«НҰР ОТАН» ХДП сьезінен не күтесіз?

0 123

Алдағы уақытта «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының XV съезі өтеді. Осыған орай, қазір жер-жерлерде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас партияның съезінен елордалықтардың не күтетінін білу үшін делегаттармен пікірлескен едік.

Есенжол БЕКІШЕВ,
«Фирма «Бекзат» ЖШС директоры:
– Партияның алдағы съезінен күтеріміз көп. Біздің партия халықтық болғандықтан, съезде қаралатын мәселелер, қабылданатын құжаттар кеңінен талқылануы тиіс деп ойлаймын. Бұл бағытта елордада тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы, біздің елде әр азаматтың адал еңбегінің, өз кәсіпқойлығының, адами, ізгілік қасиеттерінің негізінде қоғамда лайықты орын алуына ерік берілген. Осыған орай, ұлтына, тілі мен дініне, әлеуметтік дәрежесіне, саяси және қоғамдық ортасына қарамастан, барлық азаматтардың өз мүмкіндіктерін іске асыруына қажетті жағдай жасалып отыр. Сонымен бірге, еңбек адамының шығармашылық әлеуетінің дамуын арттыру да «Нұр Отан» партиясының мүшелері арасындағы ең қызу талқыланған болашақ Доктринаның басты принциптері болып табылады. Осы принциптерді негізге ала отырып, жастардың проблемаларын көтеретін кез келді. Оларға патриоттық тәрбие беріп, әлеуметтік көмек көрсету қажет.
Біздің басты құндылығымыз – адам, оның қадір-қасиеті, игіліктері мен құқыларын, талап-тілегін, мүддесі мен арман-мақсатын қанағаттандыруға тиіспіз. Сондықтан оқу бітірген жас мамандарға жұмыс беру, әлеуметтік көмектер көрсету мәселелері шешілсе, қоғамда әртүрлі қылмыс пен қатыгездік азаяр еді деп ойлаймын.

Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА, Астана қаласы №60 мектеп-лицейінің директоры:
– Қазақстандықтарды жаңа тұрпатта тәрбиелеу – соны саяси доктринаның негізгі міндеті. Өзінің ана тілін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін ұлт қана өркендей алатынын ескерсек, бұл ретте әрбір отбасы дәстүрді сақтаудың басты институты болып саналады. Қоғам мен мемлекеттің беріктігі оның тұтастығына тікелей байланысты. Сондықтан біз еліміздегі дәстүрге негізделген отбасы құндылықтарын нығайтуға тиіспіз.
Қазіргі әлемдік қауымдастықтағы бәсекелестіктің басты белгісі – бірегей білім мен технология. Демек, Қазақстанның болашағы зияткер ұлт пен инновациялық экономикаға байланысты екенін естен шығармауымыз керек.
Біз, сондай-ақ, ғылым мен білімнің дамуына, жас азаматтардың инновациялық және шығармашылық әлеуетін іске асырып, жаңа мүмкіндіктер жасауына айтарлықтай ықпал етудеміз. Сайып келгенде, мұның бәрі біздің әрқайсымыздың прогреске және жасампаз шығармашылыққа ұмтылумен қатар, қуатты инновациялық серпіліске және экономикалық өркендеуімізге септігін тигізеді деп есептеймін. Съезден жаңа идеялар мен тың шешімдер күтемін.

Зейнолла ШИБКЕНОВ, «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ бас директоры:
– «Нұр Отан» партиясы – еліміздегі негізгі қалыптасқан саяси күш. Қазір халық партияның жаңа доктринасының жобасын кеңінен талқылап жатыр. Оның негізгі міндеті – халықты, елімізді, жастарды біріктіретін, болашақта биік межелерге қалай жетеміз деген мақсатты орындау, өз тағдырымызды қалай өзгертеміз деген сұрақтарға жауап беру. Бәсекелестікті сақтау, елді дамыту ісінде жаңа нәтижелерге қол жеткізу үшін біз «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудамыз.
Партия құрылған күннен бастап экономика мен саясатта ауқымды реформалар тұрақты түрде жүзеге асырылып, адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына қолайлы жағдайлар жасалуда. Бүгінде жемқорлықпен күрес күшейтілді. Соның нәтижесінде халық өз мәселесін шешу үшін алдымен «Нұр Отанға» келуді дәстүрге айналдырды. Себебі, олар біздің партияға сенеді. Ал, алдағы съезд шешімдері Қазақстанның одан әрі гүлденуіне септігін тигізетініне сенімдімін.

Дайындаған Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =