НҰРСҰЛТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛУЫ МҮМКІН ЕДІ

0 116

Лев ЕЖЕВСКИЙ, Украина және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы

Елбасымыздың өмір жолына үңілсек, өткен ғасырдың 50-інші жылдар соңында  Днепродзержинск қаласында өткізген екі жылы ерекше із қалдырғаны байқалады. Осы қаладағы №8 техникалық училищеде металлург мамандығын игерген Нұрсұлтан Назарбаев білім мен біліктілігін ғана шыңдап қоймай, спортта да айтарлықтай табысқа жеткенін білеміз. Біз бүгін Елбасының бозкілемде белдес-кен балуандық  қабілет-қарымы жайында әңгімелемекпіз. Ал  әңгімеге тартқан кейіпкеріміз Президенттің бірінші бапкері Лев Ежевский болды.

– Ассалаумағалейкум, Лев Рудольфович! Қош көрдік, Астанаға қандай мақсатпен келіп қалдыңыз?
– Құрметті қонақ болып келдім. «Қазақстан барысы» чемпионатын ұйымдастырушылар шақыру жіберіпті. Көрдім, керемет күрес болды. Жалпы, «қазақ – балуан халық» деген сөздің жаны бар. Ал, енді мынау қазақ күресі нағыз ұлттық колоритті білдіретін, жанкүйердің қанын қыздырып жіберетін спорттың өзі ғой. Соған көз жеткіздім. Аңдағаным, ұлттық спортты осылайша дамыту керек.

– Ендігі әңгімені сіздің жастық шағыңызға қарай бұрып, Елбасымызды балуандыққа баулыған кезеңді еске түсіріп жалғастырсақ…
– Мен Киевтің дене тәрбиесі инс-титутын бітіргеннен кейін Днепродзержинск қаласындағы металлургия зауытының спорт клубына жаттықтырушы болып жұмысқа кірістім. 1958 жылы осындағы техникалық училищеге Қазақстан үкіметінің жолдамасымен бір топ жастар оқуға келген. Бір күні жаттығу жүргізіп жатқанымда залға денесі тығыршықтай бір жап-жас жігіт кіріп келді. Көп кідірмей-ақ маған жақындады да «Маған осында күреспен айналысуға бола ма?» деп сұрады. Мен аты-жөнін сұрап едім «Атым – Нұрсұлтан, фамилиям – Назарбаев, Қазақстаннан келдім. Осындағы техникалық училищеде оқимын» деп тақ-тұқ жауап берді. «Бұрын күреспен айналыстың ба?» деп едім, «Әкемнің үйде үйреткені болмаса, кәсіби тұрғыда шұғылданған жоқпын» деді. Содан мен жаттығу жасап жүргендердің арасынан Николай Литошконы шақырып алып: «Коля, мына жігіт күреспен айналысқысы келеді екен, байқап көрші» деп белдестіріп жіберген едім. Қалай болғанын өзім де аңдамай қалдым, әп-сәтте Нұрсұлтан менің Литошкомды шалып жықты. Шалқасынан түсірді. Зал іші сілтідей тынды. Литошко қызарақтап, ызаға булығып тұр. Мен содан Нұрсұлтанды арқасынан қағып: «Жарайсың, сынақтан өттің, енді саған есік ашық» дегенім есімде.

– Сол кезеңнен бері қанша уақыт өтті десеңізші! Егер Нұрсұлтан Назарбаев күреспен айналысуды кәсіби тұрғыдан жалғастыра бергенде қандай дәрежеге жетер еді деп ойлайсыз?
– Біріншіден мынаны айтқым келеді: «Қабілетті адам қай істе болса да қарымды болады». Осы сөзді Нұрсұлтанға қаратып айтар едім. Оны алғаш көргенімде бұрын спортпен айналысқан екен деп ойлаған едім. Бұлшық еттері бұлт-бұлт етіп, дене бітімінің тығыршықтай болғаны, жанарынан от көрінуі оның табиғатынан күшті, талантты екенін білдіріп тұрды.
Ол ең бірінші жарысқа қатысқанда «Мен қашан шығамын, мен қашан шығамын…» деп өзін-өзі қайрап, өзін-өзі жеңіске жігерлендіріп жүрді. Сондай өзіне сенімді болды. Міне, осындай жеңіске деген құштарлықтың нәтижесі болар, Нұрсұлтан алғашқы белдесуін тамаша өткізіп, жеңімпаз атанды. Бұл жеңіс оны өте шабыттандырып жіберді десем болады. Содан кейінгі жарыстарда да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе білді. Ол күрестің екі түрін қатар меңгерді. Классикалық және еркін күресте белдесе беретін. Екі жылдың ішінде Украинаның спорт шебері атағын иеленді. Жалпы, Назарбаевтың мінезінен алған бетінен қайтпайтын қайсарлық, ерінбейтін еңбекқорлық, көшбасшылық қасиет көрініп тұратын. Мен сол кезде-ақ оның қабілет-қарымына қарап, келешекте өте танымал тұлға-қайраткер болады деп ойлайтынмын.
Ал, енді сіздің нақты сұрағыңызға жауап берсем… Нұрсұлтан Назарбаев егер шынымен де тағдырын кәсіби спортқа бұрып, күреспен түбегейлі айналысқанда үлкен жетістіктерге жетер еді. Кем дегенде әлем чемпионы болуы мүмкін еді деп ойлаймын. Олай дейтінім, ол шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, нағыз күрескер еді. Кілемде де, оның сыртында да көштің басында болуға ұмтылатын. Өйткені, оның бойында жеңімпаз рухы бар.

– Баптаған шәкіртіңіз Президент болғанын естігенде қандай сезімде болдыңыз?
– Қандай сезімде болуым мүмкін?! Әрине, қуандым. Бір күні сол баяғы Нұрсұлтанмен күресетін Николай Литошко жүгіріп келіп «сүйінші» сұрайды. «Керемет жаңалық» деп қояды. Содан ол «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің Төрағасы болды. Ура!» деп мені құшақтап алды. Сөйтіп біз осы «керемет жаңалықты» атап өтіп, өзімізше бір кішігірім мейрам жасадық. Ал Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанда тіптен қуандық. Мен жоғарыда бір сөзімде айтып кеттім ғой, Нұрсұлтан Назарбаев нағыз көшбасшы деп. Ол табиғатынан солай жаратылған. Жан-жақты дарынды адам.

– Президент пен бапкердің кездесуі қалай болды?
– Шынымды айтсам, Нұрсұлтан Назарбаевты оқу бітіргеннен кейін ұзақ жылдар көрген жоқпын. Бірақ оның мемлекеттік қайраткер, әлемдік масштабтағы саясаткер ретіндегі өмір жолын біліп жүрдім. Ал енді кездесу жайында айтсам, 1994 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Украинаға жасаған сапары барысында Днепродзержинск қаласындағы өзі оқыған училищеге арнайы келді. Училище ұжымы бұл кездесуге өте мұқият дайындалды. Мәртебелі қонақты үлкен залда күтіп тұрдық. Сол жолы Нұрсұлтан Назарбаев мені бірден тани қоймады. Досы болып кеткен Николай Литошко «Нұрсұлтан Әбішұлы, танымай қалдыңыз ба, бұл біздің бапкеріміз Лев Рудольфович» дегенде барып есіне түстім. Сол кезде барып ақжарқын күлкісіне салып, мені құшақтай алды да, амандық-саулығымды сұрай жөнелді… Балуан-шәкіртімді Президент болғанда осылайша жолықтырдым. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолы мені Қазақстанға қонаққа шақырды. Мен болсам, 1996 жылы Алматыға келдім. Айтып жеткізуім қиын. Құрметтеп күтті. Керемет риза болдым. Содан бері Қазақстанға жиі келіп тұратын болдым. Жарыстарға шақырады. Осы жолы да жарысқа құрметті қонақ ретінде шақырылып келген едім, енді сәті түсіп тұрған соң Нұрсұлтан Әбішұлының туған күнімен құттықтамай қалай кетемін. Менің келгенімді білген Нұрекең қонақасына шақырып та қойды.

– Елбасымыздың туған күнімен тұспа-тұс келетін Астана күні қарсаңыңда елордалықтарға айтар тілегіңіз бар ма?
– Біріншіден, бұл қаланың салынуының өзі осы заманның ерлігі деп санаймын. Астана әлемдегі әдемі қаланың біріне айналып келеді. Бүгінгі таңда Астананы бүкіл әлем таниды. Бұл шын мәнінде ХХІ ғасырдың қаласы, болашақтың қаласы болмақ. Барлық қазақстандықтарды, барлық астаналықтарды, осы қаланың авторы Нұрсұлтан Әбішұлын да Астана күнімен құттықтаймын. Қазақ елінің береке-бірлігі арта беруіне тілектеспін.

– Ақ тілекті әңгімеңіз үшін рахмет!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =