«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұрлы әлем нақыштары

0 444

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Астананың 20 жылдығына арналған «Менің нұрлы әлемім» атты көрме өтті.

Көрмеге бас қаладағы Оқушылар сарайындағы бейнелеу өнері орталығының оқытушылары мен оқушыларының 100-ден астам жұмыс­тары қойылды. Оның көбі 6 мен 17 жас аралығындағы жеткіншектердің еңбектері саналады. Дарынды балалардың қолынан шыққан картиналардағы тұнық судай тазалық пен мөлдірлік көрген адамды жіпсіз байлап алады. Оған қайта-қайта қарай бергіңіз келеді. Көрмеге қойылған жұмыстардың бәрі рет-ретімен орналастырылған. Мәселен, «Қазақстанның табиғаты» деген бөлімде оқушылар қылқаламның құдіретімен туған жеріміздің ғажайып келбетін бедерлесе, «Халықтың аңыз-әңгімелері» бөлімінде баяғыда әжеміз айтатын ертегі кейіпкерлерінің бейнесін келісті көркемдеген. Ал «Астана – болашақ қаласы» бөлімінен бас шаһардың көкпен таласқан биік ғимараттарының әсем бейнелерінің сіз байқамаған қырларын көресіз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, оқушылардың эстетикалық талғамын дамытуды көздеген. Біздің ойымызша, бұл мақсат орындалған секілді. Өйткені шараны тамашалауға келген жастар әрбір туындыға ұзақ кідіріп, қызықтап қарап жүрді.
«Бір сөзбен айтқанда, маған көрме қатты ұнады. Алған әсерімді жеткізе алмаймын. Осы картиналарды балалар салды дегенге таңғалып тұрмын. Олардың жұмыстары кәсіби суретшілерден бірде кем емес. Менің балам да сурет салады. Енді соны оқушылар сарайындағы суретшілер үйірмесіне апарсам деп отырмын. Біріншіден, талапты жеткіншектерді осындай дәрежеге жеткізген ұстаздарға алғысымды айтамын» дейді Айгүл Арыс­танқызы.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды