Назарбаев моделі

0 119

Қазақстанға өзінің дербестігін айқындауға мүмкіндік берілген мезеттен бері 30 жыл өтіп отыр. Осы тағдырлы жолда жеткен жетістіктер де, еңсерген қиындықтар да болды.Тарихи мәлімет – тайға таңба басқандай өзгермейтін құбылыс. Осы орайда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылданған тұста еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай өте ауыр болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл әлемдегі ең үлкен империя – Кеңес Одағынан ыдырап шыққан он бес одақтас республиканың өз бетінше күн көру жолына түскен кезең еді. Жұрттың тұрмысы төмендеп, инфляцияның шарықтаған тұсы. Осындай ел басына сын туған шақта жас мемлекет те, оның тізгінін ұстаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та үлкен сынақтың алдында тұрды.
Тағдырдың салғанынан тартынбаған, халықтың сенімі мен үмітін арқалаған Президент қолына алған әрбір істі жүйелеп, өзіндік даму моделін жүзеге асыруға кірісті. Ең алдымен егемендіктің алғышарттары – мемлекеттік шекараны шегендеуді, Қарулы күштерді құруды, сыртқы дипломатиямен қарым-қатынасты нығайтуды жүзеге асыруды қолға алды.
«Алдымен экономика» деп іске кіріскен Мемлекет басшысы экономиканың өте маңызды әрі күрделі құбылыс екенін түйсінді. Өйткені бір жүйеден екінші жүйеге көшу қиынның қиыны екені түсінікті. Олай дейтініміз, Қазақстанның егемендігі жарияланған тұста еліміздің экономикасы КСРО экономикасының құрамдас бір бөлігі болып тұрды. Сондықтан 90-жылдардың басындағы гиперинфляция мен алапат дағдарысқа тәуелсіздігін енді жариялаған Қазақстан басшылығын кінәлауға болмайды. Міне, дәл осындай тағдыршешті тұста тиісті шешім қабылдау үшін батылдық пен табандылық қажет болды. Сол батылдық пен табандылық Нұрсұлтан Назарбаевтың бойынан табылды. «Мен нарық экономикасын таңдадым, оның мүмкіндіктеріне сенемін. Халқым менің соңымнан еріңдер және осы нарық жолымен еш нәрсеге алаңдамай жедел жүріп отыруға бел байлаймыз» деген Елбасы халыққа өз үндеуін жария етіп, елдің рухын сілкіндіре білді. Сөйтіп, Елбасы Қазақстан экономикасын түбірінен және түбегейлі өзгертуге бетбұрыс жасады. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елді күйреген жағдайдан алып шығудың бірден-бір жолы экономиканы тұрақтандыру екенін айқын білді. Алдыңғы кезекте рубльге тәуелділікті тоқтатып, төл валютамыз – теңгені айналымға енгізді.
Ел экономикасын реформалаудың басындағы ең үлкен шаруаның бірі жекешелендіру саясатын жүзеге асыру болды. Шындығын айтсақ, бұл кезеңде бұрын мемлекет меншігінде болып келген жүздеген кәсіп­орындардың жұмысы тоқтап қалды. Ал қалғаны талан-
таражға түсе бастаған. Міне, осындай тығырықтан шығудың тиімді жолы жекешелендіру болатын. Бұл, біле білсек, әлемдегі өркениетті елдердің бәрі өткен жол. Мәселен, Қытайдың экономикасында түбегейлі реформалар басталмай тұрған кезде бұл елде жекеменшік кәсіпорын деген болмаған екен. Ал қазіргі кезеңде бұл ел жеке кәсіпкерлікті дамытудың арқасында өз капиталын шетелдерге инвестиция ретінде салудан әлемдегі екінші мемлекет болып отыр. Осының бәрін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев білмеді емес, білді. Сондықтан жекешелендіру туралы ұстанған бағытынан айнымады. Нәтижесінде Қазақстандағы барлық сауда, тұрмыс көрсету кәсіпорындары мен мекемелері, атап айтқанда дүкендер, қонақүйлер, мейрамханалар, шаштараздар, т. б. түгелдей жекешелендірілді. Ал жекеленген кәсіпорындар өз кезегінде нарық талабына қарай жұмыс жүргізуді игеріп, бәсекелестікті орнықтырды. Бүгінгі таңда сол жекешеленген мекемелерді бұрын мемлекеттің меншігінде болды деуге келмейді. Халық шағын және орта бизнес арқылы жаңа деңгейде өмір сүретін болды. Осындай экономикалық реформалар өндіріс саласында да, ауыл шаруашылығы саласында да өз жемісін бергені анық.
Қазір зерделеп отырсақ, сол кездегі экономикалық талпыныстар бүгінгі таңдағы экономикалық табыстың негізін қалыптастырған либералды экономикалық реформалардың басы болған екен.
Осылайша бүкіл экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшыраған, жаңа бағытта дамудың жолына түскен Қазақстанға әлемдік қауымдастық тарапынан да қолдау білдіріліп, шетелдермен тығыз интеграция жүргізіле бастады. Бұл жерде де Президенттің жігері мен қайраты ерекше рөл атқарғаны мәлім.
Жыл санап мемлекеттігі нығая берген елімізде бірте-бірте демократиялық құндылықтармен толықтырыла түскен саяси жаңғырулар басталды. Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, қос палаталы Парламент сайлауы өтті.
1997 жылы Президент Н.Назарбаев «Қазақстан -2030» даму стратегиясын ұсынды. Бұл құжат еліміздің жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың негізгі бағыт-бағдарына айналды. Президент стратегиясы еліміздің ұзақ мерзімді болашақта одан әрі даму жолдарын көрсетті. Осы кезеңнен бастап «Назарбаев моделі» қазақстандықтардың кең қолдауына ие болып, инновациялық даму жолына түсті. Нәтижесінде еліміз экономикалық модернизация ісінде ілгері қадам жасады. Әлеу­меттік мақсатқа бейімделген нарықты экономика орнықты. 2003 жылдан бастап Президент Жарлығымен қабылданған Индустриялық-инновациялық стратегиясы шикізаттық экономикадан әртараптандырылған экономикаға көшудің бағытын айқындады. Осы кезеңде елімізде жаңа өндірістер пайда бола бастады. 2006 жылы Мемлекет басшысы Қазақстанды бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосуды көздеген жаңа стратегиясын жариялады. Бұл стратегия арқылы ұлттық және халықаралық маңызы бар жобаларды жүзе асырылды.
Әлем турбуленттілік жағдайына түсіп, бірінші жаһандық дағдарыс жағдайы туындағанда дамыған елдердің өзінде экономикалық көрсеткіштер бәсеңдеп, елеулі қиындықтарға тап болғаны белгілі. Сол кезде БҰҰ сарапшылары әлемде экономикалық даму қарқыны төмендейді деп болжаған. Тұтыну бағаларының индексі АҚШ-та да, Еуроаймақ елдерінде де бүкіл «мүмкін болатындай нормалардан» бәрінен асып кеткен болатын. Әр мемлекет өзінің дағдарыстан шығар жолын қарастырып жатқан сындарлы кезде біздің Президент «дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын» ұсынып, іске қосты. Жедел түрде екінші деңгейлі банктердің өтімділігін қолдау жөнінде шаралар қабылданды, шұғыл түрде Үкіметке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасын ұсынып, мемлекеттік азық-түлік резерві жасалды. Осылайша дер кезінде қолға алынған шаралар өзінің жемісін берді, ақша-несие жүйесі реттеліп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы күйреуге ұшырамай тұрақталды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін дағдарыс кезіндегі Қазақстанның жасаған ұтымды қадамдарын АҚШ, Ұлыбритания және Ресей үкіметтері де жасағаны белгілі болды.
Иә, бүгінде еске алып отырсақ, жаһандық дағдарыс жағдайында Елбасы экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, экономикалық саясатты икемді түзете білгенін түйсінеміз. Бұл «Назарбаев моделінің» басты қағидаты – озық экономикаға батыл бетбұрыс жасау және жедел шешім қабылдау екенін аңғартады.
Тұңғыш Президент
Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретінде негізгі ұстанған бағыты елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен саяси жүйені кезең-кезеңмен жаңғырту болғаны анық. Тағы да еске салсақ, «Алдымен экономика – содан кейін саясат» деген Елбасының ұстанымы жай ғана сөз емес, бұл мемлекетті құру мен дамытудағы бірегей моделінің өзегі болғаны айқын. Нұрсұлтан Назарбаев елдегі саяси жаңғыртудың әрбір кезеңі, әлеуметтің әл-ауқатының артуы және мәдени дамудың бәрі де экономикалық жағдайға байланысты болатынын алға қойғанын білдірді. Бұл, біле білсек, Елбасымыздың стратегиялық көрегендігін, халықаралық тәжірибені, әлемнің басқа елдерінің табысты және табысты емес мысалдарын жете зерттей білгенін көрсетеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – жас тәуелсіз мемлекеттің даму жолын айларға емес, жылдарға емес, ондаған жылдарға орайластырған Мемлекет басшысы ретінде әлемдік аренада мойындалған стратег. Елбасы – алдағыны күні бұрын көре білетін, алыстан болжай алатын көшбасшы. Мәселен, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының кейінгі дағдарыстан әлдеқайда бұрын қабылдануы сол стратегиялық көрегендіктің дәлелі болса керек. Ал Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы қадағалау агенттігінің 2009-2011 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары бүкіләлемдік қаржы дағдарысы кезінде болуы ықтимал қиындықтардың алдын алды. Осы іс-қимыл жоспары бойынша Ұлттық қордан 20 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржы ел экономикасына инвестиция болып құйылды. Шағын және орта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мен қаржы секторы мемлекеттік бұрын болмаған қолдауға ие болды. Нәтижесінде экономикалық құлдырауға жол берілмей, қаржылық тұрақтылық сақталып қалды.
Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «… қанға және бейберекеттікке бөккен демократия бізге түкке де керек емес. Біздің демократияның негізі – саяси, әлеуметтік және ұлтаралық тұрақтылық. Басқа елдер демократиялық жүйткуіміз үшін бізге қол шапалақтағанына бола өз халқымызбен сынақтар жүргізбейтін боламыз» деген болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының саяси ұстанымы жеке азаматтық беделі елімізде ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеді, ал мұндай әрекеттер болмады емес, болды. Осындай елдегі саяси өмірді ырықтандыра білу арқылы Қазақстанда басқа көптеген елдердегідей қоғамдық сілкіністер мен азаматтық қақтығыстар орын алмай, керісінше, ұлт болып ұйысуға, қазақстандық патриотизмге деген серпіліс пайда болды. Президент Н.Назарбаев
жүрген жерінде ең басты байлығымыз еліміздегі бірлік пен татулық екенін айтудан жалықпады. Барлық берекенің бастауы бірлікке байланысты болатынын алға тартты. Осындай бағыт-бағдарды ұстанған Елбасының бастамасымен ұлт саясатын іске асырудың бірегей ұйымы – Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Бұл құрылым еліміздегі тұрақтылықтың тірегіне айналды. Бүкіл әлемде ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің қазақстандық моделі үлгі ретінде бағаланды. Қазақстан толеранттылықтың өнегесін көрсетті. Айталық, Қазақстанның халықаралық аренадағы саясатының тұжырымдамасында Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық жауапкершілік, көп векторлық қатынас, сенімділік және стратегиялық үнқатысуды қалыптастыру қағидаттарын негізге алды. Бұл орайда Елбасы жаһандық проблемалардың түйінін шешуге келгенде әлемдегі бейбітшілікке дәнекер басшы ретінде танылғаны сөзсіз. Мәселен, Қазақстан төрінде әлемдік діндер мен конфессиялардың көшбасшыларын бір арнаға тоғыстырып, бетпе-бет ортақ мәселелерді қарастыру мақсатында бір жиынға ұйыстыра білгені, барша адамзаттың қасіретіне айналған ядролық қарудан бас тартуы, Сирия және басқа да мемлекеттерде орын алған қантөгістерді тоқтатуға бағытталған шараларды ұйымдастыруы және тиісті шешімдер қабылдауға дәнекер болуы халықаралық қауымдастық алдында жоғары бағаланғаны тек қана Елбасының даналығын көрсетіп қоймай, Қазақ елінің бейбітшілігін де айқындай түскені сөзсіз.
Тұңғыш Президент
Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басқару ісіндегі ең айшықты белестің бірегейі мемлекеттің жаңа астанасын салу болғаны айқын. Бұл шешімнің де тоқсан тоғыз толғанып жасалғаны мәлім. Жаңа астана арқылы Елбасы еліміздің ұлттық, стратегиялық және әлеуметтік-экономикалық өміріне тың серпіліс әкелгені де сөзсіз. Осы тұрғыда Елбасы өзінің ертеде берген бір сұхбатында былай деп айтқан екен: «Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі болады деп қарадым. Қаныш Сәтпаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым. «Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?» деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ жағдай анау. Таудың қуысына сыймай тұрған қала, қыс ауасы көк түтін. Былай қарай шығайын десең Қаскелеңге тірелесің, мына жағыңда Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойында жаңа қала салмақ болған, вокзалдың орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ жүзеге аспай қалған. Содан болашақ астана болатын қаланы қарас­тыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Ақтөбені де, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған, баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын тоғыз жолдың торабында жатқан Ақмолаға тоқтадық. Ал енді қарасақ, Қазақстанның бар тарапынан ел жиналып, халықтың басы бірікті осы жерде. Қазақтың басы өсті осы жерде. Мен астананы көшірерде қазақтың саны Ақмолада тіпті болымсыз еді, қазір бұл қала нағыз қазақтың қаласына айналды».
Иә, астананы көшірудің стратегиялық маңызы өте шешуші рөл атқарғаны сөзсіз. Мәселен, жаңа астанаға оңтүстік өңірлерден жұмысы жоқ адамдар келе бастады. Жаңадан ашылып жатқан оқу орындарына жастар көптеп келіп, олардың көпшілігі осы қалада қалып, отбасылар құрылып, нәтижесінде қаланың демографиялық көрсеткіші күрт өсті. Ал тұрғындар саны артқан сайын құрылыс және өнеркәсіп өркендей берді. Қазір қарап отырсақ, елордамыз әлемдік архитектураның үздік жобаларымен салынған бағаналы ордаға айналып отыр.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру жолында өзіне жүктелген аса күрделі миссияны орындап шыққан тұлға ретінде танылды. Бүгінгі Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толық, дербес мүшесі ретінде толық қалыптасты. Тұңғыш Президенттің басшылығымен елімізде экономика, саясат, білім, мәдениет және басқа да әлеуметтік салаларда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Халықтың тәуелсіз ел ретіндегі келешекке деген сенімі нықталды.
«Сырт көз – сыншы» демекші, сөзімнің түйініне келгенде, Елбасымыз туралы әлемдік деңгейдегі көрнекті реформаторлардың мына бір сөздерін назар аударғанды жөн санап отырмын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында журналистердің бірі сол кездегі АҚШ президенті үлкен Джордж Буштан «Осы Кеңес Одағынан тараған жас мемлекеттер басшыларының ішінде кімді сенуге болатын лидер деп есептейсіз?» деп сұраған екен. Сонда АҚШ президенті көп ойланбастан: «Бұл – Назарбаев. Ол болашақты алдын ала болжай біледі» деп жауап қатқан. ХХ ғасырдың тағы бір ірі реформаторы Ли Куан Ю біздің Елбасы жайында «Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі фигура. Елу жастағы Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдайтын адам. Одақтың өзге республикалары мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды лидер. Егер Назарбаев республиканы басқарып тұрса, Қазақстанның табысқа жету мүмкіндігі анағұрлым ұлғая түседі» деген пікірін айтады.
Иә, тағдырдың өзі Нұрсұлтан Назарбаевқа тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің негізін қалауды жазған екен, олай болса Тұңғыш Президент – Елбасы өзіне жүктелген қасиетті аманатты ақтай білді. Сондықтан біз төрткүл дүние тәуелсіздігін таныған, мәртебесін мойындаған бүгінгі Қазақстанды «Назарбаев моделімен» құрылған мемлекет деп нық сеніммен айта аламыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 16 =