НҰРҒИСА ӘНДЕРІМЕН НҰРЛАНДЫ­­

0 134

Халық қаһарманы. Күйші-сазгер. Дирижер. Ол көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанды. Оның сазы талай тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем әуенмен әрлеген. Оның есімі бүгіннің де есінде, шынайы, сезім қылын тербетер, көңіл биігінде қалықтар ғажайып туындыларымен болашақтың да жадында жаңғырады.

Бірер күн бұрын пердесін түрген Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім!» ІІІ саз фестивалі жайында газетіміздің алдыңғы санында біршама жазған болатынбыз. Енді күні кеше мәресіне жеткен өнер додасы төңірегінде қалам тербемекпіз. Әлқиссамызды Нұрғиса туралы әр жерден жинап-терген әңгімелерімізбен өрбітсек…

Бес жасында Ахаңның назарын аударған

Бала Нұрғиса домбыра тартуды небары бес жасында әкесінен үйреніпті. Бірде ауылға әйгілі Ахаңның (Ахмет Жұбанов) жолы түседі. Үйінің шатырында домбыра тартып отырған кішкене баланы байқайды. Кейін баланың анасына барып, «Жеңге, атым – Ахмет. Балаңыз назарымды аударды. Бойында талант тұнып тұр, музыка мектебіне беру керек» депті. Нұрғиса ұстазы Ахмет Жұба­новпен осылай кездесіп, музы­ка мектебінде, кейін консерва­торияда білім алады. Үлкен білім орда­сында оқып жүріп, күй саңлағы Дина Нұрпейісованың көзін көреді, бірталай күйлерін үйренеді.

Сазгер Нұрғиса туындыларын көбіне үйінде жазады екен. Әуен ойына оралған сәтте дереу рояльға отырып, жаңа дүние әкеледі. Содан кейін не Тұманбай Молдағалиевқа, не Қадыр Мырза Әліге хабарласады. Әнін тыңдатып, өлең жазып берулерін өтінеді…

«Дариға, домбырамды берші маған»

Сазгердің Тұмағаң сөзін жазған «Куә бол» әні айлы түнде дүниеге келіпті. Бірде жұбайы Дариғамен Алматы өзенінің жағасында қыды­рыс­тап жүрген. Нұрекең жағадағы бір тастың үстіне шығып, айға бір, жұлдыздарға бір қарап, «Куә бол, жұлдыз, Куә бол, айым, Куә бол, Алатауым!» деп, әндете жөнеледі. Кейін бұл әннің сөзін ақын інісіне жаздыртып алады.

Енді бірде сазгердің шаңырағына ақиық ақын Мұқағали Мақатаев түсе қалады. Қос алып арқа-жарқа болып, әңгіме-дүкен құрады. Бір кезде Нұрғиса «Даха, домбырамды берші маған» деп, жары Дариғаға домбырасын алдырып, «Аққу», «Арман» күйлерін шертеді. Осы сәт ақын інісінің шабытын тудырса керек, «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазады. Кейін сазы жазылады. Бұл кездесуден кейін ақын бір ай сазгердің үйінде жатып, екеуі отыз екі әнді дүниеге әкелген көрінеді. Екі өнер тарланының бірлесе жазған соңғы әні – «Есіңе мені алғайсың».

Аққуларды билеткен «Аққу»

Нұрғисаның күйі «Қыз Жібек­тегі» аққуларды «билеткен». Фильм­­нің желісінде Төлеген мен Жі­бек некесі қиылған соң, махаб­­бат нышаны ретінде айдында жү­зіп жүр­ген аққуларды көрсетеді. Алай­да, аққулар бір-біріне жақындамай­ды. Су астындағы сүңгуір ма­ман­дар аққу­лар­ды қосуға тырысып бақ­са да, екеуі екі жаққа жүзіп кете­ді. Осы кезде фильм режис­сері Сұл­тан Қожықов пен Нұр­ғиса Ті­лен­­диев ақылдасып, алдын ала тас­паға жазылған «Аққу» күйін қоса­­ды. Күйді естіген бойда екі аққу бір-біріне жақындап, бастарын түйіс­­тіріп, ырғалып билей жөнеледі.

Нұрғиса Тілендиев жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың жақын туысы болып келеді. Өмірден өтерінен бір жыл бұрын ол ақын атасының мазарына барып, «Ата, маған қасың­нан бір метр жер берші, өзіңді күзетіп жатайын» депті. Көз жұмар алдында «Мені Жамбыл атам­ның жанына қойыңдар. «Құс­тар қайтып барады» әнімен шыға­рып салыңдар» деп аманат сөздерін айтқан екен.

Кубокты қос талант иеленді

Дирижер және шебер орындау­шы ретінде қазақ музыка мәдение­тінде өшпес із қалдырған тұлға ғұ­мы­рында бес жүзден астам музы­калық туынды қалдырыпты. Оның шығар­ма­ла­ры­ның басым бөлігі халық аузында. Осындай асқара­лы бәйтерегіміздің атындағы саз байқауы күні кеше мәресіне жет­кенін айттық. Төрт аталым бойынша екі турда өткен дода үш күн бойы Астананың төрін дүрілдетті. «Өз елім» фестивалі еліміздің түк­пір-түкпірінен жетпіс алты вокалшы, домбырашы мен дирижерді жинап, бақ таластырды.

Халық әртістері Нұрғали Нүсіп­жа­нов, Алтынбек Қоразбаев, Нұр­жамал Үсенбаева секілді өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасының төрайымы, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова сайыстың өте жоғары деңгейде өт­ке­нін айтады. «Фестивальға қа­тыс­қан жас­тардың таланты, дарыны, талғамы мені таң қалдырды. Оларға тек тәжірибе керек. Осы қарқынымыздан жаңылмасақ, Нұрғиса Тілендиев атындағы саз фестивальін халықаралық дәрежеге шығарамыз.

«Домбыра» аталымына ж­иырма алты үміткер түсіпті. Оның он ал­ты­­сын іріктеп алдық. Соның іші­­­нен жеңім­паздарды анықтадық. Әр­қай­­сы­сы­ның өз даусы, өз стилі бар. Бі­рақ, же­ңім­паз керек. Жеңім­паз­ды сара­лау қазылар алқасына да оңай болған жоқ» дейді Бибігүл Төлегенова.
Астана Мемлекеттік филармо­ния­сы­ның бас директоры және көр­кем­дік жетекшісі Сәкен Әбді­рах­манов іріктеу сынының қатаң түрде өткенін әңгімеледі.

Байқаудың басты шарасы гала-концерт дегенбіз. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен мере­келік кешке келген жұртты «Сары­арқа» ұлт аспаптар оркестрі сазгердің күйлерімен салта­нат­ты жағдайда қарсылады. Тың­дар­ман­дар көңілін керемет өнерлерімен шадыман күйге бөлеген жеңімпаз­дар, қазылар алқасының құрамын­дағы өнер тарландарымен қосылып шырқатты.

Айтқандай, дарыны мен таланты ерек жүлдегерлердің есімдерін атап өтсек: Байқаудың бас жүлдесі – Астана қаласы әкімі кубогының иегерлері екеу: вокалшы – Айдос Жабағин, дирижер – Руслан Баймурзин. Қазылар қос дүлдүлді бір-бірінен қалыс қалдыруды жөн көрмегендерін айтады. «Домбыра» аталымында бас жүлде Ержан Жаманкеевке бұйырған. «Әйелдердің классикалық вокалы» аталымында Жұпар Ғаб­дул­лина өзгелерден өнерінің басым­дығын танытты.

Енді бірінші орын иегерлері: «Домбыра» аталымы бойын­ша Жақ­сылық Ажмуханов, дири­жер­лар додасында Берік Жайлау­баев, ал вокалшылардан Мақ­сат Мақұл­беков пен Ғазиза Жүсіпбекова үздік екендерін көрсетті.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =