Нөпірді көтере алмаған көпір

0 75

Орта Азия мен Ресейді жалғастыратын ескі керуен жолы Есіл өзені арқылы өтеді. 1830 жылы Ақмола бекінісі де осы Есіл өзенінің оң жағалауына салынады.1866-67 жылдары Ақмола округтік қаласының статистикалық сипаттамасында «Есіл өзені мұз құрсауынан үнемі сәуірдің 10-15-і­нен қалмай арылады, сол уақытта су тасқыны шабындық алқапты ені 1-3 шақырымға дейін басып қалады, тіпті солдат слободкасына және Ақмола станицасындағы қала құрылысына жайылып кетеді, су жайылымы жоғары деңгейге көтерілуі сирек және көпке созылмайды, сондықтан да қала тұрғындары қандай да бір апаттар не қиыншылықтарға шағымданбайды» дейді. Есіл өзенінде таяз жерлер көп, қала тұрғындары жайлы өтетін жолдармен және ешбір көпірсіз-ақ, өткел арқылы өтеді деп ескертеді. Дегенмен Есіл өзенінің оң қапталындағы күн сайын өсіп келе жатқан қалаға жыл сайын көктемгі су тасқыны қолайсыздықтар келтіргені сөзсіз.
Есіл өзені арқылы өткел салу қажеттігін сұрап жазған 1876 жылы 17 мамырдағы Батыс Сібір бас басқармасының өтінішіне, мән-жайды анықтап білген Ақмола облысының әскери губернаторы 10 тамызда «өткел салуға көрсетілген орын станицаның меншігіндегі жер, қалалық Думаның шешімімен осы жылдың 29 сәуірінде Ақмола мещанині Звягинцевке Есіл өзенінде ұн тартатын су диірменін салуға, су диірменінің тоғанын (бөгеті) көпірдің орнына пайдаланатындай етіп салуға рұқсат беріліпті. Сондықтан қазіргі уақытта Есіл арқылы өткел салудың қажеті жоқ» деп жауап береді.Батыс Сібір әскери округінің инженерлік басқарма бастығы полковник Фишер 1877 жылы 8 қыркүйекте Әскери қолбасшыға мынадай мазмұнда баяндау хатын жолдайды: «1876 жылы таратылған Ақмола бекінісі Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан. Әскери құрылыстар бекітілген жоспар бойынша 1840-1863 жылдары өзен жағалауынан 54 құлаш қашықтықта, №2 ағаш қорған жоспар бойынша 7 құлаш қашықтықта салынды. Есіл жағалауындағы топырақ сазды құмдақ, кей жерлері шөгінді лай, жыл сайын көктемгі су тасқынында мұз күшінен опырылып құлайды. 1864 жылы өзен арнасы №2 ағаш қорғанға жақындады, іргетасын шайып кетті, өзенге қараған екі қабырғасы құлады.
…Есіл өзенінің оң жағалауының соншама айтарлықтай опырылуы көктемде сең жүргенде мұздың салмағынан болып отыр, нәтижесінде өзен алғашқы арнасынан айырылып қалды» деп себептеріне тоқталады, жағалауды бекітуге құрылыс жоспары 1844 жылы бекітілгенін, бұл мәселе 1863 жылы да көтерілгенін, бірақ қаржы бөлінбегендігін, егер тиісті шара қолданбаса, келесі 1878 жылы көктемде бекіністің кухнясы мен атқыштар ротасының казармасын су шайып кететінін жеткізеді.
Генерал адъютант Казнаков инженерлік басқарма басшысының баяндаған мәселесі бойынша губернаторға Ақмола қалалық басқармасы мен Ақмола станицасы өз тараптарынан қала құрылысы мен казак станицасын өзен суының тасуынан төнетін қауіпті жағдайдан қорғау шараларын қабылдауға бұйрық береді.Бірте-бірте бекіністің аумағы Солдат бағына айналады, қалалықтар Есілдің оң жағалауына қалалық бақ, сол жағалауына бау-бақша отырғызады.
Қалалықтар жыл сайын көктемде қазіргі «Серуен» көпірінің орнында ағаш көпір тастайтын, қыста жинап алатын болған.
1919 жылы қарашада Колчак әскері шегінгенде осы көпірдің тұсынан өтеді. Әскери басшылары Слободканың халқын түнде артиллериямен атқылауды жоспарлап артынып-тартынып келген, зеңбіректер мен снарядтары жеткілікті болатын. Бірақ райынан қайтқан әскер қару-жарақтарын толық алып кете алмайды, Есілдің суына тастайды.
1920 жылдары қалалық кеңес көлік жүретін күрделі көпір (қазіргі «Серуен» көпірі түрған жерде) салуды бастайды, бірақ сәтсіз аяқталады. Таспен толтырылған ағаш төбешіктерге қалың бөренелерді жалғап суға түсіреді, белағаштары мен тақтайларын төсеп үлгермейді, көктемгі тасқын басталып кетеді де, селдің күші төбешіктерді құлатып кетеді, сонымен көпір салу тоқтатылады. Суда қылтиып көрініп тұрған төбешіктер жыл сайын көктемде кезекті көпірді салуға қызмет еткен.
1930 жылы 29 наурыздағы Ақмола қалалық кеңесі президиумының кезекті жиылысында Есілдің екі жағасында үздіксіз байланыс жасайтын көпірдің болмауы себепті өткелді ұйымдастыру мәселесін көтеру жөнінде округтік атқару комитетіне жеткізіледі. Сол кезеңнің мүмкіндіктеріне қарай ағаш көпір орнатылады.
1958 жылы қаңтар айында Комсомол көшесінен Теміржолшылар паркіне көпірге өтетін жолды жобалауға тапсырыс беріледі.Ақмола облыстық Құрылыс және архитектура істері жөніндегі бөлімі 1958 жылы 25 шілдеде Ақмола қаласында Есіл өзенінде жағалауды бекіту, ағысты реттеу және тұрақты плотина құрылысының жобасын жасауға архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын береді. Аталмыш құжатта қала орталығына жақын жерде жасыл желекке оранған қала тұрғындарының демалатын орны, Есілдің оң жағалауында теміржолшылар паркі, сол жағалауында қалалық парк орналасқандығын, Есіл өзені осы жерде тіке бұрылыс, жылдан-жылға көктемгі тасу кезінде сол жағалауды бұзады, оң жағалауды шөгіндімен толтырады деп айтылады.
«Казгипрогорселстрой» әзірлеген Ақмола қаласының жоспарлау жобасында Есіл өзенінің жағалауын бекіту және абаттандыру бойынша негізгі принциптер белгіленген, бірақ соңына дейін ойластырылған, негізделген шешім әлі жоқ, сондықтан 1959 жылдың наурызына дейін қоршау бөгетінің құрылысын салу қажеттілігін ескере отырып, 1958 жылғы 1 қазанға дейін жұмыс сызбаларын беру тапсырылады.
1956-1958 жылдары өзен ағысымен қиыршық тастардан кішігірім бөгеттер қойылады, сөйтіп қала тұрғындары қысқы және жаз кездерінде түрлі спорт жарыстарын өткізуге, қайықта серуендеу, мұз айдыны, т. с. с. өткізуге мүмкіндік алады. Дегенмен жыл сайын көктемде су тасуы кезінде бөгеттер бұзылады.
Қала өмірі өз ағысымен жылжып өтіп жатады. 1959 жылы 12-14 маусымда қалада Ақмола облысының II жастар фестивалі өтеді, фестивальге 5000 қыз бен жігіт жиналады, ақындар, әншілер, бишілер, көркем сөз оқушылар өз өнерлерін көрсетеді. 14 маусымда көркемөнерпаздар байқауы Теміржолшылар сарайында (қазіргі «Жастар» театры), сосын Теміржолшылар паркінде өтеді. Паркке жаяу жүргіншілер көпірі арқылы өтеді. Паркке демалуға, өнерпаздардың өнерін тамашалауға бара жатқан ерсілі-қарсылы сеңдей соғылысқан адамдар көпірде кептелісте қалады. Күтпеген жерден көпір таянышы сынады, адамдар суға құлай бастайды, дүрліккен халық келесі беттегі таянышқа сүйенеді, бұл жағынан да адамдар құлай бастайды. Абыржу, үрей қайғылы жағдайға соқтырады. Бұл оқиға туралы архивтен де, сол кездегі қолда бар баспасөз басылымдарынан да кездестірмедік. Дегенмен қала тұрғындарының, сол оқиғаның куәгерлерінен алған ақпарат қайғылы оқиғаның осы күні орын алғанына шәк келтірмейді. «Жастар күні, теміржолшылар күні» деп еске алуы Жастар фестивалі дәл осы күндері өтті, Теміржолшылар күнімен шатастыратын себебі, 9 маусым – балалар теміржолының ашылған күні.
Осы оқиғадан кейін көп кешікпей 1959 жылы 9 шілдеде Ақмола қаласында Есіл өзені арқылы күрделі жүргіншілер көпірінің жобасын салуға архитектуралық тапсырма беріледі (байқасаңыз, бұған дейін жағалауды бекіту туралы мәселе қозғалған болатын).
Мереке кездеріндегі көпірдегі қозғалыс енді қала басшыларының назарында болады.
Осы жылы 24 шілдеде еңбекшілер депутаттары Ақмола қалалық кеңесінің атқару комитетінің мәжілісінде Бүкілодақтық теміржолшы күнін өткізу туралы іс-шаралар жоспары бекітіледі, Есіл өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен теміржолдың вокзал мен қала бұтағы бойынша тәртіпті сақтау жауапкершілігі теміржол басшысына, қалалық және теміржолшылар паркінде тәртіпті сақтау қалалық милиция басшысына жүктеледі.
1959 жылы 28 шілдеде Ақмола жол бөлімінің басшысы мен кәсіп­одақ ұйымы 1-2 тамызда Теміржолшылар паркінде Бүкілодақтық теміржолшы күнінің құрметіне жаппай серуендеу туралы қаулы шығарады.
9 пункттен тұратын қаулының 5 пунктінде Есіл арқылы өтетін көпірде тәртіпті қамтамасыз ету үшін темір жол милицияларымен қатар әскери күзет қызметкерлерін де кезекшілікке қояды.
Ақмола қаласының еңбекші депутаттар кеңесінің атқарушы комитетінің 1959 жылы 7 тамызда Құрылысшылар күніне арналған іс-шаралар жоспарын бекіте отырып, қалалық бақта 9 тамызда таңғы 10-нан кешкі 11.00-ге дейін қоғамдық тәртіпті сақтауға және Есіл арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінде қозғалысты бақылау тапсырылады.
1959 жылғы тапсырма бойынша 1961 жылдың 15 ақпанында Ақмола қаласының еңбекші депутаттар кеңесінің атқарушы комитетінің №43/4 шешімімен Есіл өзені арқы­лы күрделі жаяу жүргіншілер көпірін салу шаралары жүргізіле бастайды.
Көпір құрылысы 1963 жылы 30 қазанда қабылданады. Есілдің оң жағалауы тегістеліп, темірбетон тастармен қапталады.
Жаяу жүргіншілер көпірінің ұзындығы – 180,6 метр, ені – 6 метр.
1968-1972 жылдары Есіл өзенінің түбін тереңдету және ағынын кеңейту жұмыстарын жүргізу кезінде бая­ғы Колчак әскерінің суға батырған қару-жарақтары табылған екен.
2009 жылдан бастап бұл көпірге «Серуен» атауы беріледі.

Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік
архивінің ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды