«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Негізгі мақсат – қызмет сапасын жақсарту

0 145

«Елорда ақпарат» медиа ресурсы мен «Астана» радиосының бірлескен жобасы «Елорда тынысы» радиохабарының кезекті қонағы «Астана-БЕО» ЖШС бірыңғай төлем құжаты басқармасының басшысы Елена Югринова болды.

ОНЛАЙН ТӨЛЕМ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ
Радиохабар барысында мекемелерінің құрылған уақытынан бастап жұмыстары жайлы әңгімелеген Елена Югринова әуе толқынындағы тыңдармандардың сауалдарына да жауап беріп отырды.
– «Астана-БЕО» ЖШС ­бі­­р­­­ың­­ғай төлем құжаты бас­қармасы – коммуналдық қызметтер үшін төлемдерін жинау және есеп айырысу жүйесін жетілдіруге негізделген мамандандырылған кәсіпорын. Тұтынушыларға коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында бірыңғай есеп айырысу орталығын құру бойынша Астана қаласы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2008 жылдың тамызында қалалық әкімдіктің қолдауымен «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының базасында құрылған болатын. Қазіргі уақытта мекемеде 140-қа жуық адам жұмыспен қамтылып отыр, – деген Елена Югринова әңгімені әріден бастады. – «Астана-БЕО» ЖШС-тің негізгі міндеттері – жеткізушілер, тұтынушылар мен банктер туралы деректерді қамтитын коммуналдық шаруашылығын бірыңғай деректер базасын құру және сумен жабдықтау, кәріздендіру қызметтері, жылу, электр, ҚТҚ шығару, телефон, интернет, лифт басқару, эксплуатациялық шығындар, домофон сияқты қызмет түрлерін қамтитын бірыңғай төлем құжатын (БТҚ) қалыптастыру. Жыл сайын тұтынушыларда жер салығы мен меншік салығын бір түбіртекпен төлеуге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта серіктестік 270 мыңнан астам дербес шоттар бойынша қыз­мет көрсетеді және 500-ден астам қызметтерді жеткізу­шілермен жұмыс істейді.
Жақында аталмыш мекеменің жұмысын әлеуметке жариялайтын ресми газет шыға бастағанын айтқан Елена Югринованың айтуынша, бүгінде тұрғындар аталмыш газет арқылы осы салаға қатысты қажетті ақпаратқа қанық болады. Егер елордалықтарды қандай да бір сұрақтар мазалап жүрсе, басылым редакторына хабарласып, мамандардан жазбаша жауап алуға болатынын тілге тиек еткен мекеме басшысы қазіргі уақытта сайт жобасының да жаңартылып жатқанын жеткізді. Жуырда осы сайт арқылы тұрғындарға есептеуіш құралдардың санағын ғаламтор арқылы көруге, сол сияқты төлемді де ешқайда шықпай-ақ онлайн түрінде жасайтындай мүмкіндіктер қарастырылып жатқан көрінеді.

АЛАҢДАУҒА ЕШ НЕГІЗ ЖОҚ
Сонымен қатар, Елена Юг­­ринова соңғы уақытта­ғы түбіртекті жеткізудің ке­шеуілдеуінің себебін де түсіндіріп өтті.
– Қазан айында қала тұр­ғындары «Астана-БЕО»-ның түбіртектерінің кешігіп жеткізіліп жатқанына наразы­лықтарын білдірген еді. Бірақ бұл біздің қызметкерлердің тарапынан кеткен олқылық емес. Түбіртек да­йындап шығаратын құрал-жабдық­тың істен шығып қалғаны­ның салдарынан екінші рет осындай жағдай орын алып отыр. Алайда бұл – біз қап­тайтын пішіндегі түбіртек­ті дайындайтын Қазақ­стан­дағы жалғыз құрал. Бұл тұр­­ғыда осы айдың 30-ына дейін санақты өсірмеу туралы «Астана су арнасы», «Ас­танаэнергосбыт» сияқты негізгі қызмет жеткізуші ме­кемелерге хат жолдадық. Аталмыш мекемелердің басшылығы да келісімге келіп, барлық төлемнің уақыты 30 қарашаға дейін созылатын болды. Сондықтан бұл туралы тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ, – дейді. – Ай сайын 270 мың абонентке осыншама конверт жолданады. Әр конверттің ішінде екі парақтан болады. Сонда есептесеңіз, айына 540 мың қағаз жұмсалады екен. Бірақ қағазбастылықтан арылатын күннің қашан туатыны әзірге белгісіз боп тұр. Өйткені тұрғындардың басым көпшілігі ақпаратты тек қағаз күйінде алғысы келеді. Әйтпесе конверттің ішіндегі ақпараттың электронды нұсқасын да жібере аламыз. Оған мүмкіндігіміз де толық жеткілікті.

АЙЫППҰЛ ТӨЛЕГЕНДЕ МҰҚИЯТ БОЛУ КЕРЕК
Мекеме басшысының айтуынша, «Астана-БЕО» ЖШС бірыңғай төлем құжаты бас­қармасының call-орталығы «Астана су арнасы» кәсіпорнының құзырына берілген. Қазіргі уақытта «Астана-БЕО» ЖШС-те тек екі оператор ғана жұмыс істейді екен. Олар тұрғындардың қоңырауына жауап беріп, өтініштерін қабылдап, кей кездері байланысты арнайы мамандармен жалғайтын көрінеді.
– Осы айдан бастап біз түбіртекке жол қозғалысы ережелерін және құқық тәр­тібін бұзу бойынша әкім­ші­лік айыппұлдар төлемін ен­гіздік. Біздің тұрғындар «әкімшілік айыппұл» деген мәтін пайда болған түбіртекті төлеген кезде мұқият болу керек, – дейді Елена Югринова тағы бір сөзінде.
Оның айтуынша, биылғы жылы әкімшілік айыппұлдар бойынша төленетін түбіртектерді 3400 адам алады. Айыппұл туралы мәліметтерді Астана қаласының Ішкі істер департаменті береді екен. «Астана-БЕО» түбіртегіндегі әкімшілік айыппұлдарды төлегенде банк комиссиясының өзгермейтінін айтады «Астана-БЕО» ЖШС бірыңғай төлем құжаты басқармасының басшысы.

Нұрдәулет Кәкішев

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды