімдер бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =