Нөсерлік кәріз жүйесіне заңсыз жалғанған

0 36

Қаланың нөсер кәріздерін тексеру кезінде коллекторлар 60-тан 100 пайызға дейін қоқысқа толғаны анықталды. Соның салдарынан қатты жаңбыр кезінде ағын сулар құбырлардан өтпей қалады. Оған жеке тұрғын үйлердің нөсерлік кәріз жүйесіне заңсыз жалғануы себеп.

– Тексеру барысында заңсыз жалғанған фактілер жиі кездесетіні анықталды: жеке тұрғын үйлер, кеңселер және басқа да құрылыс иелері өз нысандарының кәріз желілерін нөсерсу жүйесіне жалғап қойған. Ағынды суларды, тұрмыстық қалдықтарды, құрылыс қоқыстарын, жуынды заттар мен басқа қоқыстарды рұқсатсыз төгу нөсер кәрізі мен тазарту қондырғыларының жұмысына салмақ түсірген. Сондықтан сорғылар үнемі бітеліп қалады, – деп түсіндірді «Elorda Eco System» коммуналдық кәсіпорны мамандары.
Бұл мәселені шешу үшін коммуналдық кәсіпорын нөсер кәрізінің барлық жү­йесін қордаланған құмнан, тұнбадан және басқа да қо­қыс­тардан тазартып, ауқымды жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта тазарту жұмыстары қаланың барлық аудандарында жасалып жатыр. Бүгінге дейін 150 тоннадан астам қоқыс пен балшық шығарылды.
Нөсерлік тазарту қондыр­ғылары жаңбыр, еріген және жерасты суларын бұруға арналған. Олардың арнайы сүзгілері осы суларды тазартып, өңдейді, бірақ тұрмыстық қалдықтарды өткізе алмайды.
«Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабындағы үйлер, «Агроқалашық», «Көктал», «Артем» базары ауданы және басқа да жеке секторлар өз бетінше нөсер кәрізіне қосымша байлам жалғаған.
– «Elorda Eco System» қыз­меткерлері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен және экологиялық полициямен бірлесіп тұрақты түрде өнеркәсіптік, шаруашылық-тұрмыстық қалдықтарды қалалық нөсер кәрізіне заңсыз төгу фактілерін анықтау бойынша рейдтер жүргізуде. Бүгінде 762 жаңбыр құдығы тексерілді. Бұл бағыттағы шаралар қаланың барлық төрт ауданында жалғасады, – деп атап өтті коммуналдық кәсіпорын өкілдері.
Рейд барысында 40 заң бұзушылық дерегі анықталды. «Хан Шатыр» СОО ауданында және Хусейн бен ­Талал көшесінде нөсер кәрізі желісінде таза емес суды ағызудың екі жағдайы тіркелді. Сондай-ақ айыппұл салынғандардың бірі екінші рет заң бұзғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде.
Барлық тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 222240 теңге айыппұл салынды. Елорданың төрт тұрғыны ескерту алды.
Нөсер кәрізіне рұқсатсыз байламдар жалғану бойынша заң бұзушылық расталған кезде меншік иесіне ескерту жіберіледі. Белгіленген факті жойылмаған жағдайда, экологиялық полициямен бірге айыпталушыны жауапкершілікке тарту бойынша заңды шаралар қолданылады. Құқық бұзушыларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексіне сәйкес 20 АЕК (55560 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Заңды тұлғалар үшін жаза мөлшері әлдеқайда жоғары.
Айта кетейік, қаланың нөсерлік кәріз жүйесіне 26 мың жаңбыр құдығы, 354 км коллектор және 56 км арық кіреді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − seven =