Наурыз мерекесі қарсаңында елордалық дәрігерлер пәтер кілттеріне ие болды

0 118

Биылғы  наурыз  мерекесі  елордалық жедел  медициналық  жәрдем  стансасының дәрігерлері  үшін  нағыз несібелі болды. Олар мереке қарсаңында үйлі болып, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың қолынан пәтер кілтін алды. Сондай-ақ, мекеме жаңа 8 санитарлық көлікке ие болды.

12-1

Медицина қызметкерлерін Астана қаласы әкімінің атынан құттықтаған Ермек Әмір­хан­ұлы жедел медициналық жәрдем стансасын дамытуға әкімдік ерекше көңіл бөліп отырғанын, соған байланыс­ты арнайы кешенді жоспар қабылданғанын жеткізді.

– Жедел жәрдем стансасы – тәулік бойы дамылдамай, тұрғындарға жедел қызмет көрсететін мекеме. Олардың жұмыстары үнемі қарбалас үстінде. Соған қарамастан осы салада ұзақ жылдар бойы үзбей жұмыс істеп келе жат­қан жандар баршылық. Қала­лық әкімдік дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға, меди­цинадағы түйт­кілдерді шешуге қолдан кел­генді жасап жатыр. Бүгін, міне, 30 дәрігер үйлі болды. Бұл – әкімдік қабылдаған кешенді жоспардың аясында жүзеге асырылған игі шаруа. Бұған қоса, жұртшылыққа көр­сетілетін қызметтің сапасын арттыру үшін 8 санитарлық көлік беріліп отыр. Алдағы уақытта тағы 40 көліктің кілтін табыстау жоспарда бар. Ал сіздерден талап етілетіні – жоғары біліктілік пен сапалы қызмет. Сәуір айына қарай жедел жәрдем елорданың кез келген тұсына 10 минутта жету керек деген мақсат қо­йып отырмыз. Бұйыртса, бұл межеге жететінімізге сенім­діміз. Қалалық әкімдіктің ден­саулық сақтау саласын жақ­сартуға бағытталған жұмыс­тары алдағы уақытта да жал­ғасын таба бермек, – деді Ермек Аманшаев.

Қалалық әкімдік тарапынан пәтер кілтіне ие болған дәрігерлердің қуанышында шек жоқ. Мысалы, Қорғанбек Сенбі атты дәрігердің жедел жәрдем қызметінде істегеніне 12 жыл болыпты. Екі баласы бар. Ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап келген Қорғанбектің әкімдікке айтар алғысы мол. «Астана қаласында басты мәселе – баспана. Үйің жоқ болса, күйің де жоқ. Шынымды айтсам, басында бізге үй беріледі дегенде сенген жоқпыз. Бұл мәселе біз үшін қол жеткізбес арман сияқты еді. Бірақ, үмітіміз үзілген жоқ. Енді, міне, отбасымызбен осынау қуанышты сәттің куәсі болып, жүрегіміз жарылардай болып отырмыз» деді ол.

Бүгінде Астана қаласы жедел жәрдем медициналық стансасында 1239 адам еңбек етеді. Мұнда күніне 2 мыңнан астам шақырту түседі. Ал тұрғындардың өмірін сақтау үшін күнделікті жұмыс істейтін бригаданың саны – 85.

Жедел жәрдемнің басты мақсаты – шақыртылған жерге неғұрлым жылдам жету. Қазіргі таңда шақыртуларға барудың уақытын азайту мақсатында қолға алынған шаруалар баршылық. Қызмет көрсету сапасын арттыру үшін заманауи құрал-жабдықтарды енгізуге де ерекше ден қойылған. Биыл қыркүйек айында жедел медициналық жәрдем стансасының жаңа ғимараты пайдалануға берілмек. Онда тұрғындарға қызмет көрсететін бригадалардың саны артып, дәрігерлерге түсетін жүктеме азаяры сөзсіз.

Салтанатты жиында күй төгіліп, «Шаттық» ансамблінің қыздары мың бұрала би биледі. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған ұжым Қасымжомарт атты балақайдың тұсауын кесіп, шашу шашып, қазақтың жөн-жоралғысын жасады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − ten =