Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі: «Құрбан айт – бұқараны біріктірген ерекше мейрам»

0 111

IMG_5689

Иісі мұсылман қауымы үшін қадірлі мереке – Құрбан айты да келді. Қазақ жұрты да осынау мерекені қуана күтуде. Дін мен ділдің тамырын тарихпен сабақтастырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары екі айт мерекесін – Ораза және Құрбан айт күндерін ерекше шаралармен, ұлттық әрін кіргізе атап өтіп келеді. Ертеден салтына сіңген мүбәрак мейраммен қауышқан халық бұл үрдісті жылы қабыл алды. Мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін күннің қадір-қасиеті мен мән-маңызы туралы ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлынан сұрап білген едік… 

– Наурызбай аға, халқымыз үшін қадірлі Құрбан айт мереке­сі қарсаңында тұрмыз. Айт күнінің артықшылықтары мен атқарылуы абзал істер жайында айтып өтсеңіз…
– Иә, Құрбан айт – қазақ халқының һәм мұсылман әлемінің қадір тұтқан мейрамы. Биыл ол 24 қыркүйек күні айт намазын оқумен басталады. Оның артықшылықтарын айтар болсақ, әуелі Исламдағы екі айт мерекесінің өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескере кеткен жөн. Мәселен, Рамазан айының Ораза айтында таңертең мешітке айт намазына келерден бұрын үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтында нәр татпай шыққан дұрыс. Мұның мәні мынада, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі. Ал «Арафа» аталған күн – Құрбан айттың алдындағы қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін қажылардың Арафат тауына барып, белгілі бір уақыт тұруынан шыққан. Арафа күні таңғы намаздан бастап Құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады. Биыл Арафа күні 23 қыркүйекке тура келеді. Осы күннің таң намазының парызынан кейін басталған тәкбір тәшриқ 26 қыркүйек күнгі екінті намазынан соң тоқтатылады.
Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттық­тап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқ­таж жандарға береді. Айта ке­тер нәрсе, Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінәжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.
– Құрбан айттағы құрбандық шалу рәсімдері қалай жүргізіледі? Оған төрт түліктің жарамдысы және мөлшері қандай болмақ?
– Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар мұсылман Алла Тағаланың разылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Себебі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Кім де-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын» деп, құрбандық союдың маңызды екенін ескерткен. Сондықтан, қорада малымыз, яки, қалтаңызда қаражатымыз болса, сараңдыққа салынбай, Алла жолында құрбандық шалып, етінен мұқтаж жандарға үлестіріп бергеніміз абзал.
Ал, құрбандық малы Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кім де кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кім де кім бұ­дан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес» деген. Яғни, құрбандық сою кезінде осы жайттарға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.
Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрінісі қомақты болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Ал, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп құрбандыққа шала алады.
– Құрбандық шалудың шариғи шарттарын біреу білсе, біреу білмейді, осыны оқырмандарға қысқаша ұғындырып берсеңіз…
– Мал сою да мәдениет. Құрбандық шалуда шариғат бекіткен ережелер бар. Ең алдымен, құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Содан соң бауыздаушы «Бисмилләәһи Аллааһу әкбар» дейді. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін алу – мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда «Бисмилләһ» сөзін әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды.
Ал, құрбандық етін өзгелерге бөліп таратуға, сондай-ақ, малды атаған отбасы мүшелері де пайдалануына болады. Бұл сөзімізге қасиетті Құрандағы «Хаж» сүресінің 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» делінген аяты дәлел болады. Демек, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзі және өзгелер жейді. Дұрысы, бұл мәселеде пайғамбарымыздың өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін – мұқтаж жандарға, екінші бөлігін – туған-туыстарға немесе көршілерге беріп, қалған бөлігін өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ, «барлығын Алла жолында атадым» деп, құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады. Ал, құрбан шалушы адам сойылған малдың терісін пайдалана алмайды және қасапшыға ақы ретінде де беруіне болмайды. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс.
– Баршаға белгілі, елімізде осынау қасиетті рәсімдер бірізділік­ке келтіріліп, ізгілікті құрбандық акциялары қолға алынған. Бұл шара жалғасын таба ма?
– Әлбетте. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен Құрбан айтта өткізілер акциялар ауқымы биыл да қайта жанданбақ. Жалпы, Діни басқарма басты назарға алған мақсаттың бірі де осы – қайырымдылық шараларын жүйелі түрде өткізу. Әсіресе, айт мерекелерінде тұрмыс тауқыметін көрген отбасыларға барынша қамқорлық көрсетіледі. «Раббың үшін Құрбан шал!» акциясы да биылғы Құрбан айтта үш күн қатарынан өткізіледі. Аталмыш акцияда сойылған құрбандық еттері түгелімен жоғарыда аталған отбасыларға таратылады. Осы ретте құрбандық шалуға жағдайы жететін барша отандастарымызды игі іске үн қосып, белсене қатысуға шақырамыз.
Дініміз – қайырымдылықпен қатар тазалыққа үндеуші, бейбітшілікке бастаушы өмір мектебі. Астаналық ағайындарға ескерте кетер жайт, осы мереке күндері құрбандық шалуға ниеттенген жандар малды алдын-ала белгіленген арнаулы орындарда ғана союды қаперде ұстаса. Өйткені, Астана қаласының әкімдігі құрбандық шалуға 9 орын бөліп отыр. Қоғам тарапынан қолға алынған іске ықтиятты болып, тазалық пен тәртіпке көңіл бөле білсек. Ал, мереке аясындағы осындай ізгі акция арқылы сіз өзіңіздей жандарға қуаныш сыйлайтыныңызды ұмытпасаңыздар екен.
– Жылдан жылға ұлтты ұйыстырып, ел ынтымағын арттырған айт мерекесінің биылғы бағдарламасы қандай?
– Биыл да Құрбан айт мерекесін бұқаралық сипатта өткізуді көздеп отырмыз. Ең әуелі, қала мешіттерінде мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ұлттық спорт ойындары сайысы өтеді. Айт күндері ағайын-жұртқа дастарқан жайылады. Сонымен қатар, Астана әкімдігімен бірлесе отырып, мешіт қызметкерлері әлеуметтік тұрмыс ахуалы төмен отбасы шаңырақтарын аралап, айттық етін, азық-түлік үлестіреді. Үш күнге жалғасатын игі істер мерекелік рухани кешпен қорытындыланады.
Дәл осы уақытта Мекке шаһарында қасиетті қажылық парызын өтеуші әлем мұсылмандары қатарында отандастарымыз да еліміздің, жеріміздің игілігі үшін дұға-тілек жасап, қасиетті Қағбаға тәуап етеді. Ұлық парызды өтеуге аттанған азаматтарымыздың аман-есен оралуын Жаратқан Алла нәсіп етсін! Алла Тағала күллі адамзатқа, мұсылман халқына жақсылықтарын жазып, жаманшылықтарынан қашық еткей. Асыл дінімізге күш-қуат бергей. Құрбан айт мерекесі қазақ жұртына құтты болғай. Ниеттеріңіз қабыл болсын!
– Әмин, айтқаныңыз келсін.

Сұхбаттасқан
Жайық НАҒЫМАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + nine =