«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Несие беру шектеледі

0 72

Банктер несие беру тәртібін өзгертеді. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті.

news_full1605608701872270fbc6291b2526a7ef2bdf25e1ec

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін бірқатар шараларды жүзеге асыратын болады.

Біріншіден, банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігін пруденциялық реттеу шеңберінде жеке тұлғалардың тұтынушылық кредиттері бойынша тәуекел-саралауды ұлғайту жолымен шаралар қабылданады. Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылады. Есептен қарыз алушыда тұрақты кірістің болуын дәйекті түрде растай алмайтын кірісті айқындау өлшемшарттары алып тас­талады. Тәуекелге бағдарланған қадағалау шеңберінде банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттер бойынша қосымша шектеулер енгізу де қарастырылады. Нәтижесінде, банктердің төлем жасау қабілеті жеткіліксіз қарыз алушыларға кредиттер беруі шектеледі.

Екіншіден, Үкімет әзірлеп жатқан жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі шеңберінде жеке тұлғалардың банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кредиттері бойынша, оның ішінде коллекторлардың өндіріп алуына берілген проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылданады.

Үшіншіден, агенттік жеке тұлғалардың кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелердің шекті мәндерін реттеу, сондай-ақ кредиттер бойынша сыйақының тиімді мөлшерлемелерінің есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу бойынша шаралар қабылдайды. Бұл жаңадан берілетін кредиттер бойынша халықтың борыш жүктемесінің өсуін шектеуге мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысының елден капиталды негізсіз шығаруды шектеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін агенттік Ұлттық банкпен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, осы жылғы 10 қаңтарда трансшекаралық қаржылық операция­ларды жүргізуге бақылау шараларын күшейту туралы бірлескен бұйрықты қабылдады. Күдікті трансшекаралық операциялар тізбесі, сондай-ақ клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шаралары бойынша қаржылық мониторинг субъектілерінің іс-қимыл тәртібі белгіленді. Агенттік аталған бұйрық шеңберінде банктердің клиент­терді тиісінше тексеру жөніндегі күшейтілген шараларды сақтауын бақылайды, сондай-ақ банктер клиенттерінің ірі трансшекаралық операцияларына елден капиталды заңсыз шығару белгілерінің болуы тұрғысынан күнделікті мониторинг жүргізетін болады, – дейді агенттік басшысы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды