Нұр-Сұлтан: даму дәстүрі

0 107

Басты мәселе – баспана

Қала билігінің басын қа­тырған басты мәселе  – «сақалды» құрылыс­тар
десек қателеспейміз. Соң­ғы бір жыл ішінде бұл мә­се­ленің оң шешілгенін көрдік. Мысалы, «сақалды» құры­лыстарға қатысты қала әкімдігі «Жол картасын» жасап, әрбір нысанға қатысты нақты іс-шараларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде, 2019 жылы 10 тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, үлес­керлердің саны 2,5 мың адамға қысқарды. Ал биыл құрылысы тоқтап қалған 20 нысан пайдалануға беріліп, 8 мыңға жуық үлескерлер қоныстойын тойламақшы. Сөйтіп, алдағы үш жылда (2021 жылы – 9, 2022 жылы – 9, 2023 жылы – 4) қалған 22 үйдің құрылысы аяқталып, «сақалды» құрылыс­тар мәселесі түпкілікті оң шешімін табады.
Қала басшылығы Президенттің биыл қолжетімді баспана көлемін үш есеге дейін ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға ерекше құлшыныспен кірісті. Қазір бас қалада барлық қаржы көздері есе­бінен 3,5 млн шаршы метрден астам тұр­ғын үйлер салынуда. Биыл соның 2,5 млн шаршы метрі пайдалануға беріледі. Бұған қоса, мемлекеттік инвестициялар есебінен 500 мың шаршы метрден аса үй тұрғызылады. Яғни, 8 мыңға жуық адам жаңа пәтерлеріне қол жеткізеді деген сөз.

Ұрпақ қамы –  ұдайы назарда

Нұр-Сұлтандағы үш мектепте былтыр үш ауысыммен оқу мәселесі оң шешілді. Әрқайсысы 5 мың орындық 6 мектеп салынды. Бірақ халық саны өскен сайын, мектептегі орын тапшылығы артуда. Бұл түйткілді проблеманы шешу үшін, биыл 10 мың орындық 13 мектептің құрылысы аяқталады. Одан бөлек, 20 мың орындық 10 мектеп салынады, ол нысандар 2021 жылы тапсырылады. Жалпы алғанда, 2023 жылға дейін кешенді жоспар шеңберінде 60 мың орындық 50 мектеп тұрғызу жоспарланған.
Бас қалада қазір 3-6 жас аралығындағы балалардың 98,5 пайызы балабақшалармен қамтамасыз етілген. 94 мемлекеттік, 237 жекеменшік балабақша бар. Кәсіпкерлер балабақша салу үшін, әр балаға мемлекет есебінен 28 мың теңге жәрдемақша беру арқылы Нұр-Сұлтан өзге өңірлерге үлгі болып отыр.
Балабақша мен мектеп салу әрдайым басымдыққа ие. Бұл орайда, қала басшылығы жалпы құны 79 млрд теңгені құрайтын 25 жобаны қолдады. Инвес­тициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 4 мың балабақша, 25 мың оқушыға арналған 25 мектеп бой көтереді.

Сын сағатта сыр берген жоқ

Өткен қыс қалалық коммуналдық қызметтерге үлкен сынақ болды. Таң қаларлығы, қалыпты нормадан 2 есеге көп қар жауды. Күні мен түні қар тазалаудан шаршамаған құзырлы мекеме жұмысшылары қала аумағынан 6,5 млн текше метр қар шығарды. Егер салыстырсақ, 2019 жылы қыста барлығы 2,5 млн текше метр қар шығарылған. Мұны неге тәптіштеп айтып отырмыз? Іс оңға басуы үшін әкімдік әуелі жұмысшылардың жалақысын көтеріп, сыйақы берді. Коммуналдық техника паркін жаңартып, 150-ден аса арнайы техника сатып алды.
Қыстыгүні қар уақытында шығарылғандықтан, көктемде су тасқыны қаупі сезілмеді. Мәселен, жыл сайын 40-қа жуық учаскеде су басу қаупі болатын. Алғаш рет қаладағы 46 мыңнан аса арық-астау желілері, су ағатын тұрбалар тазаланды. Бұған қоса, Есіл өзені аңғарында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, елордада биыл маса, шыбын-шіркей және өзге насекомдарға қарсы ауқымды дезинсекция­лық жұмыстар жүргізілді. Масаларды улайтын аумақ 20 пайызға, өңделетін су қоймалары аумағы 25 пайызға ұлғайды. Яғни, биыл жазда маса мен шыбын-шіркей астаналықтар мен қонақтардың мазасын алмайды деген сөз.

Желілердің иесі бар

Қала билігі оң шешкен тағы бір мәселе – қараусыз қалған желілер. Мәселен, соңғы 3 жылда 125 шақырым электр қуаты желілері, 7 шақырым су ағатын тұрбалар, 14 шақырым канализациялық құбырлар, 955 құдық, 200-ге жуық трансформаторлар ешбір қожайынсыз, бақылаусыз қалған. Елорда әкімі ­Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен қараусыз қалған осы желілердің барлығы (30 пайызы әкімдік құзырына беріліп, қалғаны сот арқылы анықталатын болды) тиісті қалалық мекемелердің құзырына берілді.

Індетпен күресте  ілгері жүрдік

Індеген індеттің таралуы шаһарға үлкен сынақ болғаны рас. Нұр-Сұлтан бұл бағытта да көштің алдында болып, өзге өңірлерге үлгі көрсетті. Қазір санитарлық-­эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты, үнемі бақылау­да. Күн сайын 3 мыңнан аса адам тест тапсырады. Карантин басталғанда қалада 1 зертхана ғана болса, алдағы уақытта олардың саны 8-ге көбейеді. Бас қалада екі аптаның ішінде 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасы бой көтерді. Жүкті әйелдер мен ауруханаға жатқызылатын науқастар әуелі №6 емхана базасындағы орталықтан індетке тексеріледі. Ал пневмония мен ЖЖВИ белгілері бар науқастар Орталық теміржол ауруханасы мен №2 емханада қабылданады. Әкімнің тапсырмасымен індетпен күресуде алдыңғы шепте жүрген 2 мыңнан аса нұр-сұлтандық дәрігерлер үстемақы алды. Қазір олар қонақүйлерде тұрады, көлікпен тасымалдау және тамақтандыру қамтамасыз етілген. Жуырда COVID-19 диагностикасы бойынша тест тапсыруға арналған мобильді орталық іске қосылды. Тізбектей беретін болсақ, мұндай жетістіктер жетіп жатыр.

Халыққа құлақ  асатын әкімдік

Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елордада «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы әкімдік басшылығы 11 мыңнан аса адамды, әкімнің өзі 1060 адамды қабылдаған. Биыл карантинге дейін 420 адаммен кездессе, карантин кезінде онлайн-форматпен 111 қала тұрғынын қабылдаған.
Президент тұжырымдамасын іске асыруда өте тиімді, өте үлгілі жобаның бірі – «Жанұя» отбасын қолдау орталығы болып отыр. Бұл жерде «бір терезе» қағидатымен отбасыларға психологиялық, заңдық, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгінге дейін «Жанұя» орталығына 15 мыңнан аса адам көмекке жүгініпті. Қала әкімдігінің iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығы да халықпен тікелей ашық қарым-қатынас жасауға керемет мүмкіндіктер беруде. Мысалы, карантин кезеңінде iKomek 109 орталығы 300 мыңға жуық арыз-шағымдарға жауап берген. 2020 жылдың басынан бері 1 млн-нан аса тұрғындардың сауалдарына жауап қайтарылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 1 =