«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Мен халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын қалаймын

0 314

Кеше Астанада Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтті. Партияның 20 жылдық мерейтойына арналған съезде халықтың әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік қолдау білдіруді нығайтуға арналған бірқатар тапсырма берілді. Ол үшін республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінетін болды.

 

Жиырма жылдағы жетістік

«Нұр Отан» партиясының құрылғанына – 20 жыл. Президент өз сөзінде бұл уақыттың тарих өлшемімен қарағанда тұтас дәуірге пара-пар уақыт екенін айтты. «Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды» дей келе, Президент ең алдымен қол жеткен жетістіктерге тоқталды. Осы жылдар ішінде ел экономикасы айтарлықтай өсті. Сыртқы сауда айналымының көлемі 9 еседен артты. Қазақстанға шетелден 320 мил­лиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылды. Азаматтарымыздың кірісі 16 есе көбейді. 141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бүкіл елімізде әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерді. 1400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулато­рия­лар, 2865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды. Әрине, мұның бәрі бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі екенін айтуды ұмытпады.

Нені ескеруіміз керек?

Шынында, Президент атап өткендей, алға жылжуымыз үшін қазіргі әлемнің негізгі трендтерін ескеруіміз керек.
Өйткені мемлекеттердің бәсекелестігі нақты адамдардың бәсекелестігіне алып келеді. Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер әрбір адамның әл-ауқатының өсуі үшін батыл қадам болмақ. Съезде Елбасы тапсырмасы бойынша әзірленген партияның 2030 жылға дейінгі «Әл-ауқат қоғамы: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасының жобасы талқыланды. Алдағы 10 жыл еліміз үшін дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу – алға жылжуымыздың шешуші кезеңі. Осыған байланысты партия алдына нақты мақсаттар қоюға тиіс екенін мықтап ескертті. «Мен оларға егжей-тегжейлі тоқтамаймын, олардың барлығы бағдарламада көрсетілген. Біздің әрқайсымыз мықты және гүлденген Қазақстанның қалыптасуына өз үлесімізді қосатынына сенімдімін. Өз қызметімізде біз ұлттық идеямызды басшылыққа алуға тиіспіз» деді Елбасы. Яғни ұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті күшті экономика, зияткерлік өркендеген қоғам, әлем сыйлаған ел Қазақстанның табысты дамуының негізі болмақ.

Басты басымдық – әлеуметтік сала

Президент өз мәлімдемесінде ең алдымен мұқтаж жандарға көмектесу керек екенін еске салды. Осы мақсатта биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 45 пайыздан астамы жұмсалмақ. Ол үшін Ұлттық қордан азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта Үкімет осы мақсаттарға бөлінетін шығыстарды дұрыс басқаруы тиіс. Бөлінген барлық қаражат әрбір отбасыға және нақты адамға жеткенше бақылауда болатынын жеткізді.
– Менің тапсырмам бойынша партия бүгінгі таңда біздің азаматтарымызды ерекше толғандыратын проблемаларға талдау жүргізді. Олардың қатарында балалардың жәрдемақысын арттыру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және тағы басқа мәселелер бар. Партияның оларды шешудегі маңызды үлесі үш бағыт бойынша әлеуметтік саясатты іске асыру болады. Бұл дегеніміз – халықтың табысы аз топтарын қолдау және кірістерді арттыру, табысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту және өңірлерді кешенді дамыту, – деді Президент.

Көпбалалы отбасыларға 500 ­миллиард ­теңге бөлінеді

Сонымен қазақстандықтарды қуантқан ең басты жаңалықтарға тоқтала кетейік. Енді 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік саладағы жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға дейін арттыру көзделуде. Аудандық және облыстық деңгейде азаматтармен тікелей жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызметкерлері жалақысын орта есеппен 25 пайызға көтеру қажет. Осы мақсаттарға орай 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінетін болды. Сонымен қатар аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларға барынша назар аударылмақ. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету шаралары күшейтіледі. Елбасы келтірген дерекке сүйенсек, бүгінде елімізде 340 мыңға жуық отбасының 4 және одан да көп баласы бар. Жыл сайын көпбалалы отбасыларды қолдау­ға 500 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.
– Бұл отбасылар әртүрлі табыс деңгейіне ие. Сондықтан бірінші кезекте мемлекет табысы төмен көпбалалы отбасыларға ерекше қамқорлық пен назар аударуы тиіс. Қазіргі уақытта атаулы әлеу­меттік көмекті мемлекеттен 111 мыңнан астам отбасы (571,6 мың адам) алады. Үкіметке аз қамтылған отбасыларды, әсіресе көпбалалы отбасыларды қамтуды кеңейту үшін атаулы көмек көрсету критерийлерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70 пайызға дейін (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін, ПМ – 29698 теңгеге дейін) арттыруды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар балалы отбасының әр баласына 20789 теңге сомасында ең төменгі төлем белгілену керектігін тапсырды.

Жиынтық табыс есептеле ме?

Президент әлеуметтік көмекті тағайындаудың рәсімдері барынша оңай және белсенді форматқа ауыстырылуы тиіс екенін жеткізді. Мұндай отбасылардың жиынтық табысын есептеу кезінде көпбалалы отбасыларға және көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы, балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақы, стипен­диялар сияқты жекелеген жәрдем­ақыларды есептен алып тастау қажеттігі айтылды.
Жалпы, елімізде атаулы әлеу­меттік көмекпен биыл 830 мың­нан астам адам, оның ішінде 550 мыңға жуық бала қамтылған. Сон­дай-ақ мүгедек балаларды тәр­биелеп отырған ата-аналарға, қам­қоршыларға және отбасылар­ға (адамдарға) жәрдемақыны 30 пайызға арттыру тапсырылды. Бұл шараларды іске асыруға 2019-2021 жылдарға қосымша 300 мил­лиард теңгеден астам қаражат бөлінетін болды.
– Толық емес көпбалалы отбасылар үйде жұмыс істеу үшін жағдай жасау керек, ал көпбалалы отбасылар үшін ауылда гранттар мен шағын несиелердің жеке квотасын бөлу керек. Үкімет пен әкімдер бұл қызметті «Нұр Отан» партиясымен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп жүзеге асыруы тиіс. Әкімдер «Бақытты отбасы» партиялық жобасын ескере отырып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудің өңірлік бағдарламаларын қайта қарауы қажет. Ол Қазақстандағы отбасы институтын жүйелі қолдау­ға бағытталған, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұрғын үй салу тоқтамайды

Бағдарлама аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту жөніндегі жұмысты жандандыру қолға алынбақ. Өз сөзінде Елбасы Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтер салуды тапсырды. Бұл мақсатқа алдағы жеті жыл ішінде жыл сайын қосымша 50 мил­лиард теңге бөлу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ табысы төмен көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға қолжетімділікті арттыру қажет. Яғни азаматтардың осы санаты үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі» арқылы жылына 2-3 пайыз тұрғын үй заемдерін беру тетігін әзірлеу тапсырылды. Бұл мақсатта тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жыл сайын 50 мил­лиард теңге бөлетін болды.

Білімнің басты өлшемі – жұмысқа орналастыру

Білім берудегі реформалар нәтижелі болу керек. Президент әрбір өңірде кемінде 1 озық жоғары оқу орны мен 10 заманауи колледж жұмыс істеу керектігін алға тартты. Себебі оқу орындары тиімділігінің басты өлшемі – түлектерді жұмысқа орналастыру.
– Еліміздің әрбір тұрғыны білімді ғана емес, дені сау болуы керек. Тұратын жеріне қарамастан, сапалы денсаулық сақтау­ға қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Отандық медицина ең алдымен салауатты өмір салтының алдын алуға және ынталандыруға бағытталғаны абзал. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметіне және алғашқы медициналық-санитарлық көмекке арналған шығыстар денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 40-тан 60 пайызына дейін ұлғайтылуы тиіс. Бұл – әлемнің барлық дамыған елдерінің тәжірибесі, – дей келе, денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Мұның нәтижесінде жылына шамамен 100 мың пациентті қамти отырып, 7 өңірде стационарлық медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі артатын болады.

Өңірлік саясат өзгеше бағытта дамиды

Президент өңірдегі инфрақұрылымды жақсартуға 120 млрд теңге бөлінетінін айтты. Оған қосымша 140 млрд теңге газдандыруға бөлінетін болды. Сонымен қатар аймақ басшыларына болашағы бар ауылдарды іріктеуді тапсырды. «Аймақтағы көлік инфрақұрылымындағы нысандарды, әуежайларды, вокзалдарды жақсарту керек. Мен Мехикодағы қала шетін әлі ұмыта алмаймын. Адамдар ол жақтан жұмыс іздесе, тұратын жер таппайды. Ірі қалалар – Астана, Алматы және Шымкент шетіндегі проблемаларды шешу үшін 2019-2021 жылдарға қосымша 90 миллиард теңге бөлінетін болады» деді. Осы ретте Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын құруды тапсырды.

Бағдарламалар орындалса, жағдай жақсарады

– Біздің елімізде барлық бағдарлама бар. Индустриялық, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау бағдарламалары. Қаржы бөлінген. Сол бағдарламалардың барлығы орындалса, халықтың жағдайы түзеледі, – деген Елбасы Үкіметтің ең басты жұмысы бюджетті бақылап, әрбір теңгенің қайда жұмсалып жатқанын қадағалау, аурухана мен мектептер салып, жол жөндеуден басқа басты жұмысы болмауы керек дейді. Сонымен қатар қоғамды дендеген жемқорлық мәселесіне де назар аударды. Әсіресе, жастар арасында жемқорлықты жоюға көңіл бөлу керек. Президент жиын соңында «Нұр Отан» мүшелерінің бәрі нағыз ұлтжанды, сан қуаламай, сапаға көшуді, халықтың шын жағдайымен танысып, шешімдер ұсынуды, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына бауырымыз бүтін, аман-­есен, мол табыспен жетуімізге тілектестігін білдірді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды