Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті: ЖАСАСЫН ҚАЗАҚСТАН!

0 110

Тұманды Альбион төрінде алаштың атын шығарған ел спортшыларын астаналықтар мен қала қонақтары халықаралық әуежайдан құшақ жая қарсы алды. Чемпиондар мінген темір тұлпарлар қала көшелерін аралады. Ыстық ықылас пен зор құрметке бөленген жеңімпаздар Астана даңғылдарын думанға айналдырды. Төрт жылда бір келетін Олимпиадада ел жалауын желбіреткен намысты ұл-қыздарымызды одан әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында салтанатты жағдайда мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Лондон Олимпиадасында отандық спортшылардың қол жеткізген зор жетістігінің құрметіне арналған рәсім еліміздің айбынды әнұранымен ашылды. Жеңіс туын көкке көтеріп, әлемге қазақтың Әнұранын асқақтатқан жеңімпаздардың барлығын Елбасы шын жүректен құттықтады.

– Барша Қазақстан халқы үкілеп шығарып салған таланттарымызға жанкүйер болып, алыс, жауапты сапарға елдің батасын алып аттанған ұл-қыздарымыз үмітімізді ақтады. Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. Лондон төрінде қазақтың көк байрағы жеті мәрте

желбіреп, әлемнің барша елінің туларынан биікке көтерілді. Отанымыздың әнұраны жеті рет Лондон төрінде көкке өрледі.

Спортшыларымыз Олимпиаданың алғашқы күнінен бастап соңғы сәттеріне дейін қоржынға медаль салумен болды, – деген Елбасы кірпік қақпай теледидарда тілекші болған миллиондаған қазақстандықтардың ықыласы әрбір спортшыға қанат бітіргенін де, атап өтті. Иә, ел намысын ту еткен бәсекеде барша қазақтың мерейі үстем болды. Алдағы уақытта бұдан да биік асуларды бағындыра беретінімізді айтқан Президент ұлттық құраманың ерлігіне тоқталды.

–Біздің құрама елеулі ілгерілеушілік жасады. Бейжің Олимпиадасындағы қорытынды бойынша 29-орыннан биыл Лондондағы Олимпиадалық ойындардың медальдік есебінде 12-позицияға көтерілді. Осы арқылы Қазақстан 250 ұлттық құраманың арасында алдыңғы қатарлы спорттық державалардың біріне айналды. Бұл барша халқымыздың үлкен жеңісі. Құрметті олимпиадашылар! Біз сіздердің жеңістеріңізді асыға күттік. Он алты күн бойы жанкүйер болдық. Сіздер барша халықтың үмітін, менің жеке үмітімді ақтадыңыздар. Барша қазақстандықтардың атынан сіздер мен бапкерлеріңізге алғысымды айтамын. Жасасын Қазақстан!–

деді Елбасы.

Салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы мұндай жетістік үлкен еңбек пен зор ізденістің арқасында келетінін баса айтты.

Біріншіден, бұл Қазақстанда спорт саласын дамыту мемлекеттің басты стратегиясының бірі екенін алға тартты.

– Спорт – біріншіден, салауатты өмір салты. 2009 жылы бұл саланы қаржыландыру үш есеге ұлғайды. Биылдың өзінде он миллиардтай доллар бөлінді. Еліміздің әр аймағында бұқаралық спорт түрлері дамып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды тарту басты назарға алынды. Бүгінде облыстарда спорт нысандары көптеп салынып, 7000-нан астам секция ашылды. Екіншіден, жеңіске деген құштарлық. Спорттық жетістік – бұл да ұлы жұмыс. Олимпиадашылардың жетістігі – еңбексүйгіштікке, патриотизмге үлгі, біздің еліміздің жастары мен барлық азаматтары үшін өз күштеріне деген сенімі, – деді Президент.

Жеңімпаздарға арналған бұл жиында Елбасы тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткен толайым табыстарды саралады. Жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 63 жеңімпазы, оның ішінде 18 Олимпиада чемпионы тәрбиеленіп шыққандығын, 116 қазақстандық түрлі әлем чемпионаттарында

жүлделі орындарды иеленгенін жеткізді. Олимпиадашылардың қатары еліміздің әр аймағынан шығып отырғандығын алға тартқан Президент егер еліміздің әр облысы бір Олимпиада жеңімпазын тәрбиелеп шықса, бұл бізге жеткілікті екенін тебіреніспен жеткізді.

Елбасы айтқандай, бүгінде Қазақстанда жаңадан түрлі спорт кешендері іске қосылып, спортпен айналысатын қазақстандықтардың саны 3 млн адамнан асқан. Мұндай жеңістерден кейін спортты қолдау саясаты одан әрі жалғаспақ. Лондон төрінде Қазақстанның ұлттық құрамасы жалпы 13 медальді қанжығаға байлады. Қоржынымызда жеті алтын, бір күміс және бес қола жүлде бар. Қазақстан спортшылары командалық есепте он екінші орыннан көрінді. Тәуелсіз Қазақстанның спорт тарихында алтын әріптермен жазылатын Олимпиада талай жастарды жігерлендіріп, талай жүректерге рух берді. Лондон Олимпиадасында көк Туды көкке көтерген жерлестерімізге салтанатты шарада Елбасы өз қолымен мемлекеттік наградалар тапсырды. Бокстан былғары қолғап шебері Серік Сәпиев, велошабандоз Александр Винокуров, ауыр атлет Илья Ильин «Отан» орденін кеуделеріне тақты. Зіл темірші қыздарымыз Светлана Подобедова мен Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза мен Ольга Рыпакова ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, палуан Даниял Гаджиев, боксшылар Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Марина Вольнова, палуан Гузель Манюрова, еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ал осы жарыста спортшыларымыздың басы-қасында жүрген ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев «Парасат»  орденіне лайық деп танылды. Жеңімпаздардың құрметіне арналған салтанатты шара соңы мерекелік ко цертке жалғасты.

Сондай-ақ, «Бәйтерек»  монументі жанында ХХХ Олимпиада ойындары жеңімпаздарына арналған жалпыжұрттық ән-би кеші ұйымдастырылды.

Гүлмира Аймағанбет

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 11 =