«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Наурыз нақышында

Ұлттық үйлесімде өткен байқау "Рухани жаңғыру" бағдарламасына үн қосты

0 206

Елордада Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Мисс Қазақстан» байқауының жеңімпазы анықталды. Үздік бестіктің ішінде халық қалауымен 16 жасар атыраулық Альфия Ерсайын еліміздің ең сұлу аруы атанды.

Қалалық әкімдіктің қолдауы­мен ұйымдастырылған сұлулық салтанаты Наурыз нақышында өтті. Әдетте, байқау жаңа жыл­дың қарсаңында болса, алғаш рет қазақтың төл мейрамына қарай шегерілді. Сұлулар мерекені бұқара халықпен бірге орталық алаңда қарсы алды. Көбісі қазақтың ұлттық киім-кешектерін киіп, өнер көрсетті. Бұл жолы байқауда қазақ тіліне басымдылық та берілді. Мұның барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатында. Көрермен сахна төрінде сақ қорғандарының қазынасын 3D-графикада тамашалады.
Байқау алдында арулар «Сұлу­­лық – мейірімділікте» деген ұранды ту етіп, елордадағы балалар үйіне де, қарттар үйіне де барды. Концерттен түскен қаражат та қайырымдылыққа жұмсалатын болды.
Алғашқы айналымда қыз­дар жиналған қауым алдында өз өнерлерін паш етті. Бірі би билеп жатса, екіншісі жүрекжарды өлең оқыды. Енді біреуі сиқыр әлеміне шақырса, кейбіреуі балеттен үзінді ұсын­ды. Сынға түскен отыз қыз­дың тең жартысы бірінші кезеңнен кейін үйлеріне оралды. Ал келесі «сұрақ-жауап» бөлімінде әділ­қазылар алқасы ең тұшымды жауап берген 5 қатысушыны іріктеп алды.


Үздік бестікке кірген Семейден келген 19 жасар Динара Баймұратова үшінші вице-мисс атанса, екінші вице-мисс атағына 19 жастағы астаналық Маймуна Күлкешева лайықты деп табылды. Қарағандының намысын қорғаған 19 жасар Екатерина Дворецкая болса бірінші вице-мисс болды. Ол «Дүние жүзі аруы-2018» байқауына қатысуға мүмкіндік алды. Онлайн және смс-дауыс берудің нәтижесінде осындай болды.
«Мисс Қазақстан» атанған Альфия Ерсайынға 3 млн тең­гелік сыйақы мен көптеген жарнамалық келісімшарттар жасау мүмкіндігі берілді. Сон­дай-ақ, ару «Әлем аруы-2018» байқауында Қазақстанның намысын қорғайды. Журна­листердің сұрақтарына жауап бере отырып, Альфия ұтыс ақшаны қайырымдылық шараларына жұмсап, одан бөлек әке-шешесіне көмектесетінін мәлімдеді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды