«Наздың» нақышы

0 266

 «Наз» мемлекеттік би театры елорданың 20 жылдығына орай Қостанай және Қарағанды облыс­тарында өткен Астана күндеріне қатысты.

Екі қаланың да мәдениет сарайы көрерменге лық толды. Тобылдың төрін, Нұраның бойын ән мен биге бөлеген бейнебір өнер көші дерсің. Елорданың құрылғаннан бергі даму тарихын арқау еткен концерттік бағдарламаны кішігірім хореографиялық қойылым десе де болады. Абыздардың сөзімен басталып, өр рухты қа­зақтың жігіттерінің биімен жалғасын тапқан кеш көрген адамның рухын көтеріп, бір сәт күйбең тірліктен алыстатты. Сілтідей тынған көрер­менді би әлемі өзіне баурап алды.
Театр әртістерінің толассыз еңбегінің нәтижесінде дайын болған бағдарламада ең таңдау­лы хорео­графия­лық композициялар мен билер және Астана, Отан жайлы поэтикалық қойылымдар көрсетілді.
Көрерменге осындай ғажайып концерттік бағдарлама ұсынған театрдың көркемдік жетекшісі – бас балетмейстер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қадиша Ағымбаева.
Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов және Қарағанды қаласының басшысы Нұрлан Әубәкіров кешке қатысып, әртістерге ризашылығын білдірді.
«Наз» мемлекеттік би театрының бұл концерттерде Астананың айбынын асқақтатты.

 

Айнұр ШӘМШІ

Гүлзат МАҚСАТҚЫЗЫ, Қарағанды:
– «Наз» би театры келеді дегенді естіген күннен бастап бұл күнді асыға күттім. Өзім бүлдіршіндерді би өнеріне баулимын. Концертті көре отырып, өзіме көп тәжірибе жинақтап, көп ой түйдім. Қаншама би ұжымдарын ғаламтордан көріп, ізденісте жүремін. Бірақ бұл кештен алған тағылымым маған шабыт сыйлады. Осындай ұжымдар қаламызға жиі келіп тұрса екен. Театрға тек толағай табыстар тілеймін. Астанамызды мерейтойымен құттықтаймын!

Айман САЙЛАУҚЫЗЫ, Қостанай:
– Мұндай концертті телеарналардан жиі көре алмайсыз. Зейнетте отырған соң, көк жәшікті көбірек көретініміз жасырын емес. Жас ұлғайған соң өз қазағыңның ұлттық дүниелерін іздейді екенсің. Шынымды айтайын, мұндай жоғары деңгейдегі би ұжымының концертін соңғы рет қашан көргенім есімде жоқ. Бұл концерт тек әдемі би қимылдарынан ғана тұрмайды екен. Әр би өзінше терең түсінік, тұрмыс-салттан хабар береді. Ұлттық киімдері қандай тамаша! Көз сүйсінеді. Бұл театрға тек шығармашылық табыс тілеймін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − 6 =