«Notre Dame de Paris» мюзикліндегі Эсмеральда рөліне дайындалдым»

0 128

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Астана мюзикл» театры бүгінде халыққа кеңінен танымал. Қазақ театр өнерінде мюзикл жанрының дамуына үлкен үлес қосып отыр­ған «Астана мюзикл» театрында өнерімен көрермен көңілінен шыққан өнерпаз жастар аз емес. Солардың бірі – Зарина ­Жакенова. Біз «Астана мюзикл» театрының актрисасы, Реккардо Коччантенің «Notre Dame de Paris» мюзиклінде – Флёр де Лис, Р.Куни, «Номер 13» – Глэдис, «Достар серті» мюзиклінде медбике рөлін, «Шаңырақ» эксперименталды музыкалық перформансында басты кейіпкерді сомдаған Зарина Жакеновамен сұхбаттасқан едік.– Зарина, сахнаға құштарлық қашан басталды, өзіңіз қай жақтан боласыз?
– Екібастұз қаласының тумасымын. Өнерге жасымнан құштармын, сахнаға алғаш үш жасымда ән айтып шықтым. Мектеп бітіргенше үнемі ән айтып, би билеп, көптеген облыстық, республикалық байқауға қатыстым, вокалмен кәсіби айналысуды кейін бастадым.
– Өнерге қалай келдіңіз? Ұстазыңыз кім?
– Мектеп бітіргесін «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетін таңдадым, актер мамандығы қатты қызықтырды. Ол – жан-жақтылықты талап ететін құдіретті мамандық. Ұстазым ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Бекназар Ханинга Лейло Ақназарқызы, сондай мықты маманның мектебінен өткенім үшін тағдырыма ырзамын. Ол адамды тек қана театрға, киноға баруға ғана дайындамайды, өмірге дайындайтын ғажап ұстаз.
– Университет қабырғасында жүргенде де қойылымдарда ойнапсыз, ол әрине, өнердегі алғашқы қадам, десек те кәсіби өсуге әсері мол. Сол рөлдеріңізді атап бере аласыз ба?
– И.Кальман «Сильва» опереттасында – Сильва; М.Әуезовтің «Қарагөзінде» – Қарагөз; У.Шекспир «Ромео мен Джульеттада» – Джульетта; М.Әуезовтің «Абай жолында» (инсценировка) – Тоғжан…
– «Астана Мюзикл» театрына қалай тап болдыңыз?
– Астана Мюзикл театрында Гиннестің әлемдік рекордтық кітабына енген «Notre Dame de Paris» мюзикліне кастинг жарияланғанда Эсмеральда рөліне дайындалдым.
– Эсмеральда несімен тәнті етті?
– Эсмеральда – он бес жасар қыз, біз оны сыған қызы деп аламыз, кітапта «француз, бірақ сығандар ұрлап әкеткен» деп береді. Әртүрлі нұсқалары бар. Жаратылысы бөлек, көркімен көрген жанды таңғалдыратын оны өз сұлулығының құрбаны десек болады. Оған бәрі ғашық болады, тағдыры қиын ару.
– Сонымен кастингтен Эсмеральда болып өттіңіз бе?
– Жоқ. Бір ай ішінде бес турдан Эсмеральда болып өтіп жүрдім, кейін «Notre Dame de Paris» мюзиклінің композиторы Реккардо Коччанте «Флёр де Листі білесіз бе?» деп сұрады, Флёр де Лис партиясы көп емес, дайындалып жүргесін оны да орындап, сол күні кезеңге Флёр де Лис болып өттім. Сенімсіздік те болды, соңында екі қыз қалдық. Ең алғашқы рөлім осы болғанына қуанам, бастама үшін жақсы деп ойлаймын.
– Жақында өзіңіз үшін қандай маңызды оқиға болды?
– Өнер адамы үшін маңызды оқиға – өнердің насихаты, жақында болған жаңалықты айтсам, өткен жылы қарашаның 5-6 күндері біздің театрда «Шаңырақ» атты эксперименталды музыкалық перформанс­тың премьерасы өтті. Режиссері Еслам Нұртазин сенім артып, өзінің спектакліндегі басты рөлді берді. Режиссер актерлерге рөл бергенде – дәл сол актердің рөлді алып шығатынына сенгені. «Шаңырақ» перформансы біздің театр үшін арнайы жазылған, адам баласының тал бесіктен жер бесікке де­йінгі кезеңдерін көрсететін көрініс, композиторы Болатбек Нұрқасымов деген дарынды жас, биін режиссер-хореограф Әсел Абакаева қойған, хормейстері – театрдағы труппа меңгерушісі Алмат Абишев, ал авторы, либреттосын жазған Әннас Бағдат деген қаламгер. Осы «Шаңырақпен» жақында Стамбул қаласына бардық, ол жақта халық тамаша қабылдады, Түркияға қоныс аударған қазақтар арнайы келіп көріп, көздеріне жас алып, лебіздерін білдірді.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Оқудан, ізденуден жалықпаймыз. Өнердің шарты – ізденіс пен еңбек.
– Сұхбатыңызға рахмет. Биіктерді бағындырыңыз!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды