Нотариаттық палата

0 1  057

Нотариаттық палата жеке практикамен айналысатын нотариустардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшiн, сондай-ақ, нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде нотариат туралы заңдардың орындалуына бақылау жасау үшiн құрылатын коммерциялық емес, кәсiптiк, өзiн-өзi қаржыландыратын ұйым болып табылады.

1997 жылғы 14 шілдедегі №155 ҚР «Нотариат туралы» Заңы республикамызда жаңа нотариаттық жүйені қалыптастырды. Жеке нотариус статусы жария құқық негізінде, құқықтар мен фактілерді куәландыруға бағытталған ерекше заң мамандығы ретінде анықталды.

Нотариаттық палатаның қызметi осы Заңмен және жарғымен реттеледi. Нотариаттық палата заңды тұлға болып табылады және заңда белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.

Қазақстан Республикасының әрбiр облысы, республикалық маңызы бар қалалары мен астанасы аумағында бiр нотариаттық палата құрылады.

Аумақтық нотариаттық палаталар қауымдастық (одақ) нысанындағы Респуб­ликалық нотариаттық палатаға бiрiгуге құқылы.

Нотариаттық палатаның өкiлеттiгi:
1) жекеше нотариустерге жалпы басшылық жасап, олардың қызметiн үйлестiрiп отырады;
2) мемлекеттiк органдарда, мемлекеттiк емес ұйымдарда өз мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды, нотариаттық iстi дамытуға оларға көмек көрсетiп, жәрдем бередi;
3) жекеше нотариустар нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде нотариат туралы заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
4) жекеше нотариустың лицензиясының күшiн тоқтата тұру, одан айыру және тоқтату туралы ұсыныс енгiзедi;
5) нотариаттық iс-әрекет жасау нәтиже­сiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруды ұйымдастырады;
5-1) жекеше нотариустардың өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасудан жалтаруы және жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мін­детті сақтандыру туралы Қазақстан Республи­касы заңдарының өзге де талаптарын­ бұзу жағдайлары туралы аумақтық әділет органдарын хабардар етеді;»;
6) жекеше нотариустарды сынақтан өткiзу мен оқытуды ұйымдастырады;
7) өз мүшелерiнiң қызметiне байланысты iстер бойынша сот белгiлеген сараптама шығындарын өтейдi;
8) жекеше нотариусты кәсiптiк мiндеттерi мен әдептi бұзғаны үшiн нотариустың ар-ождан кодексiне сәйкес жауапқа тартады;
9) жекеше нотариустардың қызметтiк iс-әрекеттерiне азаматтар мен заңды тұлғалардың шағымдары мен өтiнiштерiн қарайды.

Нотариалдық палата жекеше нотариустың жасаған iс-әрекеттерiнiң заңдылығы туралы мәселенi қараған кезде нотариустан жасалған нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтердi, ал қажет болған жағдайларда өз түсiнiктемелерiн, соның iшiнде кәсiптiк әдептiң сақталмауы туралы мәселелер бойын­ша түсiнiктемелерiн табыс етудi талап етуге құқылы.

А.БАКАШБАЕВА,
Астана қаласы Әділет басқармасы құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің жетекші маманы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × five =