Наурыз салтанатының нүктесі

0 213

Астана қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен 11-22 наурыз аралығында «Армысың, әз Наурыз» атты қалалық байқау ұйымдастырылған болатын. Ұлыстың ұлы күніне орай елорда­ аумағындағы мекемелер­ мен кәсіпорындарды сынға салған сайыс­ мәресіне жетіп, күні кеше жеңімпаз ұжымдар марапатталды. Салтанатты­ рәсімде Тілдерді дамыту­ басқармасының басшысы Ербол Тілешов сөз сөйлеп, жүлдегерлерге елорда әкімінің арнайы­ дипломдары­ мен сый-сияпаттарын­ тапсырды.

Е.Ерденбекұлы алдымен­ бай­қау­дың өтуіне белсене атсалысқан мекеме-кәсіпорын басшыларына Астана қаласы әкімінің Алғыс хатын табыстады. Бұл құрметке бөленгендердің қата­рында Есіл, Сарыарқа, Алматы аудандарының әкімдіктері, Ден­сау­лық сақтау, Білім, Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармалары, Статистика департаменті, Еуразия гуманитарлық институты, Гума­ни­тарлық колледж және «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің ұжымы бар.

Жеті сала бойынша өткен додада жиырма төрт жергілікті мемлекеттік орган мен аумақтық мекеме, он төрт құрылымдық мекеме, отыз денсаулық сақтау мекемесі, отыз бір мәдениет және спорт мекемесі, қырық төрт жоғары, орта және арнаулы оқу орындары, сегіз көлік, байланыс, халыққа қызмет көрсету орталықтары бақ сынасты.

Байқау қазылары шара барысында мейрамның ұлттық, ізгілік, қайырымдылық сипаттарына­ зор­ мән бергенін айту қажет. Әсі­ре­се, ұжым қызметкерлерінің толық атсалысуына, мерекенің пәл­са­палық мазмұнын барынша ашуға, мәселен, қазақы киімдердің жара­сым­дылығына, ойындар мен салт-дәстүрлердің дұрыс орындалу шебер­лі­гіне, безендірілу деңгейіне жіті назар салды.

Сайыс кезінде белсенділік таныт­қан «Астана орманы» ЖШС салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ұлттық ойындарымызды әсерлі көрсетсе, Балалар психоневрологиялық-медициналық әлеуметтік мекемесі денсаулығы нашар жеткіншектердің өмірге деген қызығушылығын арттыра білді. Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі тағдыр тәлкегіне түсіп, жанарларын мұң шалған қариялардың езулерне күлкі ұялатып, шат-шадыман күйге бөледі. Статистика департаментінің байырғы дәстүрлерімізді жаңғырта көрсетуі көпшілік көңілінен шықты. Шараны ұйымдастырушылардың байқаудың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан №1 аурухана, №2, 9 емханалар, №2 балалар ауруханасы, Дермотология және венералогия қатынас ауруларын алдын-ала емдеу орталығы, Тәуелсіздік сарайы, Жастар сарайы және Ішкі саясат басқармалары ұжымдарына риза­шы­лық­тары бөлек.

Сайыстың нәтижесінде Қазақ экономика, қаржы және халық­ара­лық сауда университеті, М.Тыныш­баев атындағы көлік және коммуни­ка­циялар академиясының Ақмола колледжі, №1 аурухана, Әділет депар­таменті, «Сапаржай-Астана» ЖШС, Тәуелсіздік сарайы меке­ме­лері бірінші орыннан көрінді.

Салтанатты жиын соңында Ербол Тілешов сөз сөйлеп, Наурыз мейрамының қазақ халқы үшін зор маңызға ие екенін атап өтті. «Бес ғасырдан аса тарихы бар Ұлыстың ұлы күні қай заманда да салмағын жоғалтпақ емес. Ұлттық мерекені әрбір ұжым қал-қадірінше атап өтуге тиіс. Десе де, осынау той бары­сында салт-дәстүріміз бен мәде­ние­тімізді, әдеп-ғұрпымыз бен ырым-жоралғыларымызды әлі де айыра алмайтын, ұғына алмайтын замандастарымыздың бар екені өкінішті. Мәселен, ұлттық сипаттағы мерекеде өзгенің биін әспеттеп, әнін әуелетудің қажеті қанша?! Тіпті, қарапайым тұсаукесер рәсімін дұрыс орындай алмағандар кездесті шара кезінде. Ана тілімізге де мән беру керек еді.

Әрине, Наурыздың төл дәс­түр­ле­рінің жетілдіретін тұс­тары әлі де баршылық. Соларға аса мән беріп, қазақ мәдениетін айшықтайтын той думанына жұмыла атсалысқанымыз дұрыс» деді басқарма басшысы.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =