Нұр-Сұлтан – инвесторға қолайлы қала

0 24

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев инвесторларға қолайлы жағдай жасау, оларға қолдау көрсету бойынша өзара ынтымақтастық құжатына қол қойды.Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін тілдік ортаны қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырғаны белгілі. Осы ретте елорданың аудандық әкімдіктері, «IQala» қалалық қызмет көрсету орталығы жанындағы ХҚО, денсау­лық сақтау, «фронт-кеңселер» қызметкерлері үшін ағылшын тілін оқыту курстары ұйымдас­тырылды. Оқыту кезінде шетелдіктерге ағылшын тілінде мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтер көрсететін АХҚО экспат-орталығының тәжірибесі негізге алынды. Бұдан әрі экспат-орталық базасында «IQala» қалалық қызмет көрсету орталығының, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының және «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қызметкерлері қызмет көрсететін болады. Бұдан басқа, ынтымақтастық шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері үшін үш тілді паритет қағидаты енгізіледі: жарнамалық өнімдердің, ақпараттық стенділердің ағылшын тілінде болуы. Елорда әкімі Алтай Көлгінов мемлекет қабылдайтын шаралардың арқасында елордада жыл са­йын инвестициялық ахуалдың жақсарғанын атап өтті. Тартылған инвестициялардың 30 пайызы – шетелдік. Шетелдік азаматтар мен компанияларға экспат-орталықтың базасында «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетіледі. Айта кету керек, АХҚО-да шетелдік азаматтар мен олардың отбасы мүшелерінің келуі үшін қолайлы жағдайларды қарастыратын бірегей жеңілдетілген визалық және көші-қон режимі жұмыс істейді. Экспат-орталық Нұр-Сұлтан қаласының қалалық және іскерлік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды