©2020 Астана Ақшамы
ОБЫРДЫҢ БАСТАПҚЫ БЕЛГІСІ БОЛМАЙДЫ
Мұхтар ТӨЛЕУТАЕВ, Астана қаласы Онкологиялық диспансерінің бас дәрігері:
– Сәлеметсіз бе, Мұхтар Есенжанұлы! Астана қаласында онкологиялық аурулардың жағдайы қандай деңгейде?
– Онкология саласына бүгінгі таңда мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Өздеріңізге белгілі, былтырғы жыл онкология саласының жылы болып саналып, Елбасының Жолдауынан кейін министрліктің дайындауымен Үкімет қаулы қабылдап, 2012-2016 жылдарға арналған онкология саласының дамуы туралы бағдарлама қабылданды. Сол бағдарламаның аясында қаржыландыру мәселесі жақсы шешілді. Мысалы, 2011 жылы онкология саласына бөлінген қаражат 13 миллиард теңге болса, 2013 жылы ол екі есеге жуық көбейіп, 28 миллиардқа жетті. Бұл, әрине, осы бағдарламаның игілігі.
Жалпы, бүгінгі күні Қазақстанда сырқатқа шалдыққан аурулардың барлығы стационарда болсын, амбулаториялық жағдайда да толық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Яғни, тегін емделеді. Басқа елдерде ондай жоқ. Біздің елімізде Қазақ ғылыми-зерттеу онкология институты және әр облыста он тоғыз онкология диспансері бар. Институттың және диспансерлердің құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі бағдарламада толық есептелінген.
Бағдарлама аясында біз былтыр диагностикалық құрал-жабдықтар сатып алдық. Қазіргі кезде жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2014 жылдың аяғына таман біз жаңа сәулелі-терапиялық аппарат аламыз. Біздегі екі сәулелі терапиялық аппарат жаңартылып, техникалық мүмкіндігі мол қосымша құралдармен жабдықталады. Ол аппараттың сапасын жақсартады.
– Онкологиялық аурулардың соңғы жылдары көбейіп бара жатқаны белгілі. Оны азайтуға байланысты қаламызда қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– Бүгінгі күнде біздің елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде онкологиялық ауруларға шалдыққандар қатары көбейіп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылға қарай олардың қатары екі есеге дейін көбейеді. Бірақ, бүгінгі күнде диагностика тәсілдері жақсы жолға қойылғандықтан, диагноз уақытында қойылып, ем-шара уақытында қабылданса, кейбір жағдайда ол аурудан толық емдеп шығаруға мүмкіншілік бар. Тек қана уақытында дәрігерлерге қаралған жөн.
Қазір Астана бойынша онкологиялық ауру салдарынан өлу көрсеткіші былтырғыға қарағанда төмендеген. Республика бойынша солай. Бұл, әрине, Қазақстанда аталмыш аурудың алдын алу мақсатында жасалынып жатқан шаралардың нәтижесі екені шындық. Осы бағытта елімізде тұрғындар арасында скринингтік тексерулер жүргізіліп келеді.
– Қайырлы күн! Менің атым – Болатбек. Мынаны білгім келеді: обырдың басты белгісі бар ма?
– Обырдың бастапқы белгісі болмайды. Оның ең жаман қасиеті – ауру білдірмей келеді. Адам кеселге шалдыққанын білмей қалады. Ауру бастапқы уақытында адамға ешқандай белгі бермейді. Жеңіл-желпі әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, жүдеу байқалуы мүмкін. Бірақ, бұған барлық адам бірдей көңіл бөлмейді. Ал, жанына батқан кезде, ол өкінішке қарай, кешігіп қалуы мүмкін. Жалпы, организм әртүрлі белгі береді. Соған көңіл бөліп, ағзамыздағы кінәраттарға бейжай қарамау керек.
– Скринингтік тексеру деген не? Оны қай жерде өтуге болады?
– Скрининг дегеніміз – ауру белгі бермей тұрған сәтте диагноз қою, яғни, ауырмаған адамның ауруын табу. Сырқат адамға диагноз қоюда қиын жағдайлар кездеседі. Ондайда диагнозы күдікті рентген суреттерін бірнеше дәрігер бірігіп қарап, қосымша қандай зерттеу қажет екендігі жөнінде шешім шығарып, сырқаттануы ықтимал адамды шақырып, әрі қарай тексеру жүргізіп, толық ем қолдануға бағдарлама жасайды. Ауру бірінші, екіншісі сатысында анықталса, сырқаттанған адамға да, дәрігерлерге де, тіпті, бюджетке де жеңіл болады. Мысалы, үшінші, төртінші сатыдағы сүт безінің обырына ұшыраған бір сырқат адамды емдеуге мемлекет 28 миллион теңгеден артық қаражат жұмсаса, ал бірінші, екінші сатысында көп болса 300-400 мыңдай теңге кетеді. Есептеңіз, қандай айырмашылығы бар. Бұл ретте дәрігердің шақыруын күтудің қажеті жоқ. Оны белгілі бір жастағы адамдар өзі тіркелген емханада өтеді. Өткен жылы біздің диспансерде скрининг орталығы құрылды. Барлық бақылау, зерттеу осы орталықта да жүзеге асырылады. Биылдан бастап тағы да төрт скрининг, яғни, өңештің, асқазанның, бауырдың және қуық асты безі обырының алдын алу мақсатында тексерулер жүргізілуде.
– Қайырлы күн, Мұхтар Есенжанұлы! Жақында Денсаулық сақтау министрі медицина саласында 4 мыңға жуық маманның жетіспейтіндігін айтты. Сіз басқаратын мекемеде кадр тапшылығы сезіле ме?
– Қазіргі кезде бізде екі-үш дәрігер ғана жетіспейді. Мысалы, диагностика саласында морфология деген бар. Соған байланысты бізде морфологтар жетіспейді. Ал, сәулелі терапиямен емдейтін дәрігердің мәселесі енді шешілгелі отыр. Биыл университетті бітіретін бір-екі түлекпен алдын ала келісімшарт жасалған. Менің ойымша, келесі жылы кадр мәселесі шешіледі.
Жалпы, біз шетелден білікті мамандарды шақырып, көптеген шеберлік кластарын өткіземіз. Біздің дәрігерлеріміз Еуропада, Израильде, Ресейде, Оңтүстік Кореяда білімін жетілдіру курстарында оқып, тәжірибе алмасып, сол үйренгендерін біздің диспансерде қолданып жүр. Жақында Индиядан атақты бір профессор шақырып, елімізде бірінші рет бас пен мойынға шыққан обыр диагнозына микрохирургиялық операция жасадық. Иек сүйегі обырына шалдыққандарға аяқтың сүйегінен алып, жасанды иек жасау, тілдің жартысының көбін алып тастап, бұлшық еттің терісін жамап, қалпына келтіруді жүзеге асырудамыз. Бұрындары тек шетелдерде жасалынатын күрделі операциялар біздің елде де жасалуда. Қазақстанның бүкіл аймақтарынан жыл сайын осындай 2 мыңнан астам адам келіп ем алады. Медицинаға қатысты заңдар мен бұйрықтардың негізінде, бірыңғай денсаулық сақтау жүйесіне сай оларға тегін медициналық көмек көрсетеміз. Сондай-ақ, қазір тексеруден өткен сырқат адам сырқатнама көшірмесін электронды түрде де жібере алады. Бірнеше дәрігер шешім шығарып, соның арқасында ол белгіленген күні келіп, ауруханада емделу мүмкіндіктер қарастырылған.
– Есімім – Орынгүл. Денсаулығыма ешқандай шағымым жоқ. Дегенмен, кейде алаңдайтыным рас. Ауру айтып келмейді ғой. Айтыңызшы, онкологиялық аурулардан қалай сақтануға болады?
– Орынгүл, денсаулығыңызға алаңдағаныңыз өте дұрыс. Құптаймын. Негізі, бүгінгі күні ғылыми зерттеулердің аясында шығарылған қорытындыларға сүйенсек, онкология сырқатына шалдығуға, біріншіден, темекі түтінінің құрамындағы зиянды заттардың әсері ерекше екен. Мұндағы никотин, бензапирен сияқты көптеген химиялық заттар келешекте тек қана өкпе обырына емес, басқа да обырларға әкеліп соғады деген ғылыми дәлел бар. Екіншіден, адамның дұрыс тамақтанбауы, артық салмақ қосуы, ащы, қуырылған, майлы тамақтарды көп жеуі асқазан, өңеш обырларына әкеліп соғуы мүмкін. Жапонияда, Оңтүстік Кореяда асқазанның обырына шалдыққандар өте көп. Бірақ, ол елдерде адамның орташа өмір сүру деңгейі жоғары. Әсіресе, жапондықтар көп өмір сүреді. Себебі, олар уақытында тексеріліп тұрады. Біз де кешіктірмей, дер кезінде келгендерге үлкен кесу жасамай, сылып алып тастау арқылы операциялар жасаймыз. Ондайлар тез сауығып кетіп жатады. Бірақ, уақытында келетіндер өте сирек. Қысқасы, адам өзіне-өзі көңіл бөліп, уақытында дәрігерге қаралуы керек. Елбасы да осыған көп көңіл бөліп келеді. Денсаулық адамның өзіне, жақын туыстары мен балаларына керек. Сондықтан, уақытында диагноз қойылып, уақытында дәрігерге көрініп, уақытында ем-шара қолданылса, адамның маңдайына жазылған жасына жетуіне толық мүмкіншілігі болатынын ескере бермейтіндердің бары өкінішті.
– Елбасы бүгінгі таңда ауырудың адамға тиімсіз екендігін айтып келеді. Дегенмен, адамдар арасында онкологиялық аурулар азаймай отыр. Осыған орай, обырдың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр?
– Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарудамыз. Біздің дәрігерлеріміз әр мекемеге барып арнайы семинарлар өткізіп, лекциялар оқып жүр. Халықтың арасында обыр сырқаты туралы мәлімет беріп қана қоймай, осы бағытта халықтың білімін арттыруға көп жұмыстар атқарып жатырмыз. Сондай-ақ, біз теледидар, газет-журналдар арқылы насихат жұмыстарын жүргіземіз. Соның арқасында қазір кейбір адамдар емханаға ешкімнің шақыртуын күтпей-ақ, өздері келеді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ