Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы

Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты

0 396

– Қуаныш Сұлтанұлы, сіз елорданың тұрғыны ретінде оның бүгіні мен келешегі туралы не ойлайсыз? Еңселі елордамыздың сіздің өмір-жолыңызда, тағдыр-талайыңызда алатын орны қандай? – Бұл сұрақтарыңызға жа­уап беру үшін оқушы назарына бірнеше тарихи кезеңдер мен кейбір салыстырмалы көрсеткіштерді ұсынсақ артық болмас. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы жылдары жаппай экономикалық дағдарысты бастан кешірдік. Ішкі, сыртқы миграция басталды. Солтүстік облыстардан немістер Германияға, қазақтар, орыстар кейбірі Ресейге, кейбірі Алматыға, оңтүстік облыстарға жөңкіліп көшті. Мен ол кезде алғашқы Үкімет құрамында болуыма байланысты Президент Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы тапсырмасымен осы жағдайларды жан-жақты қарау жұмысына қатынастым.
Сәл тарихқа көңіл қойсақ, бұл қала ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бері Ресейдің, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Кеңес Одағының, тікелей Мәскеудің күшті ықпалында болғанын естен шығармауымыз керек. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Кеңес Одағының, Коммунистік партияның Тың жерлерді игеру саясатының орталығы – бұрынғы Ақмола, кейінгі Целиноград аталғаны да қала тарихының жолдары. Н.Хрущев Одақ билігінде тұрғанында солтүстігіміздегі бес облысты біріктіріп, Тың өлкесін құрып, оны Ресейге қосу жобасын жүзеге асырмақ болғаны да есімізде. Осының төңірегінде қаншама қайшылық, қаншама біздің республика басшылары қысым, қуғын көрді.
Тіпті беріде – 1991 жылдың желтоқсанында Кеңес Одағының бірінші әрі соңғы Президенті М.Горбачев өзінің КСРО тарауына байланысты бүкілодақтық телевидениеден сөйлеген сөзінде «Қазақстанның бес солтүстік облыстары Ресейге бейім» деген сөзді айтып, елді шулатып кетті. Кейбір империялық сана желігінде жүргендердің көкірегінде ондай ой әлі де бықсып, қоздап жүргенін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланғанда сол кездегі атауларымен Целиноградта 260 мың тұрғын болса, солардың жеті-ақ пайы­зы, Целиноград облысында 800 мыңға жуық халықтың жиырма екі-ақ пайызы қазақтар болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін облысқа, қалаға Ақмола аттары қайтарылды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген, батыл әрі тәуекел шешімі мен шымыр қайраткерлігінің нәтижесінде Астана Алматыдан көшіріліп, қысқа мерзімде бүкіл Қазақстанда экономикалық реформаның локомотиві болып, мыңдаған жұмыс орындары ашылып, Арқа кеңістігінде сәулеті, кескін келбеті, мазмұны әлемдік дәрежедегі мүлде жаңа қала сәнденіп, жарқырап бой көтерді. Жаңа Астана ұлтымыздың бәсекелестікке қабілеттілігін көрсетті. Бұрынғы сүрең сұрқай үйлердің көпшілігінің орнына жаңа жарқын, бір-біріне ұқсамайтын, көрсең көз тоятын жаңа ғимараттар, желекке оранған даңғыл, көшелер көсіліп, Есілдің сол жағына жаңа қала көтерілді.
Елордамызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, барлық облыстардан, ауыл, қалалардан ел келіп, бірліктің, жасампаздықтың туын желбіретті. Қазір мұндағы тұрғындар саны бір миллионнан асса, соның 77 (жетпіс жеті) пайызы – қазақтар. Өткен тарихымызда үлкен қалаларда қазақ ұлтын шоғырландыру әрқашан үлкен кедергілерге кездесіп жүргенін, еліміздің солтүстік қара топырақты өңірлеріне Мәскеудегі орталық биліктің ерекше бақылау жүйесін еске алсақ, бұл орасан жетістік, жеңіс дер едім. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі экономикалық жағдайдың ең қиын кезеңінде осы күрделі Астана жобасын жүзеге асырып, ел игілігіне жарата алды. Тәуелсіздік баянын кәдімгі тұрмыстық нәтижелермен толықтыру, мемлекеттің жаңа астанасын әлемдік ұлы қалалар дәрежесіне көтеріп, дүниежүзілік қоғамды мойындату – кез келген мемлекет басшыларының үлесіне тие бермейтін ерекше тарихи, дәуірлік оқиға.
2016 жылы Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында депутаттар тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнайы Декларациясында Астана қаласына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілуіне ұсыныс қабылдады. Өткен 2019 жылдың 20 наурызында екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Астана қаласына Нұр-Сұлтан есімі берілуі – тарихи жағынан да, саяси жағынан да, еңбегі жағынан да, ұлттық тұтас­тығы жағынан да ұрпаққа, болашаққа аманат орынды шешім болды.
Нұр-Сұлтан – өсу, өркендеу мүмкіндігі зор, болашақтың қаласы.
– Сіздің өмірлік ұстанымыңызды білуге бола ма? Мемлекет мүддесіне, ұлттық мұраттарға адал қызмет ету дегенді қалай түсінесіз?
– Әрине, болады. Әр адамда ұстаным болуы табиғи әрі қажет. Уақытты, оның ерекшеліктерін сезіну. Сөз жауапкершілігін қатаң есте сақтау – ұстанымдарым. Сөзім, ойым кейде кейбіреулерге жақпауы мүмкін. Бірақ ол менің ойым, сенімім. Дәлелсіз, әйтеуір жұртты елең еткізу үшін сөйлемеуге тырысам. Пендешілікке төмендеуден бойымды аулақ ұстаймын.
Адалдыққа, әділдікке, тазалыққа сүйеніп, өмір сүру – басты ұстанымым.
– Сіз ұзақ жылдар бойы Елбасымыз, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан ­Назарбаевтың үзеңгілес серігі болып, Қазақстанды жетілдіру мен дамыту ісіне араласып келесіз. Тәуелсіз мемлекет құрудағы, жаңа қоғам орнатудағы Елбасының ерік-жігері, жалынды жүрегі, батыл да ізгі қадамдары, ерен еңбегі мен ерлік істері туралы айтып берсеңіз.
– Мен осы сұрағыңыздағы Елбасының тұлғалық ерекшеліктері, оның жаңа дәуірде қазақ мемлекеттігіндегі орасан еңбегі туралы көптеген саяси сараптамалық, публицистикалық мақалаларымда жаздым. Олардың үлкен бір шоғыры «Елбасы және қазақ мемлекеттігі» деген кітабымда топтастырылған. Ол кітап туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында жақсы пікірлер айтылды. Көптеген студенттер, магистранттар сол кітапты өздерінің рефераттарында, диплом жұмыстарында пайдаланды, қазір де пайдаланады.
Ел үшін атқарылған көптеген тарихи жасампаздық жұмыстардың алдыңғы қатарында Тұңғыш Президентіміз ғасырларға, тарихқа да татырлық орасан еңбегінің бір көрінісі – мемлекетіміздің жаңа Астана жобасы.
Елбасының ерлік істері елге, еліміздің тарихында лайықты орнын алып, айтылып, жазылып келеді. Мен өзім тікелей куә болған, ұлт үшін, оның болашағы, мемлекетіміз үшін атқарған орасан еңбектерінің бірі – Тәуелсіз мемлекетіміздің шекарасын көршілес елдермен толық келісімге келіп, заң жүзінде бекітуі. Әсіресе, Шығыста Қытаймен, Солтүстікте Ресеймен тағы басқа іргелес көршілермен қабылданған шекаралық келісімдердің тарихи маңызы зор.
Ана бір жылы мен Израиль мемлекеті Кнесетінің (Парламенті) шақыруымен Тель-Авив қаласындағы Бар-Илан университетінің студенттері мен оқытушылары алдында Қазақстан туралы лекция оқыдым. Сонда сөзіме ризашылығын білдірген бір профессор: «Сіздерге, қазақтарға жаратушы үш дәуірлік сыйлық жасаған екен. Біріншісі – сіздердің ата-бабаларыңыздан мұра болып, осыншама жер қалыпты. Еврей халқы үшін жер мәселесі қандай екенін жақсы білесіздер. Екіншісі – жерлеріңіз жай жер емес, мұнайдан бастап бүкіл алтын, күміс қазба байлықтарын бойына жинаған өте бай жер болып шықты. Үшіншісі – тәуелсіз мемлекет болып ту көтергендеріңде тұңғыш Президенттерің Нұрсұлтан Назарбаевтай ерекше дарынды, жаңашыл реформатор, тамаша дипломат, ұтқыр саясаткер, ұлтын сүйетін пат­риот Қазақстанды әлемдік дәрежеде таныта алған тұлға болғаны» деп біздің еліміздің мәртебесін жоғары бағалап еді. Ұлтты оның талантты тұлғалары танытады. Қазақтың әлемдік дәрежеде мақтан ете алатын тұлғаларының бірі – Назарбаев екені де мен айтқан жаңалық емес.
– Сізді мемлекет және қоғам қайраткері, азат елдің тұрғыны ретінде нендей мәселелер толғандырады? Не нәрсеге қатты қуанасыз, не нәрсеге қатты қынжыласыз? Өмірде өкінішіңіз көп пе, әлде, шүкір ететін тұстарыңыз көп пе?
– Толғандыратын мәселе көп. Ерекше бөліп айтар болсам – ұлттық сана, әсіресе жас ұрпақтың дүние­танымы, мемлекетшілдік санасы. Бізде мемлекеттік, мемлекетшілдік сана тәрбие­леу жұмысында жүйе­лілік қалыптаса қойған жоқ. Мемлекет ұғымын кейбіреу­лер тек билікпен байланыстырады. Бұл – бір жақты. Мемлекет – алдымен халық. Билікті сайлайтын халық. Сондай-ақ жас ұрпақ тәрбиесінде мемлекеттік насихат, мемлекет тарихына құрметпен қарау санасын қалыптастыруға маңыз берілмейді. Әрине, ресми оқу, білім алу құқығы біздің заңдарымыз­да, Конституция­мызда қамтылған. Алайда адамның жаратылысынан ойлау, сөйлеу, анасынан, отбасынан берілетін қабілет, қасиеттер бар емес пе? Ата-ана жауапкершілігі бар емес пе? Осы құндылықтардан, өмірдің қайнар көзінен үзілмейтін сана тәрбиесі мемлекеттің азаматтарынан, әрбір ата-­анадан, отбасынан, мектептен басталатын барлық құзырлы орындарында жалғасын табуы қажет.
Ұлттық сана ұлттық тілмен тікелей байланысты. Мәселен, әрбір азамат өз ана тілінде сөйлеу үшін оған кімнің тапсырмасы, кімнің әмірі керек? Неге ол өзінен емес, басқа біреуден, немесе әйтеуір биліктен бір бұйрық күтеді? Ойланайықшы, қазақ қыздары мен жас әкелерінен басқа қай ұлттың жас аналары, әкелері нәрестелеріне орыс тілінде сөйлейді? Билік, не үкімет әр үйге кіріп, «сен қазақша сөйле» деп отыруы керек пе? Ұлттық сана селт етпей тұр. Әрине, ұрпағымыздың болашағы толғандырады. Өмір болған соң, өкініш те жоқ емес. Қуану да, қапалану да әр кездегі оқиға, жақсылық, жетістіктер мен сәтсіздіктерге, адамдардың іс-әрекеттеріне байланысты. Жемқорлықпен ұсталып, немесе біреуге қиянат, арамдық жасаған пенделердің кемімей тұрғаны қапаландырады. Жалақор, қызғаншақ, іші тар, сыйластықты мансабыңа қарап жасайтын екіжүзді адамдардың найсаптығы қапаландырады. Шүкір, ондайлар аз.
Димаш (Дінмұхамед) Құдайберген, Геннадий Головкин, Қанат Ислам сияқты дарынды ұландарымыздың тәуелсіз еліміздің көк туын өр биікке көтеріп жүргендеріне қуанамын. Өз балаларымның, немерелерімнің алдымен өз ана тілі – қазақ тілінде сөйлеп, басқа тілдерді де еркін меңгеріп жүргендеріне қуанамын. Оқуларында, әртүрлі сынақтардан сәтті өткендеріне қуанамын. Олар бізден тазарақ қоғамда өмір сүрсе екен деп армандаймын.
Бұйырған өміріме шүкіршілік етемін. Бәріне де тәуба.
– 21 ғасыр – ақпарат ғасыры. Қазақ ұлт ретінде жаһандық ақпарат бәсекесіне ілесе ала ма? Қазіргі деңгейін қалай бағалар едіңіз? Ұлттық журналис­тиканың артықшылығы және кемшілігі неде деп ойлайсыз?
– Үйрену бар. Еліктеу бар. Үйрену, оқу – жай апыл-ғұпыл еліктеуден мүлдем басқа. Кәсіби журналистика технология заманында да терең әрі жан-жақты білімді қажет етеді. Әр журналистің қандай да адамға, белгілі тұлғаға немесе болған оқиғаларға өз көзқарасы, өз пікірі болғаны жөн. Кейде бір адам туралы бір журналист «ой, ол сондай екен» деп жорта айта салса, соны естіп алған басқалары да ол сөздің, немесе оқиғаның байыбына бармастан қайталай салады. Адамды шын мәнінде білмес­тен ол туралы пікір айту – кәдімгі өсек айтушылықтың маңында. Сөздің де, мамандықтың да қадірін кетіреді. Журналистер білімділіктің, зиялылықтың үлгісі болуы керек.
– Еліміздегі ұлттық мүддеге қатысты мәселелерді неге қазақ тіліндегі БАҚ-тар ғана көтереді, орыс тіліндегі БАҚ-тарға мұндай тақырыптағы материалдар неге шықпайды?
– Ұлттық мүддемізге қатысты орыс тілінде материалдар шықпайды емес, шығады. Ол да, өзімізге байланысты – дерекпен дәйекті, салмақты сарапталған дүние­лер бар, оларды насихаттауды тиімді жүргізу керек.
Қазір ақпарат құралдарында қазақ тілінде қазақты жаңылдырып сөйлейтін қаншама орыстың, басқа ұлттардың ұл-қыздары көрініп жүр. Парламентте қазақ тілінде сөйлейтін басқа ұлт өкілдерін біздің теледидарлар тіпті көрсетуге мән бермейді. Орыс тілінде шығатын «Казахстанская правдадан» бастап көптеген басылымдарда ұлттық тарихымызға, өнерімізге, мәдениетімізге қатысты материалдар шығып жүр.
– Бізде ұлттық идеология бар ма?
– Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан ­Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» – болашаққа бағдар, «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары – «Мәңгілік ел» ұлттық идеологияның бағдарламалары. Олар туралы көптеген мақалалар жазылды. Ой, ұсыныс – баршылық. Ұйымдастыру, тұрмысымыздың тірегіне айналдыру – міндетіміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 11 =