Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі: АСТАНА ТОЙЫ – БАР ҚАЗАҚТЫҢ АБЫРОЙЫ

0 154

Опера – өнердің шыңы. Саф алтындай бекзат өнер әркімнің бағына бұйыра бермейді. Кіршіксіз өнерге тек табиғи талантты тарландар ғана терең бойлай алады. Бүгінгі қонағымыз – опера жұлдызы, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Нұржамал Үсенбаеваға оқырманнан келіп түскен сауалдар легі көп болды.

– «Қыз Жібек» операсының қойылымынан кейін сіздің өнеріңізге тәнті болған Ғабит Мүсірепов «Менің Жібегім осындай болуы керек» деп, маңдайыңыздан сүйіпті дейді көзімен көргендер. Көп ішінен сізді кім таңдап алды осы рөлге?

Айгерім СЕЙІТМАТОВА,
ЕҰУ 2-курс студенті

– 1984 жылы Абай атындағы Опера және балет театрының елу жылдық мерейтойына орай «Қыз Жібек» операсын қоюға дайындық жүргізілді. Басты партияны орындау маған бұйырды. Мен ол кезде консерваторияның бесінші курсында оқитынмын. Вокалдан сабақ беретін Бекен Жылысбаевтың және Жібек арияларын менің орындауымда тыңдап жүрген оқытушымыз Байғали Досымжановтың себепкер болғанын айтқан жөн. Қызу дайындық жүргізілді, әрине.
Бірнеше емтихан тапсырдым. Сөйтіп, қойылымда өзімнің кумирім Әлібек Дінішев Төлеген партиясын орындады, ал мен сахнаға Жібек болып шықтым. Спектакль біткен соң зал тоқтаусыз қол шапалақтап, әртістерге құрмет көрсетті. Бір кезде Ғабит аға (Ғабит Мүсірепов) аса таяғына сүйеніп сахнаға көтерілді де, әншілердің бәрін құттықтап, менің жаныма келді.
Маңдайымнан сүйді. Сөйтті де залға қарап: «Міне, менің Жібегім осындай болуы керек» деп ризашылығын білдірді. Алғашқы қадамым көптің көңілінен осылай орын алған еді.

– Сіз жайында жазған журналист Нәзира Байырбектің «Нұржамал» кітабын оқып шықтым. Өнердегі өнегелі жолыңыз туралы деректі фильм түсіру ойыңызда жоқ па?
Айсәуле САҚТАҒАНОВА,
дәрігер

– Иә, жақында менің өнер жолым туралы кітап шықты. Өзіңіз айтқандай, деректі фильм әзірге түсіріле қойған жоқ. Бірақ, телеарналар түсірген сюжеттер бар. Алдағы уақытта, мүмкін режиссерлер түсіретін шығар деп ойлаймын.

– Сіз әлемдік деңгейдегі опера жұлдызысыз. Вокалдық техникаңыз мінсіз, әрі әнді шебер орындайсыз. Сондықтан әрбір концертіңізді асыға күтеміз. Астана тойында жылда концертіңізді көруші едік. Биыл бағдарламада жеке шығармашылық кешіңіз неге жоқ?
Абай АХАТБЕК,
қала тұрғыны

– Есіңізде болса, былтыр ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Астана күні мерекесіне «Қазақстан» орталық концерт залында жеке шығармашылық кешім өтті. Ол концертте әлемдік классика туындылары мен қазақ әуендері шырқалды.
Мен үшін ол кештің жөні бөлек.
Өйткені, менімен бірге чехиялық Филип Бонжак, мәскеулік Роман Муравецкий сынды өнерпаздар мен Францияның атақты дирижері Пьер Доминик Поннель бір сахнада өнер көрсетті. Сондай-ақ, еліміздің жас өнер майталмандары да ән шырқады. Биыл жеке шығармашылық кешімді өткізбесем де, Астана тойына қатысып, ән айтамын. Астана тойы – бар қазақтың тойы.

– Сіз үшін өнердің ең биік шыңы не? Және оған қол жеткіздім деп ойлайсыз ба?
Зүбайда ҚАРАЖАНОВА,
зейнеткер

– Өнер жолы – ауыр жол. Менің арманым – опера әншісі болу еді. Аллаға шүкір, қазір сүйікті ісіммен айналысып, халық алдында жүрмін. Мен үшін өнердің шыңы – халықтың ыстық ықыласы. Әншіге деген құрметі мен қошеметі. Көрерменнің сүйіспеншілігін әрдайым жоғары бағалаймын.

– Қызыңыз Қарлығаш актерлік шеберлігімен танылып жүр. Алдағы уақытта ол өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығамын десе, құптар ма едіңіз?
Бақыт НҰРТАЗАЕВ,
ұстаз

– Ұлын – ұяға, қызын қияға қондыру әрбір ата-ананың арманы, басты парызы. Қызым өмір жолында кімді таңдаса да, тек бақытты болғанын қалаймын. Оның жүрегі қалаған азаматқа ешқашан қарсы болмаймын.
Өмірден өз орнын тауып жатса, әрине, қуанамын. Бір сөзбен айтқанда, қызымның таңдауына құрметпен қараймын.

– Астананың алқалы тойына келген қонақтардың ішінен кімді құрметтеп, жақын тұтасыз?
Кәмшат ТӘЖБЕНОВА,
оқытушы

– Еліміздің жүрегі – Астананың тойына мәртебелі меймандар мен қонақтар ағылуда. 5 шілде күні Орталық концерт залда әлемдік опера жұлдызы Суми Джоның «Viva, Astana!» атты жеке концертіне барамын.
Суми Джо – өте талантты, халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүрген әнші. Сондықтан әріптесімнің концертіне қатысып, өзіме қажет нәрсені аламын деп ойлаймын.
Келген әртістердің ішінде мен үшін орны бөлек, жақын тұтатыным – сол.

– 7 шілде күні Илья Авербухтың «Мұзайдынындағы хикаяларына» қатысады деп естідім. Қандай ән орындайсыз?
Марал ИБАДІЛДАЕВА,
тәрбиеші

– «Алау» мұзайдыны сарайында өтетін үлкен кеште «Перзент» әнін шырқаймын. Бұл әнді Азиада ойындарының ашылу рәсімінде орындаған едім. Сөзін жазған – Ұлықбек Есдәулет, ал әнін жазған – Игорь Крутой. Менен басқа да танымал әншілер қатысады оған.

– Қалай ойлайсыз, біздің отандық жас өнерпаздар халықаралық деңгейге шыға ала ма?
Ақнұр СЕРІКҚЫЗЫ,
студент

– Әлбетте, олар тек отандық сахналарда ғана емес, шетелдерде де танылуы керек. Бүгінгі таңда біздің жастарымыз өз қабілеттерімен биік тұғырлардан көрініп жүр. Дәл қазір олардың мүмкіндігі жетерлік. Шетелде білім алып, тәжірибе алмастырып жүр. Мемлекет қолдауымен ғана емес, өздері ізденіп, демеуші тауып, барлық мүмкіндіктерді пайдалануда. Оларға тек сәттілік тілеймін!

– Сіздің репертуарыңыздағы әндерді басқа әншілердің орындауында тыңдап көрмеппін. Бұл сіздің ән таңдаудағы ерекшелігіңіз шығар?
Сатыбалды СЕРІКҚАЗЫ,
блоггер

– Рас, менің репертуарымда еліміздегі өзге әншілер орындамайтын, тек өзімнің концерттік кештерімде шырқайтын туындылар бар.
Сонымен қатар, опералық классика ғана емес, мюзикл, романс, оперетталар да кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, тыңдармандарымды түрлі жанрлы музыкамен сусындатқым келеді.

– Астана күні мерекесінде халыққа айтар қандай тілегіңіз бар?
Ержан НҮРКЕЕВ,
Политехникалық колледждің
1-курс студенті

– Көптен күткен сүйікті мереке қарсаңында қандай тілек айтсақ та, жарасады. Біздің сүйікті қаламыз жайнай түссін! Абыройы арта берсін! Еліміз аман, іргеміз берік, тек тыныштық пен бейбітшілік орнасын! Әр қазақтың үйінде күнде той, күнде қуаныш, күнде мереке болғай!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + seventeen =