©2020 Астана Ақшамы
Наурыз жаңаша тойланады
«Астана Опера» театры Ұлыстың ұлы күнін жаңа форматта атап өтеді. Айтулы мереке аясында бекзат өнер ордасы бір ай бойы қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, көрерменге сазды әуенге толы бағдарламалар ұсынады.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен театрдың үлкен залында 21, 22 және 23 наурыз күндері ұлттық музыкамыздың асыл жауһарына айналған «Қыз Жібек» операсы қойылады. Бұл тұғырлы туындыны талантты дирижер Абзал Мұхитдин мен режиссер Михаил Панджавидзе жаңа қырынан көрсетеді. 3D-технологиясының жетістігі арқылы «Қыз Жібек» халықтық лиро-эпостық поэмасы жұртшылықтың көз алдында проекцияда көрсетілген керуен көшінің қозғалысы күтпеген жерден сахнада жалғасады. Көздің жауын алар костюмдер, бейнеинсталляциялар, жарық бойынша суретшінің тартымды жұмысы, мінсіз билер, ең бастысы – бәріміз бала күнімізден тыңдап өскен музыка мен солистердің дара дауыстары және оркестрдің үйлесімді үні «Қыз Жібек» қойылымын ұмытылмастай етеді деп сенеміз.
22 наурызда театрда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаевтың маңызды дебюті орын алады, ол алғаш рет бас партиялардың бірі – Бекежанның рөлінде сахна төріне шықпақ. Айта кетейік, танымал әнші бұған дейін Базарбайдың бейнесін керемет сомдаған еді.
Сондай-ақ камералық зал сахнасында 22 наурызда сағат 15:00-де «Қош келдің, Наурыз!», 25 наурызда сағат 19:00-де «Наурыз шашу!» атты мазмұнды музыкалық кеш өтеді. Қысқасы, Ұлыстың ұлы күні «Астана Операдағы» мағынаға толы сазды бағдарламалардан құр қалмаңыз!