НАЗАРБАЕВ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ЛАЙЫҚ ДЕП ТАНЫЛДЫ

0 154

Кеше Тәуелсіздік сарай­ында «Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарудан азат әлемге» халықаралық конфе­ренциясы өтті. 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай ұйымдастырылған шараға әлемнің 70-тен астам елінен делегаттар қатысты. Шара барысында бейбітшілік пен тұрақтылыққа жетекшілік жасап, тыңнан жол салған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамаларды меңзеген идеялары жарияланды. Шетелдік меймандар қазақ елі көшбасшысының осыдан жиырма жыл бұрын жасаған жарқын қадамы туралы сөз етті. Елбасын бейбітшілік жолындағы жанкешті еңбегі үшін Нобель сыйлығына ұсыну туралы бастама көтерілді.

Әуелі, 28 тамыз күні қазақ топырағына табан тіреген шетелдік қонақтар Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталыққа барды. Одан соң Семейге соғып, Семей полигоны жабылуына байланы­сты митингіге қатысты. Сөйтіп, ел ордасы – Астанаға келгенге дейін тәуелсіз мемлекеттегі хал-ахуалмен, әсіресе, елді зар еңіреткен Семей полигонының тарихы мен оның бүгінгі жай-жапсарымен, халықтың сынақ салдарынан тартқан азабымен танысып алды.

Конференцияға келгенде, көпшіліктің аузының суы құрып, Қазақстан Президентінің бейбітқұмар бастамаларын бастыр­малатып айта бергені де сондықтан болса керек.

Десек те, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде әлемде тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, ядролық қарудан бас тар­тып, адамшылықта өмір сүру мақсатында қаншама қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатса да, ғаламдық ядролық қауіпсіздік процесі динамикасының төмендеуі байқалмай отырғанын мәлімдеді. Яғни, адамзат қауіп құшағында өмір сүруде. Сөз жүзінде бірқатар елдер бейбітшілік жолындағы бастаманы қолдап, арқадан қақса да, іс жүзінде қаруын қалтасынан тастар емес.

Сарабдал саясаткер ретінде бұндай жағымсыз құбылыстардың себебін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конференция барысында былайша түсіндірді:

«Біріншіден, әзірге ядролық қару таратпаудың жан-жақты жүйелілігі әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Талапқа сай келісімнен тыс жаңа ядролы елдер табалдырық сыртында қалып отыр. Екіншіден, осыдан екі жыл бұрын АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық ша­буылдау мақсатындағы қарулануды қысқарту процесін жаңартатын «Париж келісімшарты» жасалса да, ол ядролық клубтың басқа рес­ми өкілдеріне үлгі бола алған жоқ. Үшіншіден, «табалдырықта тұрған санаулы елдің қолы қойылмаған» деген себеппен ядролық сынақтарға түбегейлі тыйым салу туралы келісімшарт әлі күшіне енген жоқ. Төртіншіден, ядролық энергетика ұлттық бағдарламаларын ғаламдық бақылау мәселесі әлі жолға қойылған жоқ. Нақты біржақты нормалардың болмауынан елдер арасында бір-біріне деген сенімсіздік сейілмей, күдік туып отыр… Бесіншіден, «Фукусимада» болған жағдайдан кейін, бейбіт атом нысандарын­да қауіпсіздік технологиясын қамтамасыз етуде артта қалушылық қазіргі жағдайларға себеп болып отыр».

Алайда, бұл мәселенің бәрінің түбі тереңде жатқанын атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік мәселесіне өткен жыл­дардан бізге мұраға қалған әлемдік саясат та кесірін тигізіп жатқанын жоққа шығармады.

Сөз арасында: «Ядролық қару – адамзаттың өзін-өзі құртуы. Ал, суицид кез-келген дін бойынша тыйым салынған амалдардың бірі» деп атап өткен Елбасы ядролық қауіпсіздіктің аса маңыздылығын бы­лайша түсіндірді: «Планетада не өмір сүру керек немесе атом бомбасымен бірге жанып кету керек. Басқа үшінші жол жоқ», – деді ол. Сондықтан, ядролық қауіпсіздік мәселесіне бей­тарап қарамай, БҰҰ бар күшін салып, әлем елдерін ядролық қауіпсіздікке шақырып, ядролық қару таратуға түбегейлі тыйым сала отырып, батыл қадамдар бастауы керектігін меңзеді.

Десек те: «ХХІ ғасырда адам­зат қоғамын энергиясыз елестету мүмкін емес. Бүгіннің өзінде жер бетінде 2 миллиардтай адам электр қуатын тұтына алмай отыр» деп мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт мақсатта атом өндіруге бо­латынын дәлелдеді. Мемлекет бас­шысы атап өткендей, таяуда Қазақ елінің транспаренттік негізде 210 тонна өңделген ядролық отынды қауіпсіз сақтауға тасымалдау жоба­сын жүзеге асырған. Қазақстандық реакторларды төмен байытылған отынға алмастыру жұмыстарының ашықтығы да жалғасуда. МАГАТЭ-мен бірлесіп, табиғи уранды есеп­ке алу, бақылау және қорғаудың бірегей автоматтандырылған жүйесі құрылуда.

«Қазақстанның МАГАТЭ-ге біздің елімізде Халықаралық ядролық отын банкін орналастыру туралы өтінімін жүзеге асыру бойынша жұмыстар тәжірибеде іске қосылды. Міне, осы мысалдардың барлығы да ядролық қарудан мәңгілікке бас тартқан біздің еліміз үшін сөзсіз тиімді. Сонымен қатар, бұл басқа да мемлекеттерге үлгі», – деді Пре­зидент.

Осыдан жиырма жыл бұрын әлемдегі елдердің алғашқысы болып, Семей ядролық полигонын жау­ып, құны миллиардтап есептелетін қымбат, қуатты қару-жарақтарды жойған, ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конференция барысында ізгі қадамдардың бастау­шысы ретінде мадақталды. Германия Сыртқы істер министрі Гидо Вестер­велле Назарбаевтың 1991 жылы-ақ әлемге үлгі боларлық іс істегенін және жиырма жылдан бері бейбітшілік пен татулық жолындағы жұмысын жалғастырып келе жатқанын айтса, АҚШ Конгресінің мүшесі Эни Фале­омаваега: 1991 жылға дейін де, одан кейін де ешкім Нұрсұлтан Назарбаев секілді ерлікке бара алмағанын атап өтті.

«Қазақстан Ресейден қандай зардаптар көрсе, Маршалл аралдары да АҚШ-тан сондай азап тартқан. КСРО-ның Семейді полигон астына алып, мыңдаған ядролық сынақтар өткізгені секілді, АҚШ-та Маршалл аралдарынан сондай сынақ алаңын ашып, ұзақ жылдар бойы жарылы­стан көз аштырмаған. Бірақ, қанша жыл өтсе де, Ресей Қазақстан халқына әкелген зардабының, АҚШ Маршалл аралдары тұрғындарына тарттырған азабының орнын толтырған жоқ», – деп мәлімдеді Эни Фалеомаваега. Сондықтан, қаншама кедергілер мен қарсылықтарға төтеп беріп, ядролық қарудан бас тартып, жақсылықтың жаршысы болған Нұрсұлтан На­зарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну керек деген пікірін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған БҰҰ-ның канадалық өкілі Дуглас Рош та Назарбаевтың бастамаларын қолдайтынын және АҚШ президенті Барак Обама Нобель сыйлығына қаншалық лайық болса, Қазақстан Президенті де сонымен бірдей еңбек сіңіргенін мәлімдеді.

Шетелдік саясаткерлердің ай­туынша, Астанада өткен жиын үлкен мәселелерді қамтып отыр. Сондықтан, бұл шара әлемдік қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, атомды бейбіт мақсатта ғана пайда­лану секілді негізгі мұратқа жетуге ықпалын тигізеді деп сенуге болады.

Нәзира БАЙЫРБЕК

*Сүбелі сөз

Валентина МАТВИЕНКО, РФ Федерация Кеңесінің төрайымы:

Ресей атом-энергетикасының қауіпсіздігі сала­сында халықаралық-құқықтық базаны нығайтуды қолдайды. Біздің жұмысымыздың маңызды бағыты – атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану және оның қауіпсіздік проблемасын шешу. Заманауи әлем техногендік және табиғи апаттармен қақтығысып келеді. Осының өзі төтенше жадайларға ден қоюдың халықаралық жүйесін құру туралы салмақты ойлауға мәжбүрлейді. Сол үшін халықаралық құқық нормалары бола алатын қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттары болуы шарт.

Эни ФАЛЕОМАВАЕГА, АҚШ конгресмені:

Әлем бойынша төртінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жауып, Қазақстан айрықша батылдық танытты. Осы орайда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси күш-жігерін ерекше атап өткен жөн. Білуімізше, сол үшін Қазақстан халқы Елбасын бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын ұсыну бастамасын көтерді. Алайда, осы уақытқа дейін Нобель комитеті бұл сыйлықты тек ядролық полигондарға инспекция жасаған, не болмаса, осы салада ынтымақтастық орнатқаны үшін берген. Ядролық қару-жарақты саяси тұрғыда жойғаны үшін ондай награда әлі бірде-бір адамға тағайындалмаған. Сондықтан мен Қазақстан халқының бастамасына қосылып, Нобель комитетін Нұрсұлтан Назарбаевты осы атақпен марапаттауға шақырамын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =