Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ОТБАСЫНЫҢ БІРЛІГІ – ОТАННЫҢ БІРЛІГІ

0 973

Отбасы құндылықтарын ұлықтаған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Мәртебелі жиынға еліміздің әр өңірінен жеңіп шыққан 16 отбасы жиналды.

Елбасы тапсырмасымен ұйымдастырылған ұлттық конкурс аудандық (қалалық), облыстық, республикалық кезеңдерге бөлініп өткізілді. Жалпы, байқауда барлық өңірлерден 1 298 отбасы бақ сынады.

Салтанатты рәсімде конкурс қорытындысы жарияланып, Бимағанбетовтер отбасы жеңімпаз атанды. Елбасы осынау мерейлі шаңырақтың отағасы Елтай ақсақалға Қазақстанда шығарылған әмбебап шағын автобустың кілтін табыс етті.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі. Мұндай әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ. Бүгін бір ғана отбасы жеңімпаз атанбайды, 16 аймақтан келген отбасылар – еліміздің ең мақтаулы, үлгі тұтарлық отбасылары» деген Елбасымыз жеңімпаздардың бәріне бірдей отандық өндірістен шыққан автокөлік сыйлады.

Жиында Президент еліміздегі демографиялық ахуал туралы айта кетті. «Тәуелсіздік алған 23 жылда 6 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Кеңес одағы күйреп, халіміз мүшкіл болған жағдайда халқымыздың саны 14 миллионға дейін төмендеп кеткенін білесіздер. Қазір халық саны 17 миллионнан асты. Өткен 1 жылдың ішінде 254 мың адамға көбейдік. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл тұтас Қостанай қаласының халқы болып саналады. Статистика бойынша елімізде әрбір 90 секунд сайын іңгәлаған сәби дүние есігін ашады.

Соңғы жиырма жыл ішінде елімізде 1000 білім ордасы, 800 денсаулық сақтау нысаны салынды. Бұрын-соңды Қазақстанда болмаған күрделі операциялар жасалатын болды. Соның нәтижесінде адамдардың орташа ғұмыр жасы 70 жасқа жетті. Әлем бойынша ең жас елміз. Ел тұрғындарының орташа жасы – 26 жас, ал АҚШ-та – 36, Еуропада – 41 жас. Бұл – дұрыс таңдау жасап, дұрыс бағытқа бет алғанымыздың айқын көрінісі» деді Мемлекет басшысы.

БЕДЕЛСӨЗ

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президентi:

Бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық – әрбір шаңырақтың шаттығы. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – отанның бірлігі. Ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы.

Біз әкені асқар тауға балаған, «жұмақ – ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған, «бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған, біз жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана бізде ешқашан болмаған. Бұл – біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ қарекет. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау – әрбір адамның қасиетті борышы.

Жыл бойы өткен байқауда іріктелген отбасылардың әрқайсысы әулетімен бір кәсіпке ден қойған. Астана қаласының атынан қатысқан Ахметовтер отбасы – теміржолшылар. Әулеттен 63 кісі теміржол саласында қызмет атқарған, көптеген марапаттауларға ие болған. Отағасы Кендай Ахметовтің өзі осы салада жүргеніне биыл 45 жыл болды. Газетіміздің биылғы №37 санында Ахметовтер отбасы жайлы көлемді мақала жариялаған едік. Бүгін, міне, үлгілі де үйелменді отбасы да темір тұлпарлардың бірін тізгіндеп отыр.

Сонымен қатар, конкурста мұнайшылар, мұғалімдер, спортшылар, дәрігерлер, өрт сөндірушілер, энергетиктер, экологтар отбасылары топ жарды. Және бұл байқауға Серік Сәпиевтей Олимпиада чемпионын тәрбиелеген Жұманғали Сәпиевтің отбасы да қатысты.

Республика көлемінде жеңімпаз болған Бимағанбетовтер – 8 ұл-қыз өсірген, олардан 33 немере мен оннан аса шөбере сүйіп отырған мәуелі шаңырақ. Әулет қариясы 83 жастағы Елтай Бимағанбетұлы – мәдениет саласының ардагері, Түркістан қаласының құрметті азаматы. Атап өткен жөн, Елтай ақсақал «Батаменен ел көгерер» атты республикалық баташылар байқауының да бас жүлдегері.

«83 жасқа келіп, Елбасының қолынан сый-сияпат алу – үлкен қуаныш. Біз Елбасымызбен мақтанамыз. Бұл байқауды өткізудің астарында Елбасының мақсаты, мүддесі – ұлттың санын, сапасын арттыру жатқаны анық. 1894 жылы Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінде «Әлхамдулиллә, 6 миллион қазақпыз» деп айтқан. 120 жыл өтті ұлтымыз әлі 18 миллионға жетпеді. Басымызға түскен түрлі зобалаң салдарынан 4 млн 650 мың адамнан айырылдық. Бізге көбею керек және ұрпақ сапалы болу үшін балаға дұрыс тәрбие беру қажет» дейді Елтай Бимағанбетұлы.

 Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 12 =