©2020 Астана Ақшамы
НАСЫБАЙ АТЫП, ҚОР-ҚОР ТАРТЫП…
Темекі қорабы сыртында адам өміріне қауіптілігі жазылса да, тартатындар оны елемей жүр. Жә, бүгінгі айтылар әңгіме бұл жөнінде емес. Жас та, кәрі де құмартқан насыбай мен қор-қор төңірегінде сөз өрбітеміз.
Насыбайдың ашық саудада сатылып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Осыдан екі жылдай бұрын ҚР Ішкі істер министрлігінің Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған насыбайды есірткі заттардың, нақтырақ айтқанда, шөптік микстердің қатарына қосу жөніндегі ұсынысынан қайран болмады. Себебі, ол базар сөрелерінде әлі тұр. Ал, кәмелетке толмаған балалардың мектеп ішінің өзінде насыбайды ататыны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сан мәрте жазылды. Енді мынаған назар аударыңыз. Дәрігерлердің дерегіне жүгінсек, бізде ауыз қуысындағы қатерлі ісікке шалдыққан азаматтардың үлесі әйелдермен салыстырғанда он есе артық. Көршілес Өзбекстандағы онкология орталығының мамандары тіл, ауыз қуысындағы қатерлі ісікке іліккендердің саны тоқсан пайызға жеткенін мәлімдеді. Қырғыз дәрігерлері болса, насыбайдың ішкі секрециялық бездерді қабындырып, белсіздікке душар ететінін айтады. Осыдан кейін танауы жыбырлаған жасөспірімдердің тағдырына алаңдайсың. Ішке кеулей кіретін бұл кесапаттың жолын кесетін бір шараның болмағанына тағы налисың.
Біз қашан да қоғам байлығы – адам екенін жақсы білеміз. Сөйте тұра, дәрігерлер келтірген дерекке зер салмаймыз. Насыбай ұлт тағдырына кесірін тигізеді деп көше бойын ұрандату міндет емес шығар. Әлде ол белгілі біреулердің көлеңкелі бизнесіне айналғасын, жанды жегідей жейтін індетті ауыздықтау мүмкін болмай тұр ма?
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов насыбайды жасаған, оны сатқан адамдарға 50-500 доллар мөлшерінде айыппұл салынатын, қайталанса айыппұл көлемі 8-17 мың долларға жететін, мұны да елемесе, екі жыл түзеу мекемесіне немесе бір жылға бас бостандығынан айыру туралы пәрменді жарлық шығарды. Ал біздің бас санитар тым-тырыс.
Өкпені ысқа көметін қор-қордың зияны туралы да шетел дәрігерлері дабыл қағуда. Олардың айтуынша, бықсып жанған қор-қор көмірінен улы газ бөлініп, ол сумен араласқанда адам ағзасына зиян екі есе тиеді екен. Мұның да белсіздікке әкеліп соғатын кесапаты бар. Ауғанстанда көкнәрді, қарасораны езіп шегу үшін қор-қор ыдысының үлкендеуі пайдаланылады. Қарасора тартқан құмыраны көпке дейін жумайды. Себебі, әлгі қолданылған ыдыстың ішіне қарасора шайыры – тетрагидроканнабинол жиналады. Оны спиртпен жуып, қайта тартады. Осындай келеңсіз тәжірибелер жекелеген интернет желілерінде өріп жүр. Сондықтан адам ағзасы мен санасын улайтын мұндай кесапаттың тезірек жолын кесуіміз шарт.
Бізде қор-қор ойын-сауық орталықтары мен арнайы клубтарда сатылады. Осы орындарға жасөспірімдердің бас сұғатыны мені қатты ойлантады. Ұзын түтікшені жайлаған түтін талайдың өрісін тарылтып жатпағанына кім кепілдік береді?! Ал біз болсақ, оны тартып мәзбіз.
Әмірхан
АЛМАҒАНБЕТОВ,
amirhan-0468@mail.ru