Неке куәлігін тапсырды

0 93

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының ұйымдастыруымен Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орай жас жұбайлардың некесін қию салтанаты өтті.Елімізде 15 сәуірде ғашықтар күні атап өтіледі. Мереке қазақ эпосы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасының кейіпкерлеріне арналған. Бұл күн алғаш рет 2011 жылы тойланды. Содан бері сынаптай сырғып он жыл өтіпті. Осыған орай, Есіл ауданының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері елордалық жас жұбайларға неке қию туралы куәлік табыстады. «Дәл бүгін бүкіл ел алдында неке куәлігін алатынымызға қуанып тұрмыз. Бұл күнді асыға күттік. Биыл карантиндік шектеулерге байланысты тойымызды өткізе алмадық. Дәл осы астанада таныстық, енді астанада үй болып жатырмыз. Біз үшін астана – ғашықтар қаласы» деді Думан Шора.
Салтанатты шара ЕХРО-2017 алаңында «Нұр Әлем» сферасында санитарлық-эпиде­миологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілді. Жастардың қуанышты сәтіне куә болуға келген Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов пен Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Рамазанова құттықтау сөз сөйлеп, жас жұбайларға неке куәліктерін табыстады. «Осындай шуақты күні елордамыздың төрінде 9 отбасының жаңа өмірге қадам басуына куә болып отырмыз. Осы күнді бекерден-бекер таңдап алмадық. Бүгін – халқымыздың аңызға айналған ма­хаббат символы Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні. Адамзат үшін махаббат – ежелден бері ерекше сезім. Отбасын құрған жастардың махаббаты баянды, құрған шаңырақтары берік болсын» деді Берік Жәкенов.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =