Нұрлан Қыдырбаев: «Аntikor ortalygy» – құқықтық сауаттылықты арттыратын алаң

0 75

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттегені белгілі. Қазіргі таңда «Адалдық алаңы» жоба кеңселері республика бойынша жүргізілуде. Біз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысы ҚЫДЫРБАЕВ Нұрлан Сұлтанұлымен сұхбаттасып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бағыты, жыл нәтижесі туралы сұраған едік.– Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, жолын кесу міндеттерін іске асыру мақсатында құрылған департаменттің атқарған негізгі жұмыстарын атап өтсеңіз.
– Департаменттің басты міндеті – жүгінушілердің әрқайсысын тыңдау және мәселе құзыретіне кірмейтін жағдайда да көмектесуге тырысу. Бұрын жеке қабылдау ай сайын өткізілсе, қазіргі таңда мен және менің орынбасарларым күн сайын жүзеге асырады. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақ­сатында қаламыздағы белгілі адвокаттар мен барлық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып кеңес беретін «Халық заңгері» акциясы өткізіліп тұрады. Департамент тарапынан 2019 жылы құқық қорғау органдарына қатысты 17 іс тіркелді. 13 іс сотқа жіберіліп, 1 іс, сот органдары қызметкерлеріне қатысты 2 іс қысқартылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 200-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс­тарды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою бойынша мемлекеттік органдардың жеке құрамымен кездесуі тұрақты негізде жүргізіледі. 2019 жылы осы мақсатта
68 кездесу өткіздік. Қызметкерлеріміз заңнама нормаларымен қатар адалдық, әділдік, парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру бойынша өткен жылы бір жарым мыңнан астам іс-шара өткізді.
– Жуырда цирк ғимаратында өткен «Адалдық алаңы» жобасының іс-шарасына қатыс­тық, осындай халықпен кездесуден кейін сіздерге хабарласып, жемқорлық фактісі бойынша көмек сұрайтындар бола ма?
– Елордамызда тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Астана – адалдық алаңы» атты «бірегей» жоба қар­қынды қызмет атқаруда. Жоба – қарапайым халық тарапынан кең қолдауға ие. Агенттік жанынан республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылды. Қалалық штабтың құрамында елімізге белгілі тұлғалар, мәслихат депутаттары, ғалымдар, еңбек сіңірген қайраткерлер елордамызда белсенді жұмыстар атқаруда. Агенттікте 1424 Call-орталығы тәулік бойына жұмыс істейді. Жемқорлық фактісі бойынша Call-орталық арқылы 76 өтініш түсті. Оның 5-еуі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелсе, 2 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Екі іс бойынша сот үкімі шықты. Айта кету қажет, хабарласқан екі азамат 70 АЕК көлемінде ақшалай сыйға ие болды. Қоғамдық пікірді назарға алу, сонымен қатар туындаған мәселелерді дер кезінде шешу мақсатында күн сайын азаматтарды жеке қабылдау өткіземін. Сонымен қатар Faceвook әлеуметтік желісінде өтініш қалдырған азаматтардың арыз-тілегін барынша назарда ұстауға тырысамын.
– Олардың қаншасы тиісті көмек ала алды? Осы жобаның нәтижелері мен алдағы жоспары туралы айтсаңыз.
– 2019 жылы 340 жеке қабылдау өткіздік. Азаматтар білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау, жол сапасы, теміржол саласына қатысты әртүрлі мәселелермен көмекке жүгінді. Шағын және орта бизнес саласында әкімшілік кедергілерге тап болып, құқығын қорғау мақсатында департаменттің көмегіне жүгінген азаматтар аз емес. Мәселен, қалада өткізілетін ауыл шаруашылық жәрмеңкесінен орын алу үшін кәсіпкер М.Медресовадан заңсыз төлем талап етіп, тиісті құжаттарға қол қоймау фактілері анықталды. Кәсіпкердің өтініші дер кезінде қарастырылып, заңды құқықтары қорғалды. Жеке қабылдауымда болған кәсіпкер А.Шөжееваның шағымы бойынша шұғыл шаралар қабылданып, «Kazakһ torizm» Ұлттық компаниясы атқарған жұмысы үшін «Big Name» ЖШС-іне тиісті қаражатты аударып берді.
Өткен жылы желтоқсан айында қалалық департамент жаңа ғимаратқа ауысты. Ал азаматтар үшін «Аntikor ortalygy» сервистік орталығы ашылды. Орталықта азаматтарды қабылдау бөлмесі, «Астана – адалдық алаңы» жоба кеңсесінің кабинеті, баспасөз орталығы, кәсіпкерлерге арналған кабинет және балалар бұрышы орналастырылып, «Open Space» форматымен жабдықталды. Қаламыздың Сарыарқа ауданы әкімдігімен қатар Есіл ауданы әкімдігінде «Open space» форматында қызмет көрсететін фронт кеңсе ашылды. Әкімдікте түрлі қыз­меттер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі.
Қаламызда «Интерактивті қоғамдық бақылау картасы» (publicbudget.kz) интернет-­ресурсы жұмыс жасайды. Азаматтар осы сайт арқылы түрлі әлеуметтік нысандарды (жолдар, мектептер, ауруханалар және т.б.) салу, жөндеу және қызмет көрсету үшін қанша бюджет бөлінгенін көре алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда, сол картада пікір қалдырып қосымша фотоматериалдарды қоса жіберуге мүмкіндік бар. Жоба кеңсесінің қызметкерлері жедел түрде жауап беріп тиісті шаралар қабылдайды.
– Жалпы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты қанша құқық бұзушылық тіркелді?
– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2018 жылы – 158, 2019 жылы 85 қылмыстық іс тіркелді. Қоғамның дертіне айналған жемқорлық мәселесі – күн тәртібінде тұрған өзекті проблема. Осы орайда қызметімізге сенім білдіріп, «ортақ мәселені бірігіп шешеміз» деп кері байланыс орнатып жатқан азаматтар көп. Бүгінде тұрғындар тарапынан келіп жатқан толассыз хаттар мен қоңыраулар – осыған дәлел. Бұл біріншіден, Агенттік қызметіне берілген оң баға, екіншіден, әр қызметкерге жүктелген үлкен міндет.
– Қала бойынша жемқорлыққа ең бейім салаларды, мекемелерді атап бере аласыз ба? Оны сұрап отырғанымыз – бір жиында білім басқармасында және оның бағынысты ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп жатқанын айтып едіңіздер.
– Сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін бір колледж және бір мектеп директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында да білім саласында талдау жүргізілді. Нәтижесінде конкурстық рәсімдер, жұмысқа орналасу, мектептерде балаларды орынмен қамтамасыз ету барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екендігі және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғаларды лауазымға тағайындау фактілері анықталды. Мәселен, қала мектептерінің бірінде білім беру мекемесінің қызметкері қылмыс­тық жауапкершілікке тартылған. Есірткі құралдарын, психотроптық және оған ұқсас заттармен заңсыз жұмыс істегені үшін сотталған мектеп қыз­меткерлері де кездесті. Аталған фактілер жұмысқа қабылдау кезінде бақылау­дың жоқтығын көрсетеді. Осыған байланысты қала басшылығына жоба аясында жақын арада ведомствоаралық комиссия отырысында аталған мәселелерді қарас­тыру ұсынылды.
– Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жүйелі жұмыс­тар жүргізіліп жатыр, айталық, «бұрын сыбайлас жемқорлық тым көп еді, қазір азайып келеді» деп сараптама жасауға бола ма, әр жылдағы деңгейді сараптайтын арнайы мониторингтік зерттеу жүргізіле ме?
– 23 қаңтарда Transparency International халықаралық үкіметтік емес ұйымы 2019 жылғы «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» атты жыл сайынғы зерттеу нәтижесін жариялады. Қазақстан 100-ден 34 балл жинап, 180 елдің арасынан 113-орынды иеленді. Осылайша, былтырғы жылмен салыстыр­ғанда индексті 3 балға және 11 орынға жақсартты.
– Осы қаладағы мыңда­ған үлескерлердің ақшасын алып қашып кеткендерді табуға бола ма, тағы басқа ірі сомада қаражатты қалтасына басқандар туралы деректер келтіре аласыз ба?
– Департамент бюджеттік қаражаттарды ұрлау фактілері бойынша 6 тұлғаны іздеуде (К.Т.Султанбеков, Т.Н.Ардан, Д.С.Абдыхамитов, Т.А.Савицкая, В.О.Лайс, К.С.Баттаков). Қазіргі таңда оларды ұстауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Тиісті тапсырмалар мен құжаттар уәкілетті органдарға жіберілді.
– Қазір ақпараттың таралу жылдамдығы ұшқан құстан да жылдам секілді, еститініміз – күн сайын үлкен бір мекеменің басшысы не орынбасары парамен ұсталып жатады. Бұған басшылардың өз қарамағындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі бойынша бекітілген норма неге әсер етпей отыр?
– Өткен жылы болған заңнамадағы өзгерістерге байланысты енді пара алған қызметкер үшін басшысы да жауапқа тартылатын болады. Мемлекет басшысы жемқорлық бойынша қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері үшін бірінші басшылар отставкаға кететіні жөнінде заңнамаға өзгерістер енгізген болатын. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың басшылары сол мекемедегі жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізеді. Сондай-ақ мемлекеттік органда жемқорлыққа қарсы сараптама мен мониторинг жұмыстары арнайы мониторингтік топ мүшелері және мүдделі қоғам өкілдерінің қатысуымен өткізіледі. Кез келген басшы немесе қатардағы қызметкер болсын пара алғаны үшін қамауға алынғаны «көрсеткіш емес». «Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет» деген Мұхтар Әуезов. Ар-­намыс жоқ жерде адамшылық болмайды. Азаматтық қоғамды бірге қалыптастырғымыз келсе, оған еліміздің әр азаматы бір кісідей жұмыла атсалысуы керек. Біз осы талаптарды орындап жатыр­мыз деп зор сеніммен айта аламын.
– Департамент басшысы ғана емес осы елдің азаматы ретіндегі ойыңызды білсек, осы қоғамды жемқорлық дертінен сауықтыру үшін не істеуді, қандай әрекет жасауды ұсынар едіңіз?
– Атқарылған нәтижелі жұмыстар бүгінде көптің көңілінен шығуда. Нақты дәлел келтірсек: қай салада болмасын әкімшілік кедергілер айтарлықтай төмендеді. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың көріністері азайып, көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарды. Азаматтардың құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдени деңгейі көтеріліп, мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасында сындарлы диалог құрылуда. Замандастарыма, жалпы жас жеткіншектерге «Абай жолы», «Абайдың қара сөздері», «Қилы заман», «Көшпенділер», «Қан мен тер» туындыларын, сонымен қатар кешегі Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» шығармаларын оқуды ұсынамын. Себебі қазақ қай кезде де рухани бай болған. Қазақ қоғамының ежелден ұстанған темірдей тәртібі, әркезде шындыққа жақ болуды үгіттейтін рухты тәлімі осы шығармаларда айқын суреттелген. Алда да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы іс-шаралар жалғаса береді. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды барынша қолайлы әрі қауіпсіз ету – әрқайсысымыздың міндетіміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды