«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Науқандық ­шаралармен шектелмейік

0 168

Бүгін Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Ал «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері туралы» конс­титуциялық заңына – 15 жыл. Рәмізтанушы, Мәдениет қайраткері Талғат Мусаев осы заң жобасын қабылдауға дайындап, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің мәтінін орналастыру және ауыстыру, жою ережесін бекіту туралы» Үкіметтің екі қаулысын қабылдауда негізгі жауапты орындаушы ретінде жұмыс тобын басқарды. Мемлекеттік органдарда Мемлекеттік рәміздерді пайдалану жөнінде бірнеше әдістемелік кітап шығарды. Рәміздердің мерейтойына орай Талғат Қостайұлын әңгімеге тартып, бұл жұмыстардың қалай жүргізілгенін сұрадық. Рәміздерді құрметтеуге, қастерлеуге, насихаттауға қатысты бүгінгі өзекті мәселелер жайында көзқарасын білдік.

Талғат Мұсаевкоп

– «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңының жазылуына мына бір тарихи оқиға басты себеп болды. 2004 жылы тиісті мемлекеттік органдар арқылы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның жұмысшы органы – Мәдениет және спорт министрлігіне аспан асты күн шығыс елінен Қазақстанға үлкен партиямен көк туымыздың белгісі бар ерлердің іш киімі келе жатыр деген хабар түсті. Жедел арнайы топ құрылып, сараптама жүргізіліп, стандартқа сай емес тауардың иесіне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тауарды шекарадан бері өткізбей, кері қайтардық. Тиісті талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан тарапы заңдарына сәйкес жауапкершілік жүктелгенін түсіндірдік. Сол күннен бастап «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңның жазылуына осы жағдай себеп болып, ҚР Мемлекеттік хатшысының бастамасымен Мемлекеттік рәміздердің қолдану аясын кеңейту жұмыстары зерделеніп, кең ауқымда жұмыстар жүрді. Заңнамаға тиісті өзгерту жұмыстары жүргізіліп, 2007 жылдың 4 маусымында Конституциялық заң қабылданды. Бұдан әрі мемлекеттік кәсіпорында Мемлекеттік елтаңбаны жасау механизмінің өте ауыр екені байқалып, арнайы 3Д компьютерлік бағдарламасында алғашқы түстерінің, элементтеріне қойылатын стандарттарын бекітіп, «Мекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен компьютерлік бағдарлама жасады. Оның стандарты көп элементтерден тұрды.

Рәмізтанушының айтуынша, мемлекеттік рәміздер арнайы лицензия алып, рұқсат берілген кәсіпорында ғана жасалуы керек. 2014 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу, метрология, мемлекеттік стандарт комитетінде «СТК 989-2014» белгісі бар Мемлекеттік елтанба мен Мемлекеттік тудың стандарты әзірленіп, бекітілді.

Талғат Қостайұлының сөзінше, бұрын елімізде Мемлекеттік рәміздерді жасайтын 27 кәсіпорын болса, бұл күндері олардың саны 57 кәсіпорынға өсті. Бұл орын алған жағдай нарықта мемлекеттік рәміздерді жасау сапасына кері әсерін тигізіп отырғаны да байқалады. Мемлекеттік рәміздеріміз шығаратын арнайы бір ғана мемлекеттік кәсіпорын құрылып, оған мемлекеттен қаржы бөлініп, шыққан өнімнің сапасына, стандартына сай болуына, әрі бағасының кез келген қазақстандыққа сатып алуға қолжетімді болуына баса назар аудару қажет.

– Мемлекеттік мекемелердің маңдайшасына ілінетін Мемлекеттік тудың пайдалану мерзімі көп болса алты ай ғана ілініп тұрады. Одан кейін оны стандартқа сай ауыстыруға тура келеді. Себебі жел мен табиғаттың басқа да тосынсыйынан зақымданып, жыртылып жатады, күннің сәулесінен түсі де оңады. Ал бұл – мемлекеттік мекемеге қосымша шығын. Сондықтан рәміздердің материалының сапасына көп көңіл бөліп, үлкен жауапкершілікпен қарау керек, – дейді Талғат Мусаев.

Рәмізтанушы Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, орналастыру, жою тәртібі заңдық тұрғыдан бекітілгенмен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді қалыптастыру, азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыру, рәміздерді халық арасында дәріптеу, құрметтеудің озық ережесі қоғамдық талқыға шығарылып бекітілуі керектігін айтады.

– Мемлекеттік рәміздеріміздің бекітілгеніне 30 жыл толуына орай салтанатты шара тек бір күндік науқандық немесе мерейтойлық шаралармен шектелмеу қажет. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің ұзақ жылдарға арналған концепциялық бағдарламасы әзірленуі тиіс. Оны кезең-кезеңге бөліп, салиқалы дұрыс жүргізген жөн. Яғни балабақша мен мектеп жасындағыларға, содан кейін колледждер мен жоғары оқу орындарда оқитын студенттерге, мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, жалпы елімізде тұратын барша қазақстандықтарға лайықталып жасалуы керек. Елтаңба мен тудың алғашқы үлгісін, яғни тарихи нұсқаларын алып, еліміздің бүкіл облыстарына көшпелі көрмесін ұйымдастырып, рәміздердің тарихымен елді таныстыру керек. Ал мемлекеттік мекемелерде Мемлекеттік рәміздерге қатысты саяси сабақтар өткізіп, елдің рухын көтерген жөн. Кең жолақты интернет беттерінде қазақстандық рәміздердің танымалдығын арттыру мақсатында республикалық геральдикалық сайт та әзірленуі қажет. Ал елордамызда Мемлекеттік рәміздерге арналған музей ашу бүгіннің өзекті тақырыбы деп есептеймін. Онда Қазақ хандығы құрылған кезінен бастау алып, тәуелсіз Қазақстанның осы кезеңдерге дейінгі қабылданған рәміздері мен қалалардың гербтері қойылу қажет. Атап айтқанда, тарихта кешегі өткен ел басқарған Абылайхан, Кенесары, басқа да хандарымыздың, батырларымыздың туы мен мөрі, архивтарымыздан белгілі бізге жеткендер орналастырылса құба-құп, оңды болар еді. Бұл ұрпақ бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту үшін аса қажет. Ұлттық телеарналарда әлеуметтік бейнероликтер әзірлеп, жыр мүшәйраларын ұйымдастыру қажет, – дейді Талғат Қостайұлы.

Кезінде Мемлекеттік рәміздерді ретсіз қолдану бойынша көптеген келеңсіз жағдайлар кездесті. Тіпті әлемге әйгілі «Amazon» компаниясы кілемшелерге Мемлекеттік тудың бейнесін орналастырған. Алматы облысында жалпыхалықтық сенбілікте Мемлекеттік тумен қоқыс тасыған жағдайлар да кездесті. Бұл – Мемлекеттік рәміздерді қорлау. Рәмізтанушы осындай жағдайларға кеңінен тоқталды. Рәміздерді қорлағаны үшін бір мыңнан екі мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы бар екенін еске салды. Алдағы уақытта Талғат Қостайұлы жазаны қатаңдату механизмдерін заңдық тұрғыдан саралау керек деп есептейді.

Күні кеше ғана Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Алматыдағы концертте Мемлекеттік туды қорлаған әншілерді жазалауға қатысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Бұл қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болып, жұртшылықтың Мемлекеттік рәміздерге бейжай қарай алмайтынын, зор құрметпен қарайтынын көрсетті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды