«Назарбаев университетінің» жаңа стратегиясы

0 105

«Назарбаев университеті» жанынан инновациялық кластер құрылмақ. Ал  «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтетін ғимараттар  осы оқу ордасының маңайына салынып, бұл нысандар да келешекте  университеттің кластері қатарын толықтырмақ. Бұл туралы бейсенбі күні Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің екінші отырысында сөз болды.

Бәсекеге қабілетті білікті ұрпақ тәрбиелеуге ден қойған «Назарбаев университетінің» құрылғанына биыл үш жыл. Қазіргі кезде мұнда 1500-ге жуық студент оқиды. Уни­верситеттің оқыту тәсілі ерекше. Мұнда әртүрлі ғылым сала­сын қамтитын үш мектеп пен көп­теген зертханалар бар.

Елбасы мемлекетіміздің өркен­деуі халықтың біліміне тікелей бай­ла­нысты болатынын алға тарта отырып, күні кеше елімізге прези­денті мемлекеттік сапармен келген Финляндияның тәжірибесін мысал­ға келтірді. Бүгінде әлем бойынша эко­но­ми­калық даму жағынан көш­бас­шы мемлекетке айналып отыр­ған фин елі тек білімі мен ин­нова­ция­лық техно­логия­ларды мең­ге­руі­нің арқасында осындай жоға­ры көр­сеткішке қол жеткізіп отыр.

– Біздің университетіміз аз уақыттың ішінде үлкен беделге ие болды. Жоғары білім алуға ұмтылған жастарымыздың қазірден бастап ғылыми жаңалықтар аша бастауы қуантады. Бүгінде бұл оқу орны әлемнің жетекші университеттерінің қата­рында келе жатыр. Оқу ордасы халықаралық стан­дарт­тарға сай мамандар даярлап, олардың әлемдік эко­но­микалық бәсе­кеге лайық болатынына сенімдімін, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Басқару жүйесі халықаралық стандартқа негіз­делген «Назарбаев университеті» биылдан бастап бакалаврлардан бөлек, магистрлар да дайындай бас­тайды. Университеттің жаңа страте­гиясы бойынша, енді оқу орнының ғылыми-акаде­миялық кеңес­тері тек ілім-біліммен шұғылданып қана қой­май, университеттегі атқарушы, экономи­калық мәселе­лер­ге де араласа бастайды. Бұл – университетті тек ректор ғана емес, академия­лық кеңес те бірге бас­қарады деген сөз.

Білім ордасына күні бүгінге дейін мемлекет қар­жы салып келген еді. Озық академиялық менедж­мент­ті қалыптастырып жатқан орда бұдан былай өз бетімен инвестор іздеуі керек.

Жиында, сондай-ақ, биыл Бурабай шипажай-сауықтыру аймағында экологиялық зертхананың құры­лысы басталатыны айтылды.

«Назарбаев Университеті» ААҚ атқарушы кеңесінің төрағасы Аслан Саринжиповтың айтуынша, онда қоршаған ортаны, су айдындарын, өсімдіктерді қорғау мәселелерін шешу жолдары талқыланбақ. Бұған қоса, зертханада ақпарат­тар жинайтын, сараптама жасайтын халық­аралық стандарттарға сай мониторинг орталығы құрылатын болады.

Мемлекет басшысы университет жанынан экономика, құқық, дін, тілдер тарихы және қоғамдық өмірдің басқа да салаларындағы өзекті мәселелерді зерттеумен айналысатын арнаулы орталық та құрылу қажеттігін, бұл гуманитарлық мектептерге өте тиімді көмекші болатынын айтты.

Сонымен қатар, Елбасы зияткерлік мектептердің бүгінгі жай-күйіне де тоқталып, оның алдағы міндеттерін белгілеп берді.

– Біздің негізгі міндетіміз – бұл мектептерді әлемнің озық елдеріндегі білім ошақтарымен иық теңестіретіндей жағдайға жеткізу.

Келешекте біздің балаларымыз осы мектепті бітіріп, әлемнің кез келген елінде білімін жалғастыра алады. Біз сол үшін бұл мектептерге автономия бердік. Заң қабылданды. 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітілді, – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде республика бойынша 11 зияткерлік мектеп жұмыс істейді. Халықаралық бакалавриат бағдарламасына еніп, үш тілде білім беретін мектептердің қатары алдағы уақытта тағы да көбейеді. Айталық, осы жылдың соңына дейін төрт мектеп іске қосылса, келер жылы бес мектептің тұсауы кесілмек. Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда екі мектептен, Семей, Өскемен қалала­рында екі мектеп, қалған облыс орталықтарының барлығында бір-бір мектептен ашылмақ.

Президент зияткерлік мектептеріне сапасыз оқулықтар проблемасын шешу ісіне белсене кірісу­ді тап­сырды. Бүгінгі таңда жалпы орта білім беретін мек­тептерге арналған оқулықтардағы кемші­лік­тер аз айты­лып жатқан жоқ. Енді олқылығы көп оқулық­тар­мен зият­керлік мектебі айналысатын болды.

Ал, «Назарбаев университеті» жанынан ашылатын зерттеу орталықтары мен инновациялық кластерді құру үшін еліміздің кейбір заңдық құжат­тарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл мәселелермен Үкімет айналысып, нақты шешімдер қабылдайтын болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =