«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтан қаласы төрағалық етеді

0 14

Кеше Түркия астанасы Анкара қаласында Әкімшілік қалалардың дүние­жүзілік форумы өтті. Жиын қорытындысында Нұр-Сұлтан қаласы 2021 жылы Әкімшілік қалалардың дүниежүзілік қауымдастығына (WACA) төрағалық ететіні жарияланды.Астаналық делегацияны қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен басқарып барды.
Бұл жиында Анкара қаласында атқарылған іс-шаралардың қорытындысы жарияланып, шаһарлар арасындағы ынтымақтастықты арттыру секілді тақырыптар талқыланды. Соның ішінде мәдени-әлеуметтік, экономикалық және тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.
Бұдан бөлек, Анкара мэриясы құрамындағы жол қозғалысын реттейтін орталықтың жұмысы таныстырылды. Онда қоғамдық көліктердің, олардың жүргізушілерінің, бақылау камераларының жұмысы жұртшылық назарына ұсынылды. Анкара мэриясының құрамында 360-тан астам видеокамера құрылған.
Айта кетейік, ең алғашқы WACA форумы 2017 жылы Оң­түстік Кореяда, Седжон қаласында өткен болатын. Оның қатысушылары өзара тәжірибе мен әкімшілік қалаларға келетін сын-қатерлерді талқылаған.
Соның нәтижесінде WACA ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін тұрақты халықаралық платформа құру туралы шешім қабылдады.
Жаңа астаналар мен құрылатын әкімшілік қалалар ғана WACA-ның ресми мүшелері бола алады. Мұндай қалаларды құру мен дамытуға байланысты елдер, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен мамандар ассоциативті мүше бола алады.
Нұр-Сұлтанның бірегей үлгісін және дамуын ескере отырып, Анкара Қазақстан астанасына ұйым құрамына кіруді және одан әрі конгресс жұмысына тұрақты түрде қатысуды ұсынды.

Аян БЕКЖАНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды