Наурызда туған нартұлға

0 118

Наурыз – қазақтың ұлттық рухы өсiп, берекесi мен мерекесi көбейiп, бiраз марқайып қалатын айы. Осы айдың 20 жұлдызы күнi (дәлiрек айтқанда, 1915 жылдың 20 жұлдызында) артына өшпестей етiп атын қалдырып кеткен нар тұлға Жұмабек Тәшенев туған екен.

Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтiң қызыл империяның тұсында Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы әпербақан бастама көтерген КОКП Бас хатшысы Никита Хрущевтың бетiн қайтарғаны, оңтүстiктiң бiраз жерiн Өзбекстанға беруге қарсы шыққаны, «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң «Казахстанская правданың» қазақ тiлiндегi аудармасы ғана болуына тойтарыс бергенi және тағы да басқа халқының мүддесi үшiн ерен ерлiк жасағаны жөнiнде ақпарат құралдарында көп жазылып жүр. Бүгiн менiң соған қосқалы отырған әңгiмем – тұлғаның азаматтығы туралы ел аузында аңыз болып айтылып жүрген бiр-екi жағдай. Азаматтың лауазымды қызметiнен ел намысын биiк қойып, төмен қызметке кетсе де, жеке басы беделiнiң жоғары болғандығы белгiлi. Қолыма қалам алуыма өзiм «Ақсу-Жабағылы» шипажайында демалыста болғанымда Жұмекеңдi жақсы бiлген екi азаматпен кездесуiм себеп болып отыр.
Айтылған екi азаматтың бiреуi – Кеңес одағының соңғы шақырылған Жоғарғы кеңесiнiң депутаты, Оңтүстiк Қазақстан облысы партия комитетiнiң мүшесi, Түлкiбас аудандық кеңесiнiң бiрнеше рет депутаты болған, Ленин, Октябрь революциясы ордендерiнiң және т.б. марапаттар иегерi, «Азат» колхозының қырық жылға тарта егiс бригадирi болған өзбек азаматы – Мiрсәлi Мирхадыров. Ол кiсi Жұмабек Ахметұлы туралы былай дейдi: «Егер де Қазақстанда басқару этикасын қатаң сақтаған екi адам бар болса, соның бiреуi – Жұмабек Тәшенев. Ол сондай мәдениеттi, өз мiндетiне жауапкершiлiгi күштi, кең маңдайлы, үлкен көздi, балуан денелi, аққұба кiсi болатын. Жиналыстарға қатысқанда тұрақты түрде бiр орынға отырушы едi. Өзi басқаратын сала бойынша барлық мәселенi өзi шешетiн. Бастыққа сiлтемейтiн. Бұл туралы көп адамнан еститiнбiз де. Ал мiнбеге көтерiлгенде залда тыныштық орнап, зор ықыласпен тыңдайтынбыз. Шешен кiсi едi. Бiздiң колхозбен жақсы қарым-қатынаста болып, жиi кездесiп жүрдiк. Өзiнiң iсiмен, қылығымен бiздiң елде жоғары беделге ие едi…»
Ұлты өзге болса да, Мiрсәлi ақсақалдың Жұмекеңдi зор құрметпен еске алып отырғаны менi де қуантқан.
Ал екiншi сөйлескен азаматым – ғылым докторы Жарылқасын Күзембаев. Ол кiсi былай деп сыр шерттi: «Облыстық атқару комитетi төрағасының орынбасарлығынан зейнетке шыққаннан кейiн бiз жұмыс iстейтiн Ауыл шаруашылығы ғылыми өндiрiстiк бiрлестiгiне директордың экономика жөнiндегi орынбасары болып келдi. Бiздiң ұжымда көп қызметкерлер болды. Бiр-бiрiмiздi жақсы бiлмейтiнбiз. Оның үстiне мен кiшi ғылыми қызметкермiн. Бiрде диссертациялық жұмысым бойынша Мәскеуге баруым керек болды. Сол сапар Жұмекеңмен әуежайда кездесiп қалдық. Ол кiсi менiң есiмiмдi бiлмесе де, түрiмнен таныды. Менiң сол мекемеде iстейтiнiмдi бiлдi. Сөйтiп, Мәскеуге бiрге ұштық. Жолда: «Ана жақта менiмен бiрге жүресiң», – дедi. Шабаданды алып жүруiм керектiгiн ескертiп қойды. Айтқанын орындап, жанынан қалмадым. Мәскеуге жеткен соң бiр керемет мәшине келiп, iшiнен қызметтегi адам ғой деймiн, шырттай киiнiп, галстук тағынған бiр адам түсiп, қарсы алды. Қызыл алаңның жанындағы үлкен қонақүйге келдiк. Жұмекең маған: «Ешқандай құжаттарыңды көрсетпе. Менiң соңымнан ерiп жүре бер!» – деп, ескертiп қойды. Сөйтiп, ол кiсi менi өзiнiң жанындағы екi бөлмелi нөмiрге орналастырды. Артынан өз бөлмесiне шәйға шақырды. Орналасқан жерi бес-алты бөлмелi люкс екен. Жобасы бұл кiсiнiң келетiнiн ерте бiлген. Бәрi дайын тұр. Сонда байқағаным, Жұмабек Ахметұлы лауазымды қызметiнен түскенiне бiрнеше жыл болса да, Мәскеудегiлер ол кiсiнiң үлкен азаматтығын, адамгершiлiгiн әлi де ұмытпаған екен. Бұл соның бiр көрiнiсi едi.
Екiншi өзiмiздiң облыста болған бiр жағдайға тоқталайын. Бiрлестiкте iстеп жүрген кезiмiз. Комиссия болып бiр iрi шаруашылықтың малын қабылдауға бардық. Шаруашылық басшысы облыста беделi бар Еңбек Ерi едi. Бiзбен жүре сөйлесiп, комиссияның жұмысына қатысқысы келмедi. Бiрақ мұндай жауапты жұмысты онсыз атқаруға болмайтын. Амалсыз, комиссия төрағасының шешiмiмен бiз жұмысты тоқтатып, қалаға қайтып келдiк. Жетекшiмiз бұл жағдайды Тәшеневке жеткiздi. Ол өзi сары кiсi болатын. Қып-қызыл болып кеттi де, аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысына жаңағы бiздi менсiнбеген шаруашылық басшысын алып, екi сағаттың шамасында алдына келуiн бұйырды. Айтқан уақытынан бұрын олар келiп жеттi. Не айтқанын бiлмеймiз. Бiздi шақырып алып, шаруашылық басшысына: «Мына жiгiттер қайта барады. Кеткенше қасында боласың», – деп, шығарып жiбердi. Бұл жерде де жеке басының беделi жоғары екенi байқалып тұрды».
Расында да, екi кiсiнiң әңгiмесiнен де Жұмекең беделдi лауазымды өзiнiң iскерлiгiмен, адамгершiлiгiмен алған ғой деп қорытындылауға болады.
Айта кететiн тағы бiр жай, қазақтың тағы бiр батыр ұлы Бауыржан Момышұлы да Жұмекеңдi жақсы сыйлаған екен. Тiптi, Шымкентте өткен бiр жиында Бауыржан Момышұлы Жұмабек Тәшеневтi көрсетiп тұрып: «Бiле бiлсеңдер, төбелерiңiзге көтеретiн азаматтарыңыздың бiрi – осы» деген сөз айтыпты. Соны шымкенттiктер орындады. Ол кiсiнiң атына үлкен бiр көше бердi. Екi көшенiң қиылысына ескерткiшiн орнатты. Ал нар тұлғаның өзi туған Ақмола облысында ұлтына өлшеусiз еңбек сiңiрiп өткен тұлғаны мәңгiлiк есте қалдыру үшiн айтарлықтай шаруалар атқарылды деп айта алмаймын.
Тұлға туып-өскен Аршалы ауданы да тым-тырыс. Ал Тәуелсiздiк алғанына жиырма жыл толғанда ұлттың рухын өсiру үшiн алдымен ұлт қайраткерлерiн ұлықтай бiлу қажет емес пе?
Астана қаласында Жұмабек Тәшенев оқыған техникум бар. Соның ғимаратына, менiңше, ең болмағанда ескерткiш тақта орнатылуға тиiс. Ал Ақмола облысы Аршалы ауданындағы бiр елдi мекен, тiптi ауданның өзi Жұмабек Тәшеневтiң есiмiмен аталса, артықтық етпейдi.
Жұмекең – қан майданда етiгiмен су кешпесе де, бейбiт өмiрдегi сұрапыл айқасты жүрегiнен өткiзген адам. Ол кiсi туралы халық айтып та, жазып та жатыр. Елдiң бағалауы бойынша, ол кiсi – бейбiт өмiрдiң батыры. Батырын әспеттеп, келешек ұрпаққа үлгi ету – бiздiң парызымыз.

Еркiн ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер-ұстаз, «Астана ақшамы» газетiнiң құрметтi тiлшiсi

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 11 =