«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Офшордағы ақшаны елге қайтара аламыз ба?

0 108

Мемлекет басшысының аузынан шығып отырғасын бұл сөз орындалуы керек. Бірақ, оңай шаруа емес. Жұмыс істей бастағанына екі айдың ғана жүзі болған Ә.Смайылов командасы осы талапты бұлжытпай орындай ала ма? 

828943bcef91bd3153796d280a4bcfca (2)

Біріншіден, елден заңсыз жолмен қанша ақша қолды болды, әрі оны кімдер жымқырды дегенді ең әуелі елдің ішінде, сосын барып, сол ақша жатқан шетелде халықаралық дәрежеде дәлелдеу қажет.

Бұл туралы Парламент қабырғасында да «Ақ жол» партиясының фракциясы мәселе көтерді. Нақтырақ айтқанда, «кешегі қаңтар оқиғасы кезінде елден қанша капитал сыртқа кетті» деген депутаттық сауалды  мәжілісмен Мақсат Раманқұлов Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат ­Еламановқа қойды.

Халық қалаулысының айтуынша, Қазақстан экономикасын көтеру үшін халықтан ұрланған қаражатты кері қайтару қазіргі уақытта өте өзекті мәселе болып отыр.

Расында да ақжолдықтар бұған дейін де өздерінің депутаттық сауал­дарында «Панама тізімі», «Жер жұмағы» деп аталатын Швейцария банктеріндегі қазақстандықтардың есеп шоттары жөнінде бірнеше рет мәселе көтерген болатын.

«Tax justice network» деп аталатын халықаралық ұйымның мәліметтері бойынша, кейінгі жиырма бес жыл көлемінде Қазақстаннан шетелдік офшорларға 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылыпты. Бұл елдің бір жылдық ІЖӨ-сіне тең қаражат көрінеді. Тіпті кейбір ақпарат көздерінің жазуынша, Қазақстанның құқық қорғау органдары кейінгі бес жылда елден заңсыз шығарылған капитал бойынша 200-ден аса қылмыстық іс қозғапты. Алайда бірде-бір іс аяғына дейін жеткізіліп, нәтиже берді деген мәлімет жоқ. Соған қарағанда, көтерілген істің аяғы сиырқұймышақтанып жабылып қала беретін сияқты.

Ал шетелге ақша шығарған олигархтар кімдер? Тіпті олардың аттары аталғанның өзінде ол не береді?

Рас, еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес күрес ашып отыр.  Заңсыз «ақша жуу легімен» айналысатындарға тосқауыл қоюда ФАТФ халықаралық ұйымымен бірлесіп, қаржыға қатысты іс-шаралар да әзірледі. Бірақ мұның бірде-бірі ұрланған ақшаны кері қайтаруға мүмкіндік бермейді. Әуелі сол шетел банкісіндегі ақшаның ұрланғандығын нақты дәлелдеу керек. Ал ол жерде әр тиынның бүге-шігесі тексерілетіні белгілі. Әрине, бірнеше виллалары мен яхталары барлардың ақшалары қайдан келгенін бір қарасаңыз, бәрі түсінетін сияқты, бірақ нақты дәлел болмағасын, ештеңе де істей алмайды.

Кешегі қасіретті қаңтар күндері біздің кейбір олигархтар мен асқан байлар жеке ұшақтарымен Лондон асыпты деген хабар тарады. Мұның рас-өтірігін кім білсін? Бірақ, сол Ұлыбритания – өзінің саяси қамалын әлдеқашан жасап қойған мемлекет. Онда барып кім көрінген инвестиция салып азаматтық ала алмайды. Алайда кейбір мәліметтер 2008-2015 жылдары сол Лондоннан 205 қазақстандық «алтын виза» алыпты дегенді алға тартып отыр. Бұл виза елде әзірше тұрғылықты тұруға, біраз жылдан кейін азаматтық алуға мүмкіндік беретін көрінеді. Ал оның бағасы – екі миллион фунт стерлингтен асып жығылады. Не болмаса, Ұлыбританияда тіркелген бір компанияны сатып аласыз да оны екі жыл бойы өз атыңызда ұстап отырасыз. Бұл да аз қаражат емес. Бір сөзбен айтқанда, қанша ауқымды қаражат құясыз, соғұрлым тезірек ағылшын елінің азаматы бола аласыз. Ал біздің британ паспортын алған азаматтарымыз бірнеше жүздеп саналатынын кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жазып жүр.

«KPMG» халықаралық аудиторлық-сараптамалық кеңсесінің есептеуінше,  Қазақстанда өте бай деп саналатын 112 адам жылына 50-ден 80 миллион долларға, 45 адам – 80-нен 800 миллион долларға және бес адам – екі-ден үш миллиард долларға дейін табыс табады екен.

Солай бола тұра ел халқының 96,6 пайызының жылдық табысы 10 мың доллардан аспайды. Ал орта тап деп айдар тағылатын жұмыскерлердің жылдық орташа табысы 10-нан 100 мың доллар шамасында болып отыр. 2019 жылғы есеп бойынша мұндай адамдар 326 мың адам болып, тұрғын халықтың 2,7 пайызын құраған.

Ұлттық банк 2020 жылдың екінші жартысында Қазақстаннан екі миллиард төрт жүз миллион доллар шығарылғанын жариялады. Ал құйылған инвестиция – бір миллиард екі жүз миллион. Яғни Қазақстанға енген ақшадан гөрі елден шығарылған қаржының көлемі екі есе көп болған. Екі жыл бұрын елімізден Нидерландыға – бір миллиардтан астам доллар, Кипрге – 425 миллион, Кайман аралдарына – 70 миллион, Біріккен Араб Әмірліктеріне 41 миллион үш жүз мың доллар шығарылған.

Расында да елдің үстінен күн көрушілер мен халықтың қазынасына қол салушыларға қарсы бітіспес майдан ашылғанын Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев та өз баяндамасында атап өтті. Енді осы күрес толық нәтиже беру үшін елдің әр азаматының соған сенімі қажет. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік бюджет халық үшін ашық болуы керек. Сонда ғана Грузияның тәжірибесі көрсетіп отырғандай, жемқорлардың ініне су құйылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды