НАУША АСТАНА НАУРЫЗЫ

0 107

62 жыл. Осынша уақыт Алаш даласы күн мен түн теңелген табиғаттың киелі күнін тымырсық тыныштықпен қарсы алған болатын. Ғасырлар бойы дәл осы күні кермеде тыпыршыған тұлпар көсіле шауып, аламан бәйгеде алапат қарқынмен маңғаз даланың қойнына маңып бара жататын еді, дәл осы күні алыс-жақындағы ағайын-туыс бір қазаннан ас ішіп, бір дастарханның басына алқа-қотан отыратын еді, дәл осы күні өкпелісі ренішін ұмытып, араздасқаны болса арағайындық жасаған азаматтың сөзіне құлдық ұрып, достық құшағын ашып, бауырым деп бір-бірін бауырына басатын еді. Дәл осы күнді Тәңірі текті жаратқан Түркі дүниесі Ұлыстың ұлы күні деп атайтын еді…

Бабадан мирас бұл мейрам 

Ұлы күнді ұлан-асыр тоймен қарсы алып келген қазақ халқы кеңестік кезеңде төл мерекесін тойлай алған жоқ. Біздіңше жылдың басы саналатын осы күн отарлаушы ел күн­тіз­бесінде жай ғана көктемнің 22-ші күні болатын. Содан да болар, бодан ел жаңа жыл мерекесін желтоқ­санның 31-інен бастап тойлайтынды шығарды. Тойлағанда да отбасылық мереке ретінде зарыға күтіп, қуана қарсы алатын деңгейге «көтерілді». Солайша, бірте-бірте Наурыз мерекесі көкейімізде көмескіленіп, жас ұрпақ түсінігінде ол «Наурыз көже» деңгейінде ғана қалып келді.

Тәубе, тәуелсіздік алғалы өшке­німіз жанып, жоғалғанымыз жаңғы­рып жатыр, жаңғыртып жатырмыз. Мұн­дайда қазақ «орнында бар оңа­лар» дейді. Бастысы, ұлттық құнды­­лы­ғы­мыз мен баба мұрасын білеміз. Бәлкім, қазіргі таңда жете түй­сіне, сезіне алмай жатқан шығар­мыз, бірақ ол да оңалатын, орнына келетін олқылық. Ол өз алдын бөлек әңгіме, бізбің айтпағымыз тойдың жыры.

Егемендік алғалы ұлттық мейрамымызды ел болып тойлайтын дәс­түр қалыптасты қайта. Жылдан-жылға ауқымы ұлғайып, халық арасында кеңінен насихатталып келе жатыр. Өткенде ғана Астанамызда өткен үлкен той – соның бір дәлелі. Енді елордадағы Наурыз мерекесінің мерейлі сәттерін сөз етейік.

Биыл Астанадағы той ерекше бол­ды деуіміздің өз себебі бар. Алаш аста­насындағы дүбірлі думанға бергісі Арқа, арғысы Жетісу мен Сырдан, одан қалды, сонау Қызылжар мен Семейден ағылып керуен келді. Бұрынғыдай көш керуені емес, той керуені. Әр керуен құрамында әнші, күйші, биші, бір сөзбен айт­қанда бүгінгінің сал-серілері бар. Олармен қоса бүркітші, ұста, ағаш шеберлері де ере келген. Құр қол емес, әрине, ұстаханаларынан шыққан бұйым­дарын алып келген. Қыш құмыра дей­сіз бе, ағаштан ойылған ыдыс, ойын­­шықтар, қайыстан өрілген жә­ді­­гер­лер жайманың көркін аша қалған. Бұл ашық аспан астындағы көрме болды. Жұрт сыртынан сүйсі­ніп тамашалаған. Ол ол ма, әр өлке өз өңірінде өндірілетін азық-түлік өнім­дерін де әкеліп, «Қазақ елі» мо­ну­­мен­тінің алдындағы алаңда нарық бағасынан әлдеқайда арзан жәр­­меңке өткізді. Астана жұрты дәл осы күні Шардараның балығын, Қызыл­­орда­ның «Ақ маржан» күрі­шін, Қызыл­жардың шұжығын дорба­лап алып, Алматыда өндірілген түр­лі тамақ өнімдеріне бір жарып қал­ған. Өзіміз тілдескен тұрғындар жәр­меңке бағасы әлдеқайда арзан екен десіп жатты. Бір қызығы, әр өлке өнді­ретін тағам өнімдері бір-бірі­нен өзгеше болып келеді екен. Мысалы, Қызылорда шұжығы мен Қызыл­жар шұжы­ғының дәмі екі түрлі деседі. Содан ба, елорда жұр­тына олар таңсық көрінді. Жұрт таласып-тармаса жәрмеңке жайма­сындағы дүниелерді сатып алып жүргенінің сыры – осы.

Жәрмеңке қызығы өз алдына, сәлден соң әр өңірдің өнерпаздары оқшаулау құрылған сахнаға шықты. Ақселеу Сейдімбек ағамыз қазақ музы­ка мек­тебінің санын бір санға арт­ты­рып, өз еңбектерінде Алтай ән мектебін алғаш атап өткен еді. Осы Алтай қазақтары (Өр Алтай) айтып жүретін «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін Сыр бойынан келген қобызшының сарнатып отыр­ғанын алғаш осында көрдік. Қобыз үні біз білетін әнге соны сипат, басқа табиғат бітірген. Онан соң Нартайдың әні әуелеген. «Өздерің білер Нартаймын, Ай, Нар да бір болсам қартайдым» деп басталатын ән баянның сүйемелдеуімен көрерменге тарту етілді. Бұл атақты Сыр музыка мектебінің әншілері еді. Сырдан келген өнерпаздар жан-дүниесін сиқырлы сазға бөле­ген халық сәлден соң Арқаның әнде­ріне шалқып отырған. Сонау Қызыл­жардан келген әнші Үкілі Ыбы­райдың «Қараторғайын» қонақкәде етіп, шырқап берді. Шыны керек, дәл осы сәтте үлкен сахнада күміс көмей әншілеріміз де өнер көрсетіп жатқан. Бірақ, жұрттың бір бөлігі қазақтың қобызы мен халық әндерін қимай тұрған.

Орталық сахна көркімен көздің жауын алатындай еді. Айналасына 40-тан астам ақшаңқан киіз үй тігілген алаң ортасына орналасқан ол ерекше безендірілген. Ортадағы «Күн шапағы қақпасын» жағалай 12 жылды бейнелейтін хайуанаттар мүсіні орын тапқан. Оның арғы жағы көшпелілердің өмірін көз алдыңызға әкелетін дүниелерге толы. Аумағы 1620 шаршы метрді құрайтын сахна­ның жиектері сақ оюы тәріздес өрнек­термен сәндендірілген. Алаңды аядай ғана экранға сыйдырып ортада 8х8 диаметрлі LED-дисплейі тұрды. Ал, алаңға жап-жасыл кілем төселген. Осынау жайнаған алаңға 500-ден астам биші шығып, хореографиялық қойылыммен думанды бастап берген. Сол бимен бойға тараған шат­тық шартарапты шалқыта жөнел­ген де шапалаққа ұласқан. Міне­ки, көз алдыңызға елестетсеңіз осындай кө­ріністер биылғы әз-Науры­зымызда болып өтті. Оған куә болған ел бар. Бір сөзбен айтқанда, елорда жұрты осылай тойлатып, бабадан мирас мей­рамымызда талай қызыққа кенелген болатын.

Мақтаулылар марапатталды

Шындығында, бұл мейрам қала халқы үшін бұдан біраз ертерек басталып кеткен болатын. Мәселен, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, халыққа қызмет көрсететін мекемелер, ойын-сауық орталықтары жыл сайын Наурызды тойлатпай қал­май­тыны бесенеден белгілі. Ал, бұл шара­лар­дың Астанада жүйелі ұйым­дас­ты­ры­луы­на, еш жерде атаусыз қалмауына мұрындық болып келе жатқан – қала әкімдігі. Әкімдік биыл да жылдағыдай бәйге жариялап, «Армысың, әз Наурыз!» байқауы аясында жарыс ұйымдастырған болатын. Сол себепті мекемелер арасында қып-қызыл бәсеке болып, бірінен-бірі асып түсуге тырысып жатты. Олар­дың еңбегін, ұйымдастырылу дең­гейін бағалап, сараптап жүрген комис­сия мүшелері күні кеше бір ше­­шімге келіп, Қ.Қуанышбаев атын­дағы қазақ музыкалық драма теат­рын­да қала бойынша Наурызды ең үз­дік тойлаған, ұлттық сипатын аша біл­ген меке­мелерді марапаттау рәсімі өтті.

Бұл сайыс наурыз айының 11-і мен 22-сі аралығында болып өтті. Оған жалпы саны 133 мекеме қатыс­ты. Шараны ұйымдастырушы Аста­на қаласы Тілдерді дамыту басқарма­сының бастығы Ербол Тілешов жарысқа қатысамын деушілердің былтырғыға қарағанда артқанын, жұрт ынтасының арта түскенін мақ­танышпен жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр бұл конкурсқа 108 мекеме қатысқан болатын.
Марапаттау жеті аталым бойынша өтті. Бірінші аталымда мемлекеттік мекемелер сынға түсіп, ынталандыру сыйлығына Сәулет және қала құрылысы басқармасы ие болды. Үшінші орынға Жастар саясаты мәселелері басқармасы дайындаған мерекелік шара лайық деп табылса, Энер­гетика және коммуналдық шаруа­шы­лық бас­қармасына екінші дәре­желі диплом табысталды. Осы аталым бойынша ең үздік деп Қар­жы басқармасы танылды. Қаржы бас­қар­ма­сының қойылымы «Қызыл Кі­тап­қа» енгізілген құстардың 32 түрі мекендейтін мемлекеттік Қор­­ғал­жын қорығы орналасқан өңірдегі жаңару мен тазару, махаб­бат пен сұлулық мерекесінен көрініс еді. Басқарма бастығы Бекбол Са­ғын қоңыр домбырасын қолға алып, Ақан серінің «Балқадиша» әнін орындауы – думанымыздың ажарын келтірген болатын. Кең жайылған дастархан басындағы ұлы той «Базар­лық», «Асату» сияқты салт-дәстү­рі­міз­дің ұмыт болған рәсім­дерін жаң­ғыр­тудан басталып, ұқып­тылық пен зерек­тілікке тәрбиелейтін ұлттық ойы­нымыз «Тобық тығуға» жалғас­қан еді. Ескере кететін бір жайт, «Қа­ра жорға» биін орындаған қыз-жігіт­тер­дің өнеріне тәнті болған Қазақ­стан Республикасы­ның Қаржы министрлігіне қызметтік іс-сапармен келген Дүниежүзілік Денсаулық сақ­тау ұйымы штабының Жұқпалы емес аурулардың жаһандық мәселелері жөніндегі Женева Экономикалық департаментінің басшысы Аида Юрекли киіз үйдегі сән-салтанатқа, қазақ халқының қонақжайлылығына өз ризашылығын білдіріп кеткен екен.

Екінші топ – «Аумақтық мекемелер» болды. Бұл топта «ҚазТрансОйл» акционерлік қоға­мы мен «Отан соғысының мүге­­дек­те­ріне арналған орталық кли­ни­калық госпиталі» ынталандыру сый­лығын еншіледі. Үшінші орында – Статис­тика департа­менті. Екінші орын – Әділет департаментіне бұйырды. Ал, бас жүлде қаланың Қар­жы полициясы басқармасының қоржынында кетті.

Үшінші аталым бойынша «Құры­лым­дық мекемелер» ішінен «Қазақ­стан орталық кино-концерт залы» үздік шықты. Екінші дәрежелі жүл­де «Қарттар мен мүгедектерге арнал­ған меди­циналық әлеуметтік меке­меге» табысталып, «Астаналық цирк» комму­налдық мемлекеттік қазы­налық кәсіпорыны үшінші орын­нан көрінді. Денсаулық сақтау меке­ме­лері де байқау аясында өзара сынға түсіп, ынталандыру сыйлы­ғына 4 мекеме қол жеткізді. Олар – №7 қалалық емхана, №2 Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, «Қайсар» спорт клубы, «Дәулет» спорткомбинаты, «Астана» регби клубы. Үшінші орында №2 қалалық емхана. Ал, екінші орын №2 қалалық балалар ауруханасына берілсе, «Мамандандырылған балалар үйі» аталымның бас жүлдесін алды.

Балалар үйі дайындаған қойылым­дар шынайы әрі ұлттық сипатта болды дейді ұйымдастырушылар. Онда «Баланы бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдері өткізілген. Баланы бесікке салуды «Күнім» тобының тәрбиешілері Б.А.Медеубаева, Р.Спанова, М.Шокенова, Г.Мусина, Б.Тұрғыновалар көрсеткен болатын. «Қуыршақ» тобының тәрбиешілері К.Әлібекова, Р.Ахметжанова «Тұ­сау кесу» рәсіміне белсене қа­тысты. Ал, «Шиелім» тобының тәр­бие­шілерінің ұйымдастыруымен балалар «Тақия тастау», «Қыз қуу», «Асық жинау», «Арқан тарту» ойын­дарын ойнап, кішкентай бүл­дір­шіндер – Камила, Вова, Анеля, Женя Наурызға арналған өлеңдер мен тақпақтар айтқан еді. Жүргізуші Ж.Жүнісова және Ж.Тоқмырзаева көрермендерге Наурыз туралы әңгімелеп берген. Балалар үйін­де өткізілетін іс-шаралар аға тәр­биеші, логопед, психолог, музыка жетек­шісі сынды мамандардың ұйым­дас­тыруымен өткен. Осы қойылымдар комиссия көңілінен шығып, үздік деп танылды.

Жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында Еуразия гума­ни­тарлық институты – үшінші, Қазақ экономика, қаржы және халық­аралық сауда университеті – екінші орын­дардан табылып, Астана қаласы­ның гуманитарлық колледжі аталым­ның бірінші дәрежелі дип­ло­мымен марапатталды. Білім оша­ғында І курс студенттерінің ұйым­дас­ты­руы­мен ұлттық тағам түрлерінен жәрмеңке, «Технология» мамандығы бойынша оқитын топ студенттерінің қолымен жа­сал­ған әртүрлі бұйымдардан көрме ұйым­дастырылып, мерекеге жинал­ғандар колледждің ұлттық аспаптар оркестрі өнерінің куәсі болған. Мерекелік іс-шараға Тілдерді дамыту басқармасының, Астана қаласы Білім басқармасының және Алматы ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Соңғы аталым бойынша жылдағы жолынан жаңылмаған «Шапағат» коммуналдық базары үздік деп танылды. Екінші орын «Думан» сауда орталығына бұйырса, үшін орынды «Астана-Теплотранзит» акционерлік қоғамы місе тұтты. «Шапағат» базары былтыр да Нау­рызды ерекше атап өтіп, халық ри­за­шылығына бөленген еді. Халыққа қызмет көрсету орталық­тары ішінде тек осы сауда орталығы ғана «қошқар көтеру» жарысын ұйым­дас­тырғанын да айта кетейік.

Марапаттау рәсімінің соңғы бөлігінде сахнаға Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов көтеріліп, өткен тойды қорытындылай сөз сөй­леді. Құттықтауын аяқтай келе Астана қаласы әкімдігі ұйымдас­тырған мерекелік шараға белсене атсалысқан, яғни, қала бойынша өткен тойды жақсы атқаруға мұ­рын­дық болған ұжымдарға арнайы сыйлықтар табыстады. Олар: Сарыарқа, Алматы, Есіл аудан­да­рының әкімдіктері, Білім басқарма­сы, Ішкі саясат басқармасы, «Бәй­терек» медиаорталығы, «Аста­на ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері, Қазынашылық депар­та­менті. Сонымен қатар, Жұма­бикен Нұрмағанбетова, (Жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарла­ма­лар басқармасы), Роза Мейірбаева (Астаналық цирк), Бақыт Теңізбае­ва, Сабыржан Шүкірұлы, Тойшыбек Иіпұлы, Әнуарбек Ералы (комиссия мүшелері), Темірбек Үсенбеков, Гүлсім Қарағұлова (№2 қалалық емхана), Нәсіпжан Әбдірахманова сынды мерекеге аянбай атсалысқан белсен­ділер марапатталды.

Ербол ЖАНАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − thirteen =