«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Нұржол» желекжолы

Астана айшықтары

0 328

Әлемге әйгілі сәулетші Кисе Курокава Астананың бас жоспарын әзірлегенде шаһар сәулетінде қала мен даланың үйлесімі мәселесін негізгі идея етіп алды. Яғни қаланың дамуы табиғаттан ажырағысыз болуы керек деп шешті. Олай болмаған жағдайда, алып шаһар аз жылдың ішінде ластануы мүмкін деп ойлады. Жапондық сәулетшінің елордадағы бір айшықты жобасы «Нұржол» сулы-нулы желекжолы осы қағида негізінде салынды.

Шаһардың сол жағалауында, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында атшаптырым аумақта орын тепкен желекжол астаналықтардың және қала қонақтарының сүйікті орнына айналды. Ақорда – Елбасы резиденциясынан басталып, «Хан Шатыр» сау­да-ойын-сауық орталығына дейін созылып жатыр. Ұзындығы – 2200 метр.

«Нұржолдың» қос қапталы зәулім ғимараттармен қатар бүгіндері елорданың айшықты нысандарымен көмкерілген. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Астана Опера» театры, «Қазмедиа», «Көрме» орталықтары, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Керуен» сау­да-ойын-сауық орталығы, Ұлттық мұрағат, Ұлттық академиялық кітапхана, Үкімет, Парламент, Министрліктер үйі, Жоғарғы сот ғимараттары дәл осы аймақта орналасқан.

Жан-жағында жанға сая жасыл желек жайқалған желекжолдың орта тұсында «Бәйтерек» монументі тұр. «Нұржолдың» бойымен жүргенде сәнді субұрқақтар алдарыңыздан шығады. Жүрген бойда біраз мүсінді де көресіз. Соның ішінде «Көшпенділер» деп аталатын композиция ерекше атап өтуге тұрарлық.

Болашақта «Нұржолды» төбесі жабық алаңға айналдыру жоспарлануда. Бұл туралы былтыр сөз қозғалды. Бұл жоба жақын жылдары жүзеге асуы тиіс.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды