Наурызнама

0 143

Наурыз – өте көнеден келе жатқан атаулы күн. Бүгінге дейін Жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын басып айту қиын. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне күннің нұры төгілген күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – Ұлыс күн» деп атаған.

Григориан календары бойынша ескіше 9 наурыз, жаңаша 21-інен 22-сіне қараған түн осы күнге сәйкес келеді. Наурыз сөзі иран тілінің «нау» – жаңа, «рұз» – күн деген сөздерінен қалыптасып, жаңа жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «наурыз» сөзі, біріншіден, жыл басында тойланатын думанды мереке, екіншіден, жылдың үшінші айы, сонымен қатар ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады.
Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям еңбектері арқылы жетіп отыр. Мерекенің шығу тарихымен байланыстыратын парсы тілдес халықтар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешек егіннің шығымын болжайды. Ал ежелгі түркілер болса ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал-мұрттарын бастырып, шаштарын алады, алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге – жамбы атып жарысады. Егер кімде-кім бірінші болып жамбыны атып түсірсе, сол адам бір күн елге патша болып, билеуге ерік беріледі. Наурыз жырында: «Құл құтылар құрықтан, Күң құтылар сырықтан» деп жырлағандай, осы күні ертедегі гректердің патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқызған. Наурыз күні ертедегі Иран патшасы қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен деген де деректер бар.
Қазақтар Ұлыс күнді «жыл басы» санайды. Тілімізде Наурызға қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн», «ұзақ ұшып келген күн», «көк құт көзін (өсімдік) ашқан күн», «жылдың жерге түскен күні», «Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі сөз оралымдары сақталған.Ираннан бастау алған мереке

Иран жеріндегі ертеден келе жатқан мереке болса да, ислам нұры жанғаннан кейін жаңа күн – Наурызды Құран оқумен қарсы алу дәстүрге бекіген. Мереке Иран күнтізбесінің бірінші айы фарвардиннен бастап 13 күн тойланады. Ал он үшінші күн Сизда Бедар «Он үшіншісі үйден тыс» ретінде атап өтіледі. Дәстүр бойынша ирандық әйелдер мейрам қарсаңында «өткен жылдың барлық жамандығы кетсін» деп оттан секіретін болған. Ерлер болса қызыл түсті киім киіп, беттерін қара күйе немесе қара бояумен бояп, қала көшелерінде серуендейді.
Ескі жылдың соңында болатын «ханетакани» деп аталатын рәсім бойынша үй ішінің шаңын қағып, тазалап қана қоймай, ауыл-аймақ, көшені сыпырып, айналасын мерекеге дайындайды. Жаңа киім-кешек алып жасанып киініп, азық-түлікті мол қылып сатып алып, жоқ-жітіктермен бөліседі. Қалыптасқан дәстүрдің бірі «Хафт-Син» (жеті «Син») деп аталады. Яғни шеті «с» әрпінен басталатын жеті дәмді дастарқанға қояды. Жаңа жылдың алғашқы күні жасы кіші үлкенге сәлем беріп, бір-біріне қонақжайлылық көрсетеді.

Әзерилердің әз мерекесі

Әзербайжандар ежелгі дәстүр бойынша наурыз айы басталысымен әр аптаның екінші күні табиғаттың төрт құбылысы – су, от, жерге арнап арнайы алау жағады. Соңғы, төртінші алау «ақырғы сейсенбі» деп аталады. Мерекені «Ақбоз атына мініп, Қыдыр пайғамбар келіп, күн мен түнді теңестірді» деген төрт шумақ өлеңмен балалар бастады. Бұл Наурыз жаңа күннің келгенін білдіреді. Қонақтарға Наурыздың басты рәсімі – жеті түрлі ас қойылған дастарқан жайылды. Бұл күні қонақтар ақжарылқап тілегін айтып жатады. Келген қонақ үй иелерінің сөздеріне құлақ қояды, бірінші естіген сөзін жақсылыққа ырымдайды. Сол себепті бұл кеште тек жақсы тілек, жылы лебіз айтылады.
Ойын-күлкісіз мерекенің сәні кіре ме?! Наурызда піскен жұмыртқаны соғыстырып ойнайды. Кімдікі бұрын жарылса, жеңілгені. «Тонгал» деп аталатын отты жеті рет немесе жеті отты бір реттен секіру дәстүрге айналған. Көңілді кеште әр үйде шырақ жағылып, оттың ырымы жасалады. Әзерилер күн бұрын ыдысқа салып өндірген бидайдың жасыл желкеніне қарап, келген жылдың қаншалықты берекелі болатынын болжайды. Онысын қызыл лентамен көмкеріп байлап, дастарқанға қояды.

Қойдың басынан жасалған «Бадж»

Тәжіктердің ұлы мейрамы «Хейдир Айам» деп аталады. Тәжікстанда Наурыз мейрамы тәжік күнтізбесі бойынша хамал айының бірінші күнінен басталады, еуропалық күнтізбе бойынша 21-22 наурызға сәйкес келеді. Жаңа жылға дайындық Novruz басталардан бірнеше апта бұрын басталады. «Голгардани Новрузи» рәсімі – бұл балалардың үй-үйді аралап, көктемнің алғашқы гүлдерін сыйлайтын дәстүрі. Олар өлең оқып, үй иелерін келген жылмен құттықтайды. Балалардың ыстық лебізіне үй иелері сияпат жасайды. Аздап бидай сияқты дәнді дақылдар мен тәттілерді қосып береді. Содан кейін балалар жиналған бидайды достарының біреуінің үйіне апарады, ал баланың анасы одан жаңа жылдық тамақ дайындайды.
Әдетте әйелдер үй ішін тазалап болғаннан кейін таудан алып келген қызыл шыбықтан буып екі сыпырғышты есіктің алдына қояды. Бұл молшылық, мейірімді білдіреді. «Хафт-Син», яғни жеті «С» әрпінен басталатын дәмді дастарқанға қою бұл елде де бар. Наурыздың тағы бір дәмді асы – «Бадж». Оған қойдың басы мен сирағына бидай қосып асылады. Осы күні адамдар арқанның үстімен жүріп, әтештердің айқасын тамашалап мереке қыза түседі. Мерекеде «Наврузотан пируз бод!» немесе «Навруз муборак бод!» деп сәлемдесу қажет.

Түркияның Сұлтан-ы Наурызы

Түркияда «Сұлтан-ы Невруз», «Невруз Сұлтан» деген атпен наурыз мерекесін айрықша атап өтеді. Бұл елде наурыз мейрамы кезінде ортаға от жағып соны айнала билесе, қазір бұл әдеттің орнын отшашулар басып барады. Наурызды «жақсылықтың бастау көзі» деп білетін түріктер осы күні жақсы амалдар жасауға, жақсы көрген заттарын сатып алуға тырысады.
Наурыз күні таңертең ерте тұрып, жаңа киімдерін киеді. Зират басына барады. Әйелдер түрлі түсті тағамдар пісіреді. Туыс-туғандар бір дастарқан басына жиылып, ас ішеді. Ән айтып, би билеп көңіл көтереді. Ағашқа әткеншектер құрылып, балалар алтыбақан тебеді, «байрақ» жазуы бар батпырауықтар ұшырады. Сонымен қатар бұл мерекеде туыс-туған, ілік-шатыстар мен көршілер бір-бірінің үйіне барып, дәм татады. Әулеттің үлкендеріне барып бата алатын дәстүр де бар.
Салт-дәстүр бойынша Наурыздың алғашқы күні не көрсе немесе байқаса, адам жыл бойы сонымен бірге болады деп жорамалдаған. Бұл тек адамдарға ғана емес, қарапайым тұрмыстық заттар мен тағамдарға да байланысты. Сол себепті мейрамда Түркияда алдын ала дайындалып, өзіне заттар сатып алып және жақсы амалдар жасауға тырысады.

21 наурыз 2009 жылы 30 қыркүйекте ЮНЕСКО-ның адамзат баласының материалды емес мәдени құндылықтары қатарына енгізілді. 2010 жылы 19 ақпанда БҰҰ бас ассамблеясының 64-сессиясында «21 наурыз халықаралық Наурыз күні» резолюциясы қабылданды. БҰҰ бас ассамблеясының қарарына сәйкес, «21 наурыз халықаралық күн» деп танылып, Наурызға байланысты дәстүр мен мәдениетті дамыту мен сақтау бойынша мүше-мемлекеттердің әрекетін қолдайтыны айтылды. Ежелгі мейрам туралы ақпараттарды кеңінен тарату үшін БҰҰ-ға мүше елдерге атсалысуға үндеу тасталды

Толы қазан – мол ризық белгісі

Өзбекстанда аналар қыздары мен келіндерін жанына алып түрлі жеміс пен көкөніс тағамдарын жасап, мереке дастарқанын бірге жаяды. Алдымен қазанды толтырып тамақ пісіреді. Мұны «қазан толды» дейді, онысы «ризығымыз толы болсын» деген ниетке саяды.
Сондықтан да мерекенің басты асы – сүмәләк. Оның шығу тарихы туралы бірнеше аңыз бар. Оның бірінде жеті баласымен әйел жесір қалыпты. Сәбилерінің жейтін тамағы болмай, аштықтан жылапты. Сонда анасы қапты қақса, түбінде қалған бір уыс бидай өніп кеткен екен. Оны дереу қазанға салып қайнатады. Балалары тамақ сұрап қыңқылдай бастаса «Тас жинап әкеліп, міне, ет салдым, шыдаңдар, ет піссін» деп алдарқатыпты. Ақырында балалар талықсып, ұйқыға кетеді. Анасы да қазандағы быламықты былғаған күйінде ошақтың жанында мызғиды. Ертеңісіне қараса, қазан тағамға толыпты. Жегеннен артылғанын көршілеріне таратып, аштықтан құтылған екен. Сол себепті сүмәләкті көршілеріне, жақын-жуығына тарату әлі күнге дейін бар. Және тәулік бойына ұзақ пісірілетін тағамды көпшілік жиналып жасайды. Бір қызығы, оны тек әйелдер жасайды. Өзбек ағайындардың ер-азаматтары қазанға қаншалықты жақын келсе де, бұл тағамды жасау тек әйел затына бұйырылған. Әйел араласпайтын тек азаматтардың да арнайы пісіретін тағамы бар. Оны «халим» деп атайды. Оның пісіру әдісі ұқсас. Айырмашылығы дәмге бүтін қойдың еті салынып, әбден езіліп піскенше қайнатылады.

Әлидің ақ туы желбіреген күн

Ауғанстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы 21 наурызда тойланады. Осы күні ауған халқы өздеріне тән мерекелік жөн-жоралғыларын жасайды. Жеті түрлі дәммен дастарқанын толтырады. Наурыз қарсаңында жүзім, өрік, жаңғақ, миндаль, фисташка, зығыр салып ас әзірлейді. «Райхан гүл алқасы» – Әзіреті Әлидің құрметіне арналған мерекенің бір жоралғысы. Бұл кез – райхан бүр жарып, гүлге оранған кез. Одан алқа жасап мыңдаған адамдар қасиетті жер деп саналатын Мазари Шарифке жиналады. Сол жерде Әлидің ақ туын көтереді. Бұл ту 40 күнге дейін тұғырынан алынбайды.
Айта кететіні, 20 наурыз түнгі сағат 1-ден 21 наурыз күндізгі 12-ге дейін ешкім көшеге шықпауы тиіс. Егер кімде-кім осы кезде тысқа шықса, жаңа жылда отбасының бір адамы ажал құшады деп ырымдайды екен.

Ұл туса, атын «Нооруз» қояды

Қырғыз ағайындар жылдың алғашқы күнін ерекше сәнмен айрықша тойланады. Мерекелік дастарқан жайылып, елдің ырысы дастарқанға салынады. Май, қант және бидай ұнынан жасалған дәстүрлі ұлттық тағам – сумелек (сүмөлөк) және көже дайындалады. Халық арасындағы сенімге байланысты «су» және «мелек» (періште) сөздерінен құралған. Және бұл тағам жәннәт тағамы, қасиетті екендігі айтылады. Қарызынан құтылып, адамдар бір-бірімен татуласады. Кейбір жергілікті сенім бойынша мейрам күні нәресте дүниеге келсе, есімін «Нооруз» деп қояды.

Алдымен ат жарыс

Түрікмендерде көктем мейрамы Наурызға байланысты қазіргі таңда халыққа танымал кейбір ырымдар бар. Мәселен, «Егер наурызда күн бұлтты болса, онда осындай ауа райы маусым айына дейін созылады» деп күткен немесе «Наурызда қар немесе жаңбыр жауса, жыл егінге қолайлы әрі өнімді болады» топшылаған. Наурыз мерекесінде алғашқы жаңа маусым басталады. Яғни сол мерзімде шопандар қасқырларға шабуыл жасайтын алабайлар шайқасын ұйымдастырады.
Түрікмендердің жыл басын Наурыз көже, Наурыз жарма жасаумен бастайды. Ат құлағындай ойнаған жігіттер «Монджог атди» жарысын өткізеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =