Нұр-сұлтан – спорт қаласы

0 21

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елордада бұқаралық спортты дамыту, жастар мен кәсіби спортшыларды қолдау және одан әрі ынталандыру үшін жүйелі шаралар қабылданды. Оның ішінде паралимпиадалық спорт түрлеріне қолдау көрсету ерекше назарға алынды. Кеше қаладағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшыларымен кездескен елорда әкімі Алтай Көлгінов саладағы өзекті мәселелерді атап көрсетті.

«Спорт инфрақұрылымдарын дамытудың нәтижесінде қала тұрғындары спорт пен салауатты өмір сүруге бейімделеді. Кейінгі кезде түрлі індеттің пайда болуы ерте жастан бастап денсаулыққа көңіл бөліп, иммунитетті нығайтудың аса маңызды екенін көрсетті» дей келе әкім Нұр-Сұлтан қаласындағы спорттың дамуы, қала тұрғындарын салауатты өмір салтын сақтауға тарту жұмыстары жөнінде тарқатып айтты.

Біріншіден, әкім жаңа оқу жылының басынан бастап спорт бағытында жоғары білім алуға әкімдік гранттарын бөлуді тапсырған. Бұл оқушыларды ынталандырып қана қоймай, олардың осы бағытта кәсіби білім алуына мүмкіндік береді.

Екіншіден, ол спорт дәрігерлерін оқытатын мамандандырылған мектептерді енгізу мәселесін көтерді. Себебі спорттағы әрбір жетістік жылдар бойғы дайындық жұмыстары мен үлкен ерік-жігердің арқасында келеді.

Үшіншіден, спорт мектептеріне спорт мекемелері мен кешендерінде сабақтар өткізуге, арнайы жаттығу киімін сатып алуға, жарыстар мен жаттығулар кезінде студенттерді тасымалдауға және т.б. мәселелер бойынша қолдау көрсетіле бермек.

Төртіншіден, осы жылдың қазан айынан бастап ай сайынғы материалдық мазмұнның мөлшері ұлғайтылды. ҚР құрама командаларының құрамына кіретін және құрама сапында өнер көрсететін спортшыларға, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына төленетін еңбекақы көлемін ұлғайту аса маңызды. Егер бұрын ұлттық құрамаға кірген 84 спортшы ғана ай сайынғы төлемді алса, енді олардың саны екі есе өсті.

Бесіншіден, биыл бірқатар спорт мекемелері жөнделді. 3 елді мекенде ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылы тағы біреуінің құрылысы басталмақ. Онда тұрғындар түрлі спорт түрлерімен тегін айналысып, бос уақыттарын өткізе алады. 7 мың орындық жабық жеңіл атлетика кешенінің құрылысы аяқталды.

Бұл елімізде жеңіл атлетиканың дамуына септігін тигізбек. Таза ауада спортпен шұғылдану және серуендеу үшін биыл 760 мың шаршы метр жер абаттандырылды. Осы бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Алтыншыдан, биыл қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесе әлеуметтік пәтерлерді алушылар санаты кеңейтілді. Олардың қатарына спортшы қауымы да кірді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =