Нүркен ӨТЕУІЛОВ: ГАМЛЕТ — МЕНІ ТОЛҒАНДЫРҒАН ЕРЕК ОБРАЗ

0 151

Кейіпкеріміз – Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының белді әртісі. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері. Жуырда премьерасы өтіп, астаналық көрерменнің көз қуанышына айналған У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясында басты рөлді сомдаған актер.

– Гамлет – қазақ әртістерінің қолы жете бермейтін ерекше рөл. Соны сомдау сіздің маңдайыңызға бұйырыпты. Қандай да бір қиындық болды ма? Жалпы, Гамлет сізге не берді?

– Әрине, Гамлетті сомдау – үлкен жетістік, маңдайға бұйырған бақ қой! Рухани, сахналық тұрғыда. Бұл – өте қиын образ. Мәңгі бейнелердің бірі ғой. Ол көп еңбектенуге итермеледі. Мені ең алдымен мұның неге төрт жүз жыл бойы сахнадан түспей келе жатқаны таң қалдырады. Оның ішкі әлеміне үңілу, оны сахнада өз дәрежесінде көрсете білу, ашып жеткізу көп ізденуіме түрткі болды. Жалпы, әр рөлді сомдау кезінде өзіндік қиындықтар туындап жатады. Бірақ, мен өмірімде бірінші рет «осы рөлді алып шыға аламын ба» деп күмәндандым. Өзімнің мүмкіндігіме сыни тұрғыдан қарадым. Гамлетті оның тереңдігіне бойлай отырып, жалпыға жария ету – қай әртіс үшін де зор табыс дер едім. Бірақ жадымнан Оралхан Бөкейдің «актер деген күндіз-түні оқу мен оқуды талап ететін мамандық» деген сөзін шығармадым. Гамлеттің өзін-өзі талдауы, күліп тұрып, іштей егілуі, қынжылып тұрып, жақсы көре білуі – оңай ойналатын құбылыс емес. Көкірегінде лаулап жанған алапат алауды сөндіру қажет пе, әлде сол өрттің ішінде өзі де жанып кеткені дұрыс па? Гамлеттің айтары, адамзат тарихында күнбе-күн қайталанатын тартыс. Оның күйзелісі – бір күндік құлқынның қаупі емес, мәңгілік тарих беттерінде қалатын ізденіс. Неге біз өмірдің жетегінде кетеміз? Неге біз өзімізді өзіміз түземейміз деген. Мен түйсінген Гамлеттің іштегі жарасы – адамның өмірге деген алдамшы көзқарасынан жерінуі. «Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын» демеуші ме еді Абай атамыз. Сол қағидаға саяды Гамлеттің айтары да. Мені толғандырған ерек образ.

– «Гамлетті» көрермен төрт жүз жыл бұрынғы сауытта көреміз деп күткендей, алайда, біз бүгінгінің Гамлетін тамашаладық. Осы мәселеге көзқарасыңызды білдіре отырсаңыз?

– Гамлеттің қойылымы әр заманда жаңарып отырады. Тарихи тұрпатын келістіру шарт емес. Мәселе, төрт ғасырға созылған ішкі кереғарлық пен күйзелістің бетпердесін ашуда. Мүмкіндігі мол пьеса. Оның түнгі клубтарда көрсеткен киноварианттары да бар. Комедиялық жанрда да сахналанған. Неше түрлі нұсқасын көріп, екшедім. Әр заманда сан алуан аудиторияға лайықталып қойылған. Бұл оның ой керегесін кеңейте түспесе, тарылтпайды. Оның үстіне Гамлеттің әр сөзі – үлкен пәлсапа. Бос сөз мүлде жоқ. Айтатынның барлығы нақты, ықшам, дөп түсіп жатады.

Сондықтан да шығар, туындының осыншалық өміршең болып жүргені. Өзім солай ойлаймын.

– Театрда көңіліңіз толған рөлдеріңіз болды ма?

– Кей кезде актер ретінде спектакльде ойнап жатып, көңілің толмай қалатын сәттер кездеседі. Оны көрермен аса байқай қоймауы да мүмкін. Дегенмен, өзің іштей сол үшін үгітілесің. Бірақ, келер жолы сол қателікті түзетуге барымды салам. Абай бейнесін сомдадым. Бұл да – актерлардың армандайтын үлкен рөлдерінің бірі. Бұл – менің театр өнеріндегі жетістігім. Гамлет те – сондай ірі рөлдерімнің бірі.
Себебі, режиссер сенім артпаса, мұндай үлкен рөлдерді тапсырмайды. Сахна өнерінің саңлақ сыншысы Әшірбек Сығай ағамыз айтпақшы, «театр – ең сұлу өнер». Сол сұлу әлемнің бір кірпіші болып қаланудың өзі – білген жанға зор бақыт. Талантсыз еңбектің бояуы қанық болмайды. Ал, еңбексіз талант тоқырауға ұшырайтынын өмірде сан мысалмен дәлелдеуге болады. Айтайын дегенім, мені үздіксіз ізденіске жетелейтін осы екі ұғым. Еңбегімді еселеп, талантымды қайрап, жігерімді жани жүріп, сол сұлу өнердің мұзартына шығуға талпынам.

– Актерді өсіретін режиссер дейтін қалыптасқан қағида бар, кімдермен жұмыс істедіңіз?

– Бұл мәселеде менің бағым бар шығар. Алдыңғы буын ағалар – қазақ театрында ойып тұрып орын алған режиссерлар. Ол театрдың негізін қалаған – Жақып Омаров, одан кейін Қадыр Жетпісбаев, қазақ театрын кеңестік кезеңде жоғары деңгейге көтерген әйгілі Әзірбайжан Мәмбетов.
Бәрінен тәлім алдық, көп нәрсені үйрендік. Одан кейінгі –Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов, Әлімбек Оразбеков. Қазақ театр өнерінде, қазақ режиссурасында үшеуінің де өзіндік қолтаңбасы бар режиссерлар. Олармен бірге жұмыс жасау театрдағы әр актер үшін үлкен бақыт деп санауға болады. Театр деген – ұжымдық өнер. Шығармашылық құрам мықты болған соң, театрдың діңгегі де мықты болады. Басшымыз да – театр сыншысы. Театрдың  жемісті, жеңісті жолға түсірген, жол ашқан тұлға.

– Сізге театр жақын ба, әлде әншілік жақын ба? Екеуіне бірдей қалай үлгересіз?

– Екеуі де жақын. Өйткені, бәрі бір қазанда қайнап жатқан дүние ғой. Бір өзеннің қос сағасындай. Бір-бірімен кірігіп жатыр. Ең бастысы, өнерім өрге сүйреп келеді.

– Театрға алғаш келген Өтеуілов пен бүгінгі еңбек сіңірген қайраткер Өтеуіловтің айырмасы бар ма?

– Айырмасы бар. Тіпті, жер мен көктей дер едім. Астанаға алғаш оң мен солымызды танымаған бозбала, шикі өкпе кезімізде келдік. Бізді де алдымыздағы ағалар буыны жөнге салып, тезге түсірді, жастар келді деп театрдың салтына баулыды. Одан бері біраз уақыт өтті, әрине.
Тәжірибе жинақталды. Көрген-білгеніміз көбейді, үйреніп, көңілге тоқығанымыз молайды. Адамға теориядан гөрі тәжірибе көбірек пайдасын тигізеді…

– Еңбек сіңірген қайраткерсіз. Жастар сізден ақыл сұрап келе ме? Не үйретесіз?

– Үйренем деген адам, түйсікпен сезініп те аларын ала береді. Рөл сомдау кезінде, барынша өз ойымды ашық айтып отырам. Жастардың қабылдаулары ұнайды маған. Сынды қабылдау әр адамда әртүрлі болады. Шынайы тілеулестікпен айтылған сынға олар да ден қояды. Мүлт кеткен жерін түзетуге тырысады. Түзейді де. Сыннан ешқашан басымды алып қашқан емеспін. Орынды айтылған сөзге тоқтау – қазақтың қанында бар құбылыс. Байламы көңіліңнен шығып тұрған сөзге қалай тоқтамасқа?!
Жастар да сондай. Сыннан қаймықпай жұмыс жасайды. Жасалып жатқан дүниеге сын айтылуы – орынды. Жоқ нәрсеге сын да айтылмайды.

– Әншілік қырыңызға оралсақ. Тек әнші болып, театрмен қош айтысу деген ойыңыз болмады ма?

– Болды. Бірнеше жыл бұрын сахнадағы жетістігіме сенімсіздік туды. Іштей қатты күйзелісте жүрдім. Арман алдады ма деген күмән көлбеңдеді. «Бәйтеректің» эстрадада бағы жанып тұрды. Театрдан кетіп қалсам ба екен деген ой мазалағаны рас. Бірақ сол ойымды жүзеге асырмағаныма, аз күндік қиындыққа бой алдырмағаныма қазір қуанам. Ол да әріптестерімнің мықтылығынан деп түсінем. Солардың өнерге деген пәк пейілі мені де театр шаңырағынан ұзатпады.
Өнердің құдіреті сол – есігін қобалжумен ашасың да, бірақ кейін шыққың келмейді.

– Өнерге баулыған кім?

– Бала күнімнен мектепте ән айтатынмын. Алқалы әлеумет Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Әуезов театрының белді әртісі Бекжан Тұрысты жақсы таниды. Сол Бекең – менің ауылдасым, әрі жамағайыным. Студент кезінен менің клубта ән салысыма риза болып, әртіс бол деп қолқалайтын. Ата-анам тулап, көнбей жүрді. Сөйтіп, мектеп бітірген соң АЗВИ-ға құжат тапсырдым. Бағыма қарай сол институтқа түсе алмадым. Қуанышымды жасыра алмай, Бекжанға бардым. Оның дегені болып, театр институтына түсіп кеттім. Дегенмен, нағыз әртістікке деген сүйіспеншілігім театр табалдырығын аттаған соң оянды.

– Астанаға қалай келдіңіз?

– Дипломдық жұмысымызды бағалауға Әзірбайжан Мәмбетов, Қадыр Жетпісбаев келді. Қадыр аға ол кезде осы театрдың басшысы. Бір курстан он шақты баланы таңдап кетті. Сосын жолдаманы қолға ұстап, Астанаға тарттық. Бірге келген жігіттердің арасында қазір әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қанат Жүнісовті білесіз. Талай әнімізге сөз жазған. Қуандық Қыстықбаев бар. Екеуміз ауылда көрші де болған едік, қазір өнерде де қатар жүрміз. Кинода да, театрда да үлгеріп жүрген, берері мол актер. Одан кейін Айнұр Бермұхамедова деген әртіс, менің жұбайым. Сайлау Камиевпен «Бәйтерек» бойынша да тығыз байланыстамыз. Театрда да үзеңгілес әріптесім. Осы әртістермен қатар келдік. Өнер жолымызды бірге бастадық.

– Киноға түскіңіз келмей ме?

– Осыған дейін кино туралы ойланбаппын. Бүгінгі иек артқан арманымның бірі – киноға түсу. Алматыға барып, кастингтен өтуге мойын жар бермейді. Театрдан да қол тимейді. «Неге киноға түспейсің?» деп сұрайтындар көп. Кейде жолдастарыма қалжыңдаймын. «Маған лайық сценарий әлі жазылған жоқ» деп. Бірақ түбі киноға түсетінімді сезем. «Сабақты ине – сәтімен» демекші, оның да реті келер бір күні.

– Сәттілік тілейміз, аға!

Сұхбаттасқан
Шынар ӘБІЛДА

Аз-кем анықтама:

Нүркен Өтеуілов – 1976 жылы 14 маусымда Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай ауылында туған. 1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Мемлекеттік театр және кино институтының драма және кино актері бөлімінің ҚР халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың, Есім Сегізбаевтың кластары бойынша білім алған. 1998 жылы Қазақстанның өнер қайраткері, профессор Қ.Жетпісбаевтың ұсынысымен сол кездегі Ақмола қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрына арнайы жолдамамен қызметке шақыртылған.

2000 жылы Қазақстан «Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанып», 2001 жылы Қызылжар театр фестивалінде Ж.Мольердің «Скапеннің айласы» спектакліндегі Скапен образы үшін «Ең үздік ерлер рөлі» номинациясымен марапатталды. 2006 жылы Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын иеленді. 2011 жылы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағын алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =