Нес-аға!

0 109

Қазақ баспасөзінде спортты айшықты тақырыпқа айналдырған Сейдахмет Бердіқұловтан тәлім алғанын мақтан ететін Несіп Жүнісбайұлы бүгінгі таңда өзі де қарымды, қарулы қаламгерге айналды.

Қалың оқырманы мен шәкірттері Нес-аға деп құрметпен қарайтын қаламгердің шығармашылық қабілеті жастайынан жарқырап көрінді.
Талдықорған облысының Қаратал ауданындағы «Көпбірлік» ауылында туып-өскен ол мектептен кейін көп ойланбастан Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ал әскерден оралған соң арманы мен мақсатына айналған ҚазГУ-ге жол тартады. Журналист болуды қалайды. Сөйтіп 1970 жылы журналистика факультетіне қабылданып, 1975 жылы қызыл дипломмен бітіреді. Жүрегі қалаған мамандықты меңгерген беттен «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылданады. Өйткені жастар газетінің оқырмандарына Несіп Жүнісбаев есімі оның студент кезінен-ақ таныс болатын. Сол кездегі жүз мыңдаған оқырманы болатын «Лениншіл жас» газетінде спорт және әскери-патриоттық тәрбие бөлімін басқарды, редакция алқасының мүшесі, кәсіподақ, комсомол, партия ұйымдарының хатшысы болды. Осы газетте жүріп спорт саласын оқырманның ең сүйікті тақырыбына айналдыра білді.
1991 жылы Несіп Жүнісбайұлы республикалық «Спорт» газетіне бас редактор болып тағайындалады. Бұл басылымда кеңінен көсілуіне жол ашылды. Тек қана спортты жазып қоймай, спортты мемлекеттік, ұлттық тұрғыда жандандыруға кірісті. Соның бір айғағы егемен елдің футбол чемпионатына қазақ жігіттерінен құралған команда қосуды ойластырып, ол мақсатына да жетті. Ол үшін елдің түкпір-түкпірінен талантты жастарды іріктеу ұйымдастырып, демеушілер тауып, «Намыс» атты команданы Қазақстан чемпионатына қосты. Сол командада ойнаған бірнеше футболшылар кейіннен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті. Осыдан кейін Нес-ағаны қалай қайраткер демессің?!
Несіп Жүнісбайұлының штаттағы жұмысынан тыс шығармашылық еңбегі де ұшан-теңіз деуге негіз бар. Олимпиада ойындарына он рет барып, футболдан бес әлем чемпионатына қатысып, жүздеген репортаждар, мақалалар ұсынған қаламгерге қазақ оқырманы дән риза екені сөзсіз. Қаламгердің қаламынан туындаған «Үшінші раунд», «Ауылдан шыққан алыптар», «Футболмен тыныс­таған Испания», «Әкемнің қамшысы», «Намыс жыртар ұл қайда?!», «Мексикадағы футбол тойы», «Мұстафа Өзтүрік», «Ережесіз «белдесу», «Бас иемін!» атты мағыналы-мазмұнды кітаптары оқырманның олжасына айналғаны да анық. Сонымен қатар, ел егемендігін алғалы ұлттық командамен қатысқан Олимпиада ойындарының шежіресі боп саналатын, орыс тілінде жазылған «Олимпийский маршрут» кітаптарының төрт томы да Қазақстан спортының тарихнамасы іспетті.
Үнемі бойы сергек, ойы елгезек жүретін Несіп Жүнісбайұлы тек жазып қана қоятын қаламгердің қатарына жатпайды. Ол спортты ішінен білетін майталманның өзі десек жарасады. 1996 жылы Қазақ денешынықтыру және спорт институтын бітіріп, бапкер-оқытушы мамандығын алған. Тоғызқұмалақ спортынан спорт шебері, республика чемпионы. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Несіп Жүнісбайұлы қоғамдық жұмысқа да көп жегілетін азаматтың қатарынан саналады. Әр жылдарда ҚР спорт Комитетінің алқа мүшесі болып сайланды. Халықаралық спорт журналистері Қауымдастығының (AIPS) мүшесі, Азия спорт журналистері Одағының (ASPU) Атқару комитетінің мүшесі, Азия спорт баспасөзі Одағы президентінің кеңесшісі қоғамдық қызметтерін абыроймен атқарды. Азия Олимпиадалық Кеңесінің (ОСА) баспасөз комитетінің мүшесі болған тұңғыш әрі жалғыз журналист. Қазақстан спорт баспасөзі Қауымдастығын құрушы және тұңғыш президенті болды.
Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін Несіп Жүнісбайұлының қазақ баспасөзіне, оның ішінде спорт саласына, ұлт мүддесіне сіңірген еңбегіне қарап қайраткер екеніне көз жеткіземіз. Осы орайда еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың құрмет пен марапаттан кенде қалмасы заңдылық қой. Бұл ретте Несіп Жүнісбайұлының абыройы да асқақ көрінеді. Қазақстан журналистер және жазушылар одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы Журналистер одағы сыйлығының, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлығының иегері. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің «Жылдың үздік журналисі» сыйлығының лауреаты. ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Астана қаласының 10 жылдығы, Қазақстан халық Ассамблеясының 20 жылдық Құрмет медалімен марапатталған. Алматы облысы және Қаратал ауданының Құрметті азаматы атағының иегері.
Несіп Жүнісбайұлы 2010 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.
Осыдан тура 70 жыл бұрын қазақтың «Көпбірлік» деген алақандай ауылында дүниеге келген қағылез бала бүгінгі күнде жұлдызы жанған, халқына жаққан қаламгер, қайраткер болып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =