«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұрсұлтан Назарбаев: Ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз

0 254

Кеше «Нұр әлем» сферасында өткен форумға қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев Жастар жылының басталғанын ресми жариялады. Президент босқосудың алдында жастардың киімдер, спортшыларға арналған тағамдар өндірісі мен интерактивті қызмет көрсету платформаларын құру жөніндегі бірқатар жобаларымен танысып, Үкіметке бұл бастамаларды жүзеге асыруды және ілгерілетуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.

«Баршаңызды Жастар жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Сондықтан менің Жарлығыммен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын білесіздер.
Біз бабаларымыз аңсаған Тәуел­сіздікке қол жеткізіп, Ұлы Дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық. Есілдің жағасында еңселі елордамыз – Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі егемен еліміздің болашағы – сіздер үшін жасалып отыр» деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумның ашылуында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды Жастар жылының ашылуымен құттықтап, бұл шараның келешек ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қолжетімді баспана

Мемлекет басшысы: «Біз Жастар жылын жай ғана жария­лаған жоқпыз. Біз жас қазақ­­стандықтардың зәру қажет­ті­ліктерін қамтамасыз етуге ба­­ғытталған қарапайым, түсі­нікті қолдау әдістерін жасап, оны іске асырғымыз келеді. Бұл дегеніміз – жастардың барлығына дерлік қолжетімді, сапалы білім беру, кейін сол білім алып шыққан жастардың тұрақты жұмысының және баспанасы­ның болуы, отбасын құруға мүм­кіндігінің болуы. Жастар мен мемлекет осы төрт маңызды нәрсеге ерекше көңіл бөлуі керек» деп түсіндірді.
Ал негізгі төрт нәрсені жасау үшін, Үкімет пен Президент әкімшілігіне нақтылап тапсырма берді. Біріншіден, тұрғындарының саны 1 млн-нан асатын қалаларда тұратын жастардың баспана алу мәселесін шешудің жолдарын көрсетті. Президент білім беру, ғылым, өнер мен мәдениет үлкен қалаларда дамитынын, бұл үрдіс бүкіл әлемге тән екендігін атап өтті. «Біз де осыған ұмтылып келеміз. Қазір Алматы, Астана, Шымкент қалаларының миллионнан астам тұрғындары бар. Кезекте тағы екі қала тұр. Олардың да халқының санын миллионға жеткіземіз. Осы аталған үш үлкен қа­лаларда жұмысы бар жастарға арнап жыл сайын кем дегенде 1 мың пәтер салып береміз. Бұл пәтерлер жалға беру санатына жатады» деді Елбасы жастарды қолдауды нақты іспен мысалға келтіріп. Баспана мәселесін шешуге өзінің «7-20-25» әлеуметтік бастамасы да айтарлықтай үлес қосатынын тілге тиек етті. Президент бірақ бұл бағдарламаға тұрақты табысы бар азаматтардың қатыса алатынын ескертті.

Жайлы тұрмыстың негізгі көзі – жұмыс

Президент ірі қалалардағы жас отбасылардың тұрғын үй проблемаларының өзектілігін атап өтіп, бұл мәселені шешу үшін тұрақты кіріс болу керектігін, сондай-ақ, адамның жақсы тұрмысының негізгі көзі – жұмыс екенін айтты. «Өткен жылы Қазақстанда орта мектепті 125 мыңнан астам жас түлек бітіріп шықты. Келешекте еңбек нарығына шығатын жастардың саны арта түспек. Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық адам немесе жастардың 9 пайызы оқуға және еңбекке тартылмаған. Бұл санатқа жататын жастардың санын азайтуға септігін тигізетін тиімді шаралар қабылдау қажет» деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздегі жастар саясатындағы негізгі мәселенің бірі – жұмыспен қамтамасыз етуге екпін түсіріп сөйледі. Статистикалық мәлімет бойынша, қазіргі таңда әлемде 18-30 жас аралығындағы 300 млн-ға жуық жастардың тұрақты жұмыс орны жоқ немесе жұмыссыз. Соған қарамастан, ғалымдардың бол­жауынша, 2050 жылы бүгінгі мамандықтардың жартысына жуығын жасанды зерде ауыс­тырады. «Атап айтар болсақ, бұл сатушылар, жүргізушілер, колл-орталық қызметкерлері, заңгерлер, экономистер. Ал ақыл интеллектісі бар сұранысқа ие мамандықтар бұрынғыша қалады. Олардың қатарына – ғалымдарды, топ-менеджерлерді, мәдениет қайраткерлерін, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарды, жоғары санатты дәрігерлерді жатқызуға болады» деп мысал келтірді. Елбасы Жастар жылы форумының кіреберісіндегі көрмеден «naimi.kz» қосымшасының жобасын көргенін айтты. «Мен әркез жұмыс таба алмай пұшайман болып, ақыр соңында өте ауыр және лас жұмыстарға орналасатын жастарды ойлаймын. Ондай жұмыс жастарды жеңіл жолға түсуге мәжбүр етеді. Мен бұған үлкен аяныш сезімімен қараймын. Іздеген адамға әрқашан жұмыс табылады, тіпті бала күтуші немесе аспаз болып та жұмыс істеуге болады. Бірақ өзіңді, ар-намысыңды сатып табыс таппағаның жөн» деді Президент жастарға ақыл-кеңесін беріп.
Оқуға және еңбекке тартылмаған жастарға еңбекқорлық рухын қалыптастыруға мемлекеттің ерекше мән беріп отыр­ғанын қадап айтты. «Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Біздің жастарымыздың бойында мұндай қасиеттер бар. Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды. Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн. Соңғы екі жылда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасы бойынша ауылдар мен шағын қалалардың 43 мың тұрғынын оқытып шығарды. Нәтижесінде 11 мыңнан астам бизнес жобалар іске қосылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды» деді Н. Назарбаев. Осы мақсатта Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлерге бөлінетін грант мөлшерін екі есеге арттыруды тапсырды. Жалпы алғанда, есеп бойынша 3 жылда 300 мыңға жуық жастар бизнестің қыр-сырын меңгеріп шықпақ. Кем дегенде 80 мың адам немесе олардың төрттен бірі өз кәсібін бастап, ел экономикасына үлес қосады.
Елбасы урбандалу үдерісінің қарқындылығына қарамастан, ауыл жастарының үлесі 43 па­йызға тең екенін мысалға келтірді. Алайда 2018 жылдың 11 айында ауылдан қалаға көшкен жастардың саны 222 мыңнан асыпты. Ауылға мемлекеттік бағдарламамен баратын жастарды қолдау одан әрі жалғасады. Президент «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында әкімдерге инфра­құрылымды дамытып, жергілікті жердегі кадрлық әлеуетті кү­шейтуге күш салуға шақырды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтар тізімін кеңейтіп, көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін өсіруге пәрмен берді. Сонымен қатар тағы бір жаңалық – волонтерлық қыз­метпен айналысатын студенттердің шәкіртақысы
30 пайызға көбейетін болды.

«Жаңа интеллектуалды держава»

Нұрсұлтан Назарбаев техникалық және кәсіби білім беру жүйесін сапалы дамытудың негізгі басымдықтарына арнайы тоқталды. «100/200» қағидаты негізінде «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу қажет. Үш жыл ішінде бұл жоба еліміздің барлық өңірі бойынша 200 мыңға жуық жас азаматты қамтитын болады. Осы жоба аясында жаң­ғыртылған 200 оқу орнының базасында сұранысқа ие 100 индус­триялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадрлар даярлау іске асырылады» деді Қазақстан Президенті.
Бұл жұмысқа еліміздегі барлық жүйе құраушы кәсіпорындар мен өңірлердегі ірі бизнес қатысады. Аталған білім беру мекемелерінде инновациялық жобаларды қолдайтын стартап-­орталықтар ашылады. Соның нәтижесінде үш жыл ішінде 200 мың маман жаңа стандарттар бойынша дайындықтан өтіп, 15 мыңнан аса оқытушы біліктілігін арттырады. «Жас маман» бағдарламасына ел бюджетінен үш жылға 60 млрд теңге бөлінеді.

Жастар туризміне көңіл бөлінеді

Президент қазір дүние жүзінде жастар туризмін дамытудың өзектілігіне тоқталды. Себебі бұл сала қыз-жігіттердің өз еліне деген патриоттық сезімін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. «Әлемдік ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесі – 10 процент. Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халық­аралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді» деп мәлімдеді
Н.Назарбаев. Ол Қазақстанда эко­логиялық, спорт-сауықтыру
және экстремалды туризм орталықтары болуға лайықты жерлердің көптігіне назар аударды. Аталған бағыттарды дамыту үшін тиісті инфрақұрылымды жетілдіріп, жастардың туристік клубтарын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орындарында волонтерлердің арнайы курстарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Әкелер институтын дамыту керек

Елбасы жастарды отбасын құруға дайындау, отбасы инс­титутын дамыту, жастардың өз денсаулығын нығайту сияқты өзекті мәселелерді де назарынан тыс қалдырған жоқ. Әсіресе, жастарды отбасылық өмірге дайындаулы жоғары сыныптардан бастау керектігін айтты. Президент аналар институтымен қатар әкелер институтын да қолдауға шақырды. «Әрбір боз­баланың бойында болашақта өзінің отбасын асырайтын адал адамның қасиеттерін қалыптастыру аса маңызды. Отбасылардың бұзылуына мемлекет ерекше алаңдаушылық танытады. Ғалымдар, қоғам қайраткерлері, БАҚ осы мәселеге терең үңілуі тиіс» деді Елбасы. Форумның соңында Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсыр­ды. Бұл жас қазақстандықтарды қолжетімді әрі сапалы білім, жұмыс, тұрғын үй және отбасын құру жөніндегі маңызды қажеттіліктермен қамтамасыз етуді көздейтін нақты қолдау шараларын қамтуға тиіс.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды