Наурызнама: iзденiстер мен iркiлiстер

0 155

Табиғаттың төл мерекесi – Наурыз мейрамы жылдан- жылға елiмiз жаппай атап өтетiн мерекеге айналып келедi. Сондықтан да Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң өзi бас болып осы Наурыз мейрамына айрықша көңiл бөлдi. Қала басшысының тапсырмасы бойынша елорданың «Қазақ елi» алаңынан бастап бiрнеше жерде мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтарымыз қатысқан нағыз жалпыхалықтық, шынайы мерекелiк мазмұн мен сипаттағы мейрам өткiзiлдi.
Ұлыстың ұлы күнi қарсаңында «Армысың, Әз-Наурыз!» атты қалалық конкурс өткiзiлдi. Ережесiн қала әкiмi арнайы бекiткен. Наурыздың 14-iнен бастап 26-сына дейiн созылған бұл байқауға 90-ға жуық әртүрлi саланың мекемелерi қатысты. Атап айтқанда, қала әкiмдiгiне қарасты 14 басқарма, 27 денсаулық сақтау мекемесi, 15 мәдениет ошағы, 7 жоғары оқу орны, 14 колледж, 7 кәсiптiк мектеп, Астана қаласы бойынша Әдiлет және Ста-тистика департаменттерi, Астана қаласы Бас жоспарының ғылыми-зерттеу институты, «Сапаржай Астана» мекемесi және тағы басқалар. Сондай-ақ, байқаудан тыс 63 балабақша мен 69 мектепте Наурыз мейрамы өз деңгейiнде тойланды. Осылардың барлығын қосқанда биыл елорданың 220 мекемесiнде Наурыз тойланды.
Бәйге болғаннан соң жеңiмпаз болатыны белгiлi. Тiл басқармасы ұйымдас-тырған бәсекенiң қазылар алқасына 50-ге тарта мүшелер енгiзiлдi. Қазылар алқасының көбiрек болуы әр мекеме өткiзген мерекелiк шараға қатысу, барлық мекемелердi қамту мақсатынан туындаған едi. Әлбетте, той болған соң, әр мекеме өзiнiң ауқымына, жағдайына, мүмкiндiгiне қарай кө-сiлетiнi де белгiлi. Десек те, мүмкiндiгiн барынша пайдаланған, мейрамға әр беруге талпынған, айрықша ықылас бiлдiрген мекемелер, Наурыз мей-рамын қатардағы көп атаулы күннiң бiрi ретiнде атап өте салған мекемелер де болды. Соған орай, бес түрлi сала бойынша байқаудың шартына сай мекемелердiң Наурыз мейрамын өткiзудегi белсендiлiгi, еңбегi, шығармашылығы бағаланды. Бағалау барысында бұл мейрамның көпшi-лiктi қамту сипатына, ұлттық дәстүрлердiң шынайы паш етiлуiне, Наурыз-дың табиғи болмысын ашу ерекшелiгiне, мейрамның қайырымдылық мәнiне баса көңiл бөлiндi. Өйткенi, Наурыз мейрамы – белгiлi бiр ұлттың, дiннiң немесе өңiрдiң мерекесi емес, бұл бойында жалпыадамзаттық құнды-лықтар қалыптасқан мейiрiм мен шапағаттың, қайырымдылық пен кешiрiмнiң, бауырмалдық пен татулықтың мейрамы. Сондықтан да бұл мейрамды Бiрiккен Ұлттар Ұйымы халықаралық мереке ретiнде жария-лағаны да мәлiм. «Армысың, Әз-Наурыз!» байқауының басты мақсаты – тәуелсiз Қазақ елi бас қаласында осындай адами құндылықтарды насихаттау, қалыптастыру. Ұлыстың ұлы күнi аясында бiр қаланың тұрғындарын, бүгiнде Қазақстанның мақтанышы мен мәртебесiне айналған Астана жұртын бiр-бiрiмен одан сайын табыстыру, қауыштыру, рухани бауырластыру сияқты имани, адами мақсаттар да осы мерекенiң өзегiнде өзара жарасымын тауып жатқандығын аңғардық. Ендi байқаудың қорытындыларына келейiк. Байқау мемлекеттiк мекемелер, денсаулық сақтау мекемелерi, оқу орындары, мәдениет мекемелерi араларында өткiзiлдi. Мемлекеттiк және оның құрылымдық мекемелерi арасында өткен байқауда Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы, Кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасы, Астана қаласы бас жоспарының ғылыми-зерттеу жобалау институты ұжымдары айрықша дайындығымен ерекшелендi. Таратыңқырап айтсақ, Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы ұйымдастырған Наурыз мейрамына басқар-маға бағынышты 5 мекеме белсене қатысты. Осы мекемелердiң әрқайсысы «Көрiсу», «Селт-еткiзер», «Ұйқыашар», «Наурыз жұмбақ», «Наурыз жыр», «Наурыз тiлек» сияқты осы мейрамның дәстүрлi жоралғыларын көрсеттi. Қарттар үйiнде мүгедек қолөнершiлердiң көрмесi, ұлттық ойындар ұйымдастырылды, Наурыздың терең тарихы таныстырылды. Жалпы алғанда, байқауға қатысқан мемлекеттiк мекемелердiң iшiнде дайындығы да, мейрамды өткiзу деңгейi де өте жоғары болғандықтан қазылар алқасы бiрауыздан Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасын жеңiмпаз деп таныды. Мемлекеттiк мекемелер арасындағы байқауда Кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасының «Шапағат» коммуналдық базарында өткiзген мерекелiк шарасы әсерлiлiгiмен, Наурыз нақыштарының қанық болуымен ерекшелендi. Әсiресе, Қызыр бабаның түйе мiнiп келiп халыққа бата беруi айрықша шынайы һәм әсерлi болды. Олар екiншi орынды иелендi. Үшiншi орынды Астана қаласы бас жоспарының ғылыми-зерттеу жобалау институты иелендi. Бұлардың ғимаратты безендiруi, келiн түсiру салтын көрсетуi, ұлттық киiмдерiнiң сәндiлiгi айрықша көз тартты. Сондай-ақ, осы сала бойынша байқауға қатысқан Әдiлет департаментiнiң, Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының, Бiлiм басқармасының, Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттардың және дүлей апаттардың алдын алуын және жоюын ұйымдастыру жөнiндегi басқармасының, «Сапаржай Астана» мекемесiнiң ұйымдастырған шараларын айрықша бөлiп атауға боларлық. Ал, Жер қатынастары, «Астана – жаңа қала» басқармалары өздерiнiң өтiнiш бергендерiне қара-мастан, Наурыз мейрамын мүлде өткiзбегендiктерi дұрыс болды деп айта алмаймыз.
Байқаудың келесi саласы оқу орындары арасында өткiзiлдi. Олардың iшiнде Еуразия гуманитарлық институты, Гуманитарлық колледж, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетi айрықша назарға iлiктi. Еуразия гуманитарлық институтының «Көрiсу», «Бұлақ көзiн ашу», «Ағаш егу» сияқты дәстүрлерi, «Қош келдiң, Әз-Наурыз!» атты көрмесi, «Көктемнiң оянуы» атты театрландырылған көрiнiсi көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Соның нәтижесiнде оқу орындары арасында бiрiншi орынды иелендi. Астана гуманитарлық колледжi де Ұлыстың ұлы күнiне үлкен дайындықпен келiптi. Бұл оқу орнының театрландырылған көрiнiсi, студенттердiң қолөнер көрмесi, ұлттық ойындарды көрсетуi аса әсерлi болды. Сөйтiп, олар II орынға ие болды. Ал III орынды Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетi иемдендi. Екi бөлiмнен тұратын жалпыуниверситеттiк мерекелiк шарада алдымен он кафедра өз өнерлерiн көрсетсе, екiншi бөлiмде әр шаңырақтағы Наурыз дастарха-нында мереке өз жалғасын тауып жатты. Осы сала бойынша Қаржы академиясы, Қазақ инженерлiк-техникалық академиясы, Политехникалық колледжi, Экономика және қаржы колледжi, №2 кәсiптiк мектебi ынта-ландыру сыйлықтарына ие болды. Жалпы оқу орындарының Наурыз мейрамына тыңғылықты дайындалғандықтарын атап өту қажет. Десек те, кейбiр оқу орындары бұл мейрамға ынталылық танытпады. Олардың қатарында Қазақстан-Ресей университетi, №3 кәсiптiк лицей, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң Қазақстан филиалы, Қазақ заң колледжi сияқты оқу орындарын атаймыз. Бұл бiлiм ордаларының қаламызда, жалпы елiмiзде кең түрде аталып өтiп жатқан Наурыз мейра-мына лайықты түрде қатысқандары жөн болар едi. Наурыз мейрамы – көп тойдың бiрi емес, ұрпаққа тағылым таратар ұлық мереке емес пе?!
Астананың денсаулық сақтау мекемелерi Наурыз мейрамына жаппай әрi белсене қатысқандықтарын айта кеткен ләзiм. Айталық, 20-дан астам денсаулық сақтау мекемелерiнде мейрам аталып өттi. Солардың iшiнде № 2 қалалық емхана, Онкология диспансерi, Мамандандырылған балалар үйiн айрықша атап өтемiз. Мәселен, № 2 қалалық емхана Наурыз мей-рамының Қызыр бабаның батасы, күн мен түннiң теңелу сәтi, аластау, Наурызды қарсы алу сияқты етене дәстүрлерiн, сондай-ақ, құда түсу, сыр-ға салу, неке қию сияқты салттарды шынайы әрi әсерлi көрсете алды. Атап айтарлығы, осы емханада қызмет iстейтiн түрлi ұлт өкiлдерi мемлекеттiк тiлде ән айтып, өлең оқып, сахналық қойылымдарға белсене атсалысты. Сөйтiп, аталған қалалық емхана Наурыз мейрамын жоғары деңгейде ұйымдастырып, осы сала бойынша I орынды жеңiп алды. Бұдан кейiнгi орындарды 500-ге жуық адам қатысып баршасы ұлттық киiм киген, ұлттық дәстүрлердi дәрiптеген Онкология диспансерi және мекеме ғима-ратын Наурыз нақыштарымен әсем безендiрген, өзге ұлт өкiлдерi қазақ тiлiнде өнер көрсеткен Мамандандырылған балалар үйi иемдендi. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлығына ие болған № 1 қалалық перзентхана, Қала-лық жұқпалы аурулар ауруханасы, № 7 қалалық емхана, № 2 қалалық ба-лалар ауруханаларының белсендiлiгiн атап өтемiз. Осы ретте Патоло-гоанатомия бюросы, Қан орталығы, Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы, Кардиология орталығы, Салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы, № 2 қалалық аурухана сияқты денсаулық сақтау мекемелерiнiң Ұлыстың ұлы күнiне мән бермеуiн ұғыну қиын.
«Армысың, Әз-Наурыз!» байқауына қатысқан мәдениет мекемелерiнiң iшiнде Тәуелсiздiк сарайы, «Астаналық цирк», «Атамекен»-Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенi мекемелерiн айрықша атап өткiмiз келедi. Айталық, қазылар алқасы: «Бұл мекеме байқаудың барлық та-лаптарын орындаған. Оның iшiнде сыртқы және iшкi безендiрiлуi, қазақ халқының ежелден үзiлмей жеткен көне салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрып-тарын театрландырылған түрде шынайы көрсетiлуiн ерекше атаған жөн» деп ерекше бағалапты. Тәуелсiздiк сарайының үлкен залында алты қанатты 5 киiз үй толық жабдығымен тiгiлiптi. Киiз үй iшiнде жүк аяқ, сан-дық, күбi, кебеже, аң терiлерi, батырдың бес қаруы iлiнген. Залда алты-бақан құрылған, жастар «Ақсүйек» ойынын, ал балалар асық ойнаған. Қазақша күрес болған. Барлық жастар қазақша киiнген. Мiне, осыны ескерiп, мәдениет мекемелерi арасында басқалардан оқ бойы озып Тәуелсiздiк сарайы I орынды жеңiп алды. II орынды «Ақ ауыл», «Бола-шақ», «Өнер», «Береке», «Ынтымақ», «Молшылық», «Ықылас», «Достық» атты ауылдарға бөлiнiп, қазақтың байырғы салт-дәстүрлерiн паш еткен астаналық цирк иелендi. Ал III орынға «Мерекелi, берекелi Наурыз той!» атты ұлттық мейрам өткiзген және байқаулар мен сайыстарға толы болған «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенi ие болды. Сондай-ақ, байқауда № 10 көпшiлiк кiтапхана, Орталықтандырылған кiтапхана жүйесi, «Наз» мемлекеттiк би ансамбльдерi тыңғылықты дайындықтарымен көзге түстi. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы сияқты үлкен халықтық мерекеге немқұрайлылық танытқан № 8 көпшiлiк кiтапхананы, Қазiргi заманғы өнер мұражайын, № 2 көпшiлiк кiтапхананы, № 8 балалар кiтапханасын, № 5 көпшiлiк кiтапхананы атап, алдағы уақытта олардың мұндай маңызды шараларға белсендiрек, тиянақтырақ қатысуын тiлер едiк.
Жалпы алғанда, iлгерiде айтқанымыздай биылғы Наурыз мейрамының мазмұны да, әсерi де, шырайы да айрықша болған сияқты. Дегенмен, көптеген мекемелер бұл мейрамның өзiндiк төл табиғатын көрсетуде олқы-лықтар байқатты. Атап айтқанда, Наурыздың өзiндiк дәстүрлерiн көрсету кемшiн түсiп жатты. Яғни, көптеген мекемелерден Наурыздың басты кейiпкерi Қыдыр ата бейнесiн, наурыз айтысты, наурыз жұмбақты, наурыз батаны көре алмадық. Наурыз мейрамын өлең айтып, би билеп, наурыз көже iшiп өткере саламыз деген жаңсақ түсiнiктен неғұрлым арылғанымыз жөн. Наурыз мейрамының сан ғасырлар бойы қалыптасқан өзiндiк табиғаты, дәстүрлерi, қажет десеңiз философиясы, сонымен бiрге бүгiнгi заманда жаңғырта, жаңарта көрсететiн өмiрлiк, тұрмыстық қисындар да бар. Осыдан да бұл мереке мың жылдар бойы ұмытылмай сақталып, жаңғырып, аталып өтiлiп келедi. Наурыз мейрамы – күн мен түннiң теңелгенi сияқты адам мен адамның теңелгенiн, табиғат шуағы мен адам мейiрiмiнiң жарасымын, тiршiлiктiң оянуын, осылардан барып адам рухының асқақтап, оның жасампаздыққа ұмтылған жiгерi мен рухын паш ететiн салтанатты да тағылымды мейрам. Осы мейрамда баршамыз Наурыздың адами мәнiне, гуманистiк құндылықтарына бойлап одан рухани ләззат, эстетикалық қанағат ала бiлуiмiз қажет. Наурыз мейрамы әрбiрден соң жас та жасампаз Қазақ елiнiң мәдени деңгейiн, рухани болмысын да байқататын мейрам. Ендеше, әрқайсысымыз, әсiресе, мекеме басшылары, мерекенi ұйымдастырушылар Наурыз мейрамын өткiзгенде өзiмiздiң кiсiлiгiмiздi де, қаламыздың мәртебесiн де, отандық мәдениетiмiздiң абырой-беделiн де ұмытпағанымыз абзал.

Ербол Тiлешов
Астана қаласы Тiлдердi дамыту басқармасы бастығының
мiндетiн атқарушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × two =