НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, «НҰР АСТАНА» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: ИМАМДАР ФОРУМЫ ЕЛ БІРЛІГІН КӨЗДЕЙДІ

0 209
Наурызбай
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы

– Наурызбай аға, біз бүгін айтулы шара қарсаңында тұрмыз. ҚМДБ тарапынан бас­тау алып отырған «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І тұңғыш республикалық имамдар форумы туралы, онда көтерілер өзекті тақырыптар жайлы пікіріңізді білсек…

– ҚМДБ бастамашылығымен ұйымдастырылған тұңғыш рес­пуб­ликалық имамдар форумы асыл дініміздің құндылықтарын дәріптеуге, ұлттық мұраларымызды насихаттауға оң ықпал етпек. Ай­ту­лы жиында «Қазақстан мұсыл­мандарының тұғырнамасы», «Шы­найы мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» сияқты маңыз­ды құжаттар қабылданады.

Дін тақырыбы қашанда өзекті тақырып болған. Мәселен, «Әли Имран» сүресінің 103-ші аятында Хақ Тағала былай деген: «Барлығың Хақ Тағаланың жібін ұстанып, өзара топ-топ­қа бөлінбеңдер» деп, мұсыл­мандардың топ-топқа бөлінуіне тыйым салды. Демек, дін – ел­дің тұтастығында, ынтымақ-бір­ліктің тұрақтылығында үл­кен рөл атқарады. Ал, имамдар осы бірлікке шақыруда, із­гі­лікке үн­деуде аса үлкен жауап­кершілікті арқалайды. Дін мен діндар адамның қоғамдағы орны, оның қызметтік міндеті, шынайы мұсылманның келбеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұжырым­дамасында, алға қойған бағытта­рында айқын көрініс тауып отыр. Елдің бірлігі, ұлттар мен ұлт өкілдерінің өза­ра түсіністік-жарасымы мен дін­аралық диалогты нығайтуда бұл форумның көтерер жүгі, алға қой­ған мақсатының салмағы да жеңіл емес.

– Қоғамдағы тыныштықты, діни тұрақтылықты әрі рухани бірлікті арттыруда имам атқарар қызметтің жөні бө­лек. Осы орайда қазіргі қо­ғамдағы имамның орны қандай?

– Қазіргі қоғамда имамның орны өте жоғары десек қателеспеген болармыз. Имам дүние есігін аш­қан сәбиге азан айтып, есім беруден бастап, халқымыздың салтына сіңіп, дәстүріне айналып кеткен жоралғыларды шариғатымызға сай неке қиып, ұл-қыздарымыздың қызықшылық-қуаныштарын бө­лі­сіп, ұлтымыздың, ұлыстың мере­кесіне айналған айт мейрамдарын бұқарамен бірге атап өтеді. Және де, ол да өмірдің заңдылығы, дүниеден өткен алыс-жақындарымыздың жаназа рәсімдерінің дұрыс орнымен атқарылуы да осы дін қыз­меткерлерінің мойнына жүк­телген. Қуаныш-қайғысында әр­кез бірге болып, сабыр мен шү­кірге шақырушы адам. Бір сөзбен айтқанда, әрқашан елмен етене жақын тұлға деп айта аламыз. Бүгінде Аллаға мойын­сұнып, құбылаға бет бұрған жастар қа­тары көбейіп келеді. Міне, соларға дұрыс бағыт-бағдар беру – өте маңызды іс. Имамдардың жас­тарды жат ағымның жетегіне жібермей, бабалар салған сара жол­­мен, ата дәстүрі мен шариғат шарттарына мойынсұнуға, еліміз­дің тыныштығына ықпал етуде өзіндік орны бар деп есептеймін. Ислам дінінің өзі бейбітшілік пен тыныштықты мақсат еткен дін ғой. Аллаһ Тағаланың: «Уа пенделерім! Мен зұлымдық етуді өзіме және сендерге харам еттім. Сондықтан да бір-біріңе зұлымдық етуші болмаңдар» деген әмірі және де ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Өзара жауласпаңдар!» деген сөзі – осының айқын дәлелі. Тұтастық пен тыныштыққа насихаттау – имамның басты қызметі. Осы орайда бүгінгі қоғамда имам­ның алар орны айрықша деп білемін.

– Осы ретте айта кетсек ар­тық емес, діни басқарма республикамыздың бар­лық өңіріндегі дін қыз­мет­керлерін аттестациялау жұ­мысын да бір жүйеге кел­тірді. Дін талаптары ашық көрсетілді. Ал алдағы форум бізге не береді және ҚМДБ қойған үдеден шығу үшін имамдардың басты міндеті қандай болмақ?

– Иә, қай салада болмасын, талап пен тәртіп, қызметке адалдық – ең маңызды нәрселер. Ал, дін саласы, өзіңіз де білесіз, өте күрделі әрі нәзік шетін. Тоқсаныншы жылдары діни ахуалдың төмен болуы, рухани иммунитетіміздің әлсіздігі, дін мамандарының жетіспеушілігі, олардың білім-біліктілігінің кемшін түсуі – заңды дүние. Бүгінде тәуел­сіздігіміздің қол жеткізген көптеген жетістіктерінің, ел ру­ха­ниятына ден қоюының нәти­жесінде дін саласы жанданып, күш-қуаты артып келеді. Бұл ретте діни басқарманың 20 жыл ішінде жүргізген жұмыстарының өзі бір төбе екенін айта кеткен жөн. Тұңғыш рет өткізілгелі отырған Форум да осы ұзақ жылдар жасал­ған еңбектің жемісі. Бүгінде осын­дай баспалдақтардан өтіп, діни кадрларға қойылар талап та күшейді. Бұл да – заңдылық. Хал­қымыздың рухани иммунитеті де өсіп, діни сенімі бекіді. Бұл жағдайда имамдардың біліктілігі, дін саласының терең маманы болуы – ең бірінші шарт. Діни басқарма қояр басты талаптың білімнен бастау алып, дін қызмет­кер­лерін аттестациялауы осы мақ­сатты көздейді. Ал, алдағы форум бізге, дін қызметкерлерінің жауапкершіліктерін сезіндіріп, халықпен етене жұмыс жасауы­мызға сеп береді. Дін саласын дамытуда тың ойлар айтылады.

ҚМДБ қойған үдеден шығу үшін имамдардың басты міндеті – бірлік. Асыл дініміз «Тәңірдің рахметі – ауызбірлікте» десе, дана қазақ «жұмыла көтерген жүк – жеңіл» деген. Сол бірлікке жету үшін әуелі басшылыққа бағыну керек. Сонда ғана дініміз көркеймек. Форумнан күтеріміз де, одан алар жауапкершілік пен міндеттеріміз де жетерлік. Міндет – ел бірлігіне, ұлт тұтастығына қызмет қылу. Осы нәрсені әрбір дін қызметкері жете сезінсе, ел ертеңіне деген сенімімізге де селкеу түспейді. Алла лайым елімізді осы бірлігінен, ынтымағынан ажыратпасын. Ха­лық мүддесі үшін қызмет етер әрбір ел азаматтарына амандық бергей. Әумин!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Жайық НАҒЫМАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − eight =