Нұрбек АЧИЛОВ, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы төрағасының орынбасары: БИЫЛҒЫ ФОРУМНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АЛДЫҢҒЫЛАРЫНАН АРТЫҚ БОЛАДЫ

0 93

 Осы айдың аяғын ала V Астана экономикалық форумы өтетіні белгілі. Аталған шараға биыл да әлемдік қауымдастық тарапынан қызығушылық мол екені байқалады. Ұйымдастырушылардың ресми мәлімдемелеріне сүйенсек, қазірдің өзінде форумға қатысуға 90-ға жуық мемлекеттен 7500-нан астам қатысушы тіркелген екен. Ал, тіреу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын ескерер болсақ, қатысушылар санының бұдан да көп болуы мүмкін.

Осы орайда, осынша дүйім жұрт, анау-мынау емес, дүние іскерлігі мен ғылымының көрнекті өкілдері нендей мақсатта жиналмақ, нені талқыламақ. Осы мақсатта, Астаналық экономикалық форумды өтуіне мұрындық болып жүрген, қатарында Роберт Манделл, Роберт Ауманн, Финн Кидланд, Джон Нэш, Эрик Маскин, сэр Джеймс Миррлис, Роджер Корнберг, Эдмунд Флепс сынды Экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары бар «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы төрағасының орынбасары Нұрбек Ачиловқа кезекті жедел сауалдарымызды жолдадық.

– Алдағы форумның күн тәртібіне қойылып отырған негізгі мәселе қандай?

– Ол мәселе әдеттегідей, әлемнің жиырма жетекші экономикасы са­налатын мемлекет басшыларына фо­рум қорытысынды бойынша «G-20 ұсыныстар» құжатымызды жолдау. Ал, оның аясында қандай мәселелер қамтылады десеңіз, айталық. Онда, Ел­басы бастамасы бойынша құрылған Астана экономикалық форумы аясында «G-global» коммуникациялық алаңдары шеңберінде талқыланатын жергілікті экономикалық түйткілдерден бастап, әлемдік баламалы валюта қабылдауға дейінгі ұсыныстар беріледі. Қазірдің өзінде аталған құжат аясында талқылауға 70 ұсыныс түсіп отыр. Олар Кембридж, Оксфорд, Йель универсиеттерінен, Мад-рид клубы секілді беделді халықаралық ұйымдардан.

– Аталған алаңда күлліәлемдік түйткілдерді талқылаудан басқа, жергілікті масштабтағы мәселерге қатысты қандай шаралар өтпек?

– Жалпы, жаңа сессиялар қазірдің өзінде қосылып жатыр. Ал, одан бөлек айтар болсақ, ғылыми тұрғыда, мы­салы, Форумға шақырылған Нобель Лауреаттарының дәрістерін оқытуды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы жерде айта кететін бір мәселе, биыл аталған дәрістер санын 30 университетке дейін арттырдық.

Ал, іскерлік тұрғыдан айтар болсақ, қазірдің өзінде, сессияларда жасала­тын меморандумдардан бөлек, арнайы алаңда 38 меморандумға қол қойылады деп жоспарлап отырмыз. Солардың ішінде, мәселен, Еуропалық қайта құру және даму Банкі мен Маңғыстау об­лысы әкімшілігі арасында коммуналды шаруашылықты жаңғырту жөніндегі меморандум жасалмақ.

-Ал, осыған дейінгі форумдарда сонылығы тұрғысынан орын алмаған бастама бола ма?

– Ия, ондай бастаманы да көтергіміз келіп отыр. Ол – Астана экономикалық форумының Глобалды венчурлі қорын құру. Аталған қорды құрудағы мақсат, ғылыми бастамалардың қаржылай қолдауға бағытталатын болады. Қазірдің өзінде, сарапшыларымыздың бол­жауы бойынша, осы жолдың өзінде шетелдік және отандық инвесторлардың арқасында қорға 5 млн доллардай қаржы жиналады деп болжануда. Әлбетте, одан да көп болуы мүмкін. Жалпы, биылғы форумның әлеуеті алдыңғыларынан артық болады деп күтудеміз.

-Әңгімеңізге рахмет!

Нұрберген МАҚЫМ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 7 =