НИБАЛИ – «ТУР ДЕ ФРАНС» ЖЕҢІМПАЗЫ!

0 71

Нибали

«Астана» командасының италиялық велошабандозы Винценцо Нибали «Тур де Франс» турнирінің жеңімпазы атанды. Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша, одан кейінгі орындарға қос француз Жан-Кристоф Перо («AG2R») мен Тибо Пино («FDJ») орналасты.

Осы жеңісіне орай «Астана» командасының спортшысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жеделхатын жолдады. Онда «Сіздің еңбегіңіз бен жеңіске деген жігеріңіз барлық кезеңде біздің велокомандаға Қазақстанның спорттық жетістіктерін тағы да танытуға мүмкіндік берді» делінген.

Соңғы 21-інші кезеңде «Giant-Shimano» командасының өкілі неміс Марсель Киттель мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші және үшінші орындарды Александр Кристофф («Катюша») пен Рамунас Навардаускас («Garmin-Sharp») иеленді. Сондай-ақ, Винченцоның барлық кезең бойына сары жейдесінен айырылып қалмағаны – біз үшін мақтаныш.

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

ГРАНД-ТУР МӘРЕГЕРЛЕРІ 

«Джиро д’Италияны» 5 рет, «Тур де Франсты» 5 рет және «Вуэлта» көпкүндігін 1 рет бағындырған Эдди Меркске тең келер ешкім жоқ. Бельгиялық спортшы осылайша гранд-турларды 11 мәрте жеңіп алған. Одан кейінгі орындарда Бернар Ино (3-5-2 / 10), Жак Анкетиль (2-5-1/ 8), Феличе Джимонди (3-1-1/ 5), Альберто Контадор (1-2-2 / 5), Винченцо Нибали (1-1-1 / 3) орналасқан.

Осы нәтижесінен кейін Нибали тарихтағы үш гранд-турды ұтқан алтыншы спортшы болып тіркелді. Ол бұған дейін «Liquigas» велокомандасында жүріп Испанияның Вуэльта көпкүндігін 2010 жылы ұтса, «Джиро д’Италия» жарысында жеңімпаз атанғанына бір-ақ жыл болған еді. Енді, міне, «Тур де Франсты» 29 жасында «Астана» сапында бағындырып отыр.

Дайындаған: Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − three =