Несиенің нәсібі

0 23

27 мамыр күні «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында бүгінгі қысылтаяң шақта банктердің отандық бизнеске қолдау көрсетуге әзір екендігі айтылды. Оның сөзінше, өңірлік бағдарлама негізінде әкімдіктер екінші деңгейлі банктерге үлестік мөлшерлемемен 50 млрд теңге бере алады. Ал «Халық банкі», «Сбербанк» қаражатты 1 пайызбен кәсіпкерлерге бөлуге дайын. Нәтижесінде кәсіпкерге арналған тиімді мөлшерлеме 1,5 пайызды құрайтын болады.– Кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несиелер беру бағдарламасы бизнес үшін үлкен қолдау болғалы тұр. Әлбетте, о баста банктер мұндай төмен пайызбен жұмыс істейді дегенге күмәнданған едік, – деді Тимур Құлыбаев.
Карантин мен төтенше жағ­дайдың салдарын, әсіресе, қос қаланың туризм, мейрамхана, қонақүй, тамақтану, сауда, құрылыс және өнеркәсіп (жеңіл және өндіріс) салаларындағы кәсіпкерлер басқаларға қарағанда көбірек сезінді. Аталған сала өкілдері мерзімдік несиелердің төлемін үш айдан алты айға дейін созуды және айналым капиталын толықтыруға жеңілдетілген кепілсіз несие алуға мүмкіндік қарастыруды өтінген болатын.
Мәселен, астаналық құрылысшыларды халықтың сатып алу жағдайының төмендігі қатты алаңдатады. Соның салдарынан салынып жатқан құрылыстарға деген сұраныс азайып, жұмыс мүлдем тоқтап қалуы да кәдік. «Global Expert Development Group» ЖШС директоры Абзал Сағымбаевтың айтуынша, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттарды салу жұмыс­тары қызу жүріп жатыр, жалпы жылу маусымының басталуы барлық өңірлерде құрылыстың дүмпуіне әсер етеді. Дегенмен астанада құрылыстың қарқыны ерекше. Алайда карантинге байланысты егер осы салаға мемлекет тарапынан тиісінше қолдау болмаса, құрылысшылар жұмыссыз қалуы мүмкін. Сұраныс­тың төмендігі салдарынан қазір бұрын басталған нысандар ғана жалғастырылып жатыр, ал жаңа жобалар мәселенің мәнісін бағып тоқтап тұр.
– Негізгі теріс әсер етуші фактор – ақшаның құнсыздануы және дайын тұрғын үйді одан әрі сату мүмкіндігінің төмендігі. Бүгінде елорданың құрылыс саласында 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Құрылыс индустриясын қолдау және өтімділікті арттыру мақсатында біз қайталама нарық үшін ипотека бағдарламаларын әзірлеуді ұсынамыз, – деді Абзал Сағымбаев.
«Мемлекет кәсіпкерлікті қол­дауға ақша бөледі. Біздің міндетіміз – бұл қаражатты бизнеске тарту» дей келе, Тимур Құлыбаев кәсіпкерлерге арзан мөлшерлемемен несиелеу мәселесі алдағы күндері тағы пысықтала түсетінін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін төралқа басшысы еліміздің 15 аймағындағы кәсіпкерлермен кездесіп, онда ең өзекті мәселелерді талқылаған болатын. «Атамекен» ағымдағы мәселелерді шешу үшін бизнеспен үнемі осындай диалог жүргізуді жоспарлап отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =