Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ МӘҢГІЛІК БІРЛІГІМІЗДІ НЫFАЙТА ТYСЕДІ

0 119

Кеше Тәуелсіздік сарайы­нда ҚР Президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Қазақстан – 2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбында Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясы өтті.

Жиынды ашқан Елбасы барша жұртшылықты Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясының ашылуымен құттықтады.

– Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса – ер болар, бірлікті болса – ел болар» деген сөзі бар. Бүгінгі сессияның өзегіне айналған бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті – біздің бірлікшіл ел екеніміздің кепілі. Мәдениет –  тіршіліктің тірегі. Ортақ игіліктің ұлықталып, ұлы істерге ұйымдастырудың бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісімнің тамыры – мәдениетте, – деп атап өтті Елбасы.

Президенттің айтуынша, ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық. Татулық пен тыныштық арқылы экономика өсіп, халықтың әл-ауқаты күшейеді, бейбітшілік орнайды. Осындай келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз.

Елбасы қазақ зиялылары мен рухани жетекшілерді ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырды. Бұл әуелі дінге қатысты. Қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмағанын еске салған Мемлекет басшысы халқымыздың рухани болмысы әрдайым гуманизммен, ішкі тұтастығымен ерекшеленгенін жеткізді. Сондықтан ата-бабадан мирас болып қалған ұлы қасиеттен айыруға бүгінгі діннің еш қақысы жоқ. Қайта рухани жетекшілер, басқалар да өскелең ұрпақты жат пиғылдың жетегіне еріп кетуден сақтандырып, дұрыс жолға салуға тиіс.

Татулық пен бірлік жөнінде ой қозғаған Елбасы Украинадағы жағдайға да тоқтала кетті.

– Мыңдаған қазақстандықтар Украинада білім алды, менің де солардың бірі екенімді білесіздер. Мен онда металлург мамандығын меңгердім. Сондықтан да біз, қазақстандықтар, украин халқы үшін алаңдаймыз және украин қоғамында тезірек тұрақтылық пен бейбітшілік орнасын деген ағайындық үмітімізді білдіреміз, – дей келе Елбасы Украинадағы жағдай қазақстандықтарға сабақ болу керектігін айтты. Кез келген елге керегі – бірлік пен тыныштық. Мемлекеттің басты табысы да осында. Сондықтан еліміздегі бейбітшілік пен келісімге қол сұғушылыққа, алалаудың кез келген түріне жол берілмейді және мұндай әрекеттер заң бойынша жазаланады. Осы орайда Елбасы тілдер туралы алғашқы заңымыздың қабылданғанына биыл 25 жыл толғанын айта келіп, барша азаматтардың болашақта мемлекеттік тілді меңгеруі бірлігімізді нығайта түсетінін ерекше атап көрсетті. «Барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі бізді біріктіреді, баршамызды тең етеді. Өзінің ана тілін, сонымен қоса мемлекеттік тілді меңгерген жастар келешекте жақындық пен теңдіктің тетігіне айналады. Болашақта басқа елдердегі секілді, Үкіметтің, мемлекеттің басшылығына азаматтар ұлтына, тіліне қарамастан тағайындалатын болады, алайда олардың барлығы мемлекеттік тілді білуге тиіс»  деді Елбасы.

Жиырма бірінші ғасыр бес айнымас ақиқатқа үндейтінін айтып, сөзін әрі қарай жалғастырған Мемлекет басшысы оның біріншісі тұрақты экономика екендігін жеткізді. Екіншісі –  мемлекетіміздің тәуелсіздігі. Үшіншісі – этносаралық қатынастар, азаматтық теңдік  мәселелері,  тіл саясаты.Төртінші ақиқат – интеграция. Интеграцияның ел тәуелсіздігіне еш қауіп төндірмейтініне екпін түсірген Президент қайта оның тәуелсіздігімізді нығайтып, бәсекелестік қабілетімізді шыңдай түсетінін атады. «Бесіншіден, әлем үлкен өзгерістер жолағына қадам басты. Халықаралық қарым-қатынастар дағдарысты бастан кешіруде. Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырған интеграцияға қарсы болу заманауи үрдіс пен дамуға қарсы болу болып табылады. Ең дамыған елдердің өзі бүгінде интеграцияға көшуде. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр» деді Елбасы. Сондықтан  етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңында қалдырады.

Алқалы жиында белгілі болғанындай, 2015 жыл –  Қазақстан халқы ассамблеясының жылы болып жарияланды. Осыған байланысты жаңа міндеттер белгіленді. Атап айтқанда, Үкімет ассамблеямен бірлесе отырып, ҚХА жылын және Конституцияның жиырма жылдығы мерейтойын өткізу бойынша ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек. Ал келесі жылы Қазақстан халқы форумы ұйымдастырылатын болады. Онда достық пен келісімді нығайту бағытындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылмақ.

Сондай-ақ, Елбасы ҚХА хатшылығына бірқатар облыстарда Достық үйлерін салуға қатысты мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Бүгінде Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан өзгесінде Достық үйлері бар. Енді аталған облыс­тарда салынып жатқан Достық үйі құрылысының аяқталуын қадағалауға алуды тапсырды.

Ассамблеяның өңірлік деңгейдегі құрылымдарын күшейту де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Барлық облыстар мен қалалардағы, Астана мен Алматыдағы кіші ассамблеяларды дамыту тұжырымдамасын қабылдау керек.

Алда келе жатқан Жеңіс күні де Елбасы назарынан тыс қалған жоқ. Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясында Мемлекет басшысы Астанада әйгілі генерал Панфиловке ескерткіш орнатуды тапсырды.

– 9 мамыр – барлығымыз үшін қастерлі күн. Астана әкіміне әйгілі генерал Иван Панфиловке ескерткіш орнату және елорданың жаңа көшелерінің біріне есімін беру туралы мәселені пысықтауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сессия соңында Елбасы Сочи қаласында өткен ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенге «Құрмет» орденін табыс етті. Жиынның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Сессия жұмысына еліміздің барлық өңірінен 406 делегат, соның ішінде ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары және Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

 

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =