Несиені кешіргенше, пайызды кеміту керек

Айтпайын-ақ деп едім...

0 35

Әлі тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай мен жақтаушылары жуырда Ақорданың алдында жиналып, несиені кешіру туралы 100 мың адамның хатын Президент Әкімшілігінің кеңсесіне тапсырды. «Біз халыққа қиын кезеңде көмектесу үшін несие рақымшылығын жариялауды талап етеміз. Еліміздегі 5,3 млн адамның несиесін кешіру керек. Қазір Ұлттық қорда 90 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат бар. Несиені кешіруге осы ақшаны неге пайдаланбаймыз?» деп Президенттің атына жазған хатын Жанболат Мамай әлеуметтік желіде жариялады.Қазір еліміздегі азаматтық және заңды тұлғалардың банктерге 20 трлн теңге қарызы бар. Алайда бұл сома Ұлттық банктің ресми дерегінде 14,3 трлн теңге деп көрсетілген. Өткен жылы несие рақымшылығынан ке­йін Үкімет банктен қарыз алушыларға қойылатын талаптарды күшейтті. Яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінен (31183 теңге) табысы аз азаматтарға қарыз берілмейді. Соған қарамастан, Қазақстандағы берешегі бар азаматтардың саны 7,4 млн-ға жетіпті. Жұрттың көбі қарызсыз өмір сүре алмайды.
Шынын айтсақ, кәсіпкердің өзі азаматтық тұлға ретінде қарыз сұрайды. Өйткені ол тұтыну несиесіне жатады. Қазақстандықтардың көпшілігі өзінің айлық табысын күнкөрісіне, яғни азық-түлік сатып алуға жұмсайды. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмектердің де бағасы «күйіп» тұр. Карантин кезінде үй мен автокөлік сатып алудың азайғаны анық. Алайда ол күрт тоқтап қалған жоқ. Жұрт банктерге барып бұрынғыша қарыз алуда. Бірақ… пайыздық мөлшерлеме «секіріп» тұр.
Несие рақымшылы­ғын жариялау ең түйт­кілді мәселені түп-тамырымен шешпейді. Меніңше, Жанболат Мамай мен жақтау­шылары экономикалық негіздемесі жоқ мәселе көтеріп, арзан ұпай жинауды мұрат тұтқан. Әйтпесе, олар неге банктердегі па­йыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынбайды? Мәселен, еліміздегі ипотекалық қарыздың көлемі 14,5 пайыздан 22 пайызға дейін барады. Алғашқы жарнаға үй құнының 20 пайызын төлеу керек. Банктердің бәрі кепіл ретінде сол адам сатып алатын үйді қояды. Ал дамыған елдердің барлығында үй алуға әрі кетсе 1 немесе 2 пайыздық мөлшерлемемен қарыз береді. Тіпті Оңтүстік Кореяда орташа тұрмысы бар тұрғынға 0,1 пайызбен қарыз беріп, 1 жылда төлей алмаса, мемлекет көмектеседі. Озық елдердің тәжірибесін ескеріп, әлеуметтік ­ахуалы төмен отбасыларға арнайы несие бағ­дарламасын жаса­ған жөн. Ол жерде ең тө­мен пайызбен қарыз беру деген негізгі шарт болуы тиіс. Мәселенің мәнісін осыдан бастап шешуді ойластырайық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + sixteen =