НӘРЕСТЕ ҮШІН ЕҢ НӘРЛІ ТАМАҚ – АНА СҮТІ

0 193

IMG_93721

 

 

 

 

Айша БЕСТАЕВА,

«Демеу» отбасы оқу-тәжірибелік медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары

 

 

Майдагүл:
– МЕН СТУДЕНТ-АНАМЫН. ЕУРАЗИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҮШІНШІ КУРСЫНДА ОҚИМЫН. БЕС АЙЛЫҚ КІШКЕНТАЙЫМ БАР. СӘБИІМЕ БАЛА ТАМАҒЫН ТЕГІН АЛУҒА МҮМКІНДІГІМ БАР МА?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы №726, №786 бұй­рық­та­рының қосымшасына сәйкес, дис­пан­серлік есепте тұрған науқастарға тегін босатылатын дәрілік препараттардың тізіміне өзгерістер енгізілді. Осыған
орай, барлық нәрестеге бірдей қосымша тамаққа рецепт жазылмайды. Тек көр­сеткіштері бар болған жағдайда ғана жас аналарға қосымша қоспаларға тегін ре­цепт жазылады.
Соған сәйкес, сіз күндізгі бөлімде оқи­тындықтан, тіркелген емханаңыздан сәбиіңізге құрғақ сүтті дәрігердің ре­цептісі бойынша тегін ала аласыз. Дегенмен, мынаны ескерткім келеді: нәресте ана­ сүтіне жарымай жатса, ба­ланы бірден жасанды тамақтандыруға көшіруге болмайды. Мүмкіндігінше емізуге тырысу керек. Ол үшін әйелдер жүкті кезінде «аналар мектебіне» қатысып, өзінің бекітілген ұйымындағы медбике мен дәрі­герлердің кеңесі мен айтқандарын бұл­жытпай орындауға тиіс. Негізі, кез кел­ген нәресте үшін ең нәрлі тамақ – ана сүті екенін естен шығармаған абзал.

Алма:
– ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНДА МАМАН­ДАН­ДЫРЫЛҒАН ДӘРІГЕРЛЕР ЖОҚ ЕКЕН. НЕГЕ?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша бізде мамандандырылған дәрігерлер болмайды. Өйткені, заманның ағымына байланысты алғашқы медициналық әлеуметтік көмек көрсететін дәрігерлер жан-жақты болып, мамандандырылған дәрігерлердің міндетін өздері атқаруға тиіс. Науқасты негізсіз маман­дан­ды­рылған дәрігерлерге жібере берудің қажеті шамалы.

Динара:
– ҚАЙЫРЛЫ КҮН, АЙША ҚАРАБАТЫРҚЫЗЫ! АЙТЫҢЫЗШЫ, СІЗДЕРДЕ НЕГЕ МЕЙІРБИКЕЛЕР ДӘРІГЕРМЕН БІРГЕ ОТЫРМАЙДЫ?
– Біздің «Демеу» медициналық көмек көрсету орталығымызда медициналық бикелер өз бетімен қабылдау жүргізеді, яғни, жеке науқастың денсаулығына байланысты көптеген мәселелерді мейірбике өз бетімен шеше алады. Бұл дәрігер мен пациенттің уақытын үнемдейді, отбасылық дәрігер қабылдауының құпиялылығы сақталады. Кәсіби жағынан мейірбикелердің талдау және клиникалық ойлау қабілеттері дамиды. Шетелде мейірбике – дербес мамандық және олар жеке қабылдау жүргізеді.

Мәдина:
– «ДЕМЕУ» ОТБАСЫЛЫҚ ДЕН­САУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ҚАНДАЙ ӘЛЕУ­МЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТІЛЕДІ?
– Қазақстан Республикасының 2008 жылғы «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» заңының негізінде және нор­мативтік құжаттарға сәйкес біздің орталықта тұр­ғындарға мынадай: әлеуметті маңызды аурулар қатерінің жүріс-тұрыс факторлары мәселесі бойынша жеке кеңес беру, яғни аурудың алдын алу, әңгімелесу немесе ұсыным жасау, денсаулық мектептері, пациент өмірінің әлеуметтік әралуан қырлары бойынша психоәлеуметтік кеңес беру, мінез-құлық желісін өзгерту бойынша түзету және тағы басқа қызмет түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ орталығымызда денсаулық мектептері бар. Онда біздің мамандар әртүрлі топтар бойынша тренингтер өткізеді. Тіпті, қажет болған жағдайларда кейбір науқастардың үйіне барып, олардың тұрмысымен, әлеуметтік жағдайларымен танысудың мүмкіндіктері қарастырылған.

Раушан:
– АЙША ҚАРАБАТЫРҚЫЗЫ, МЕНІҢ ҚЫЗЫМ ТЫМ АРЫҚ. СОҒАН АЛАҢДАЙМЫН. АЙ­ТЫҢЫЗШЫ, ОЛ НЕГЕ САЛМАҚ ҚОСПАЙДЫ?
– Ол үшін қызыңыз емханаға келіп, тексерілуі керек. Эндо­кринологтың кеңесіне жүгін­геніңіз жөн.
– СІЗДЕРДЕ ЭНДОКРИНО­ЛОГҚА АЛДЫН АЛА ЖАЗЫЛУҒА БОЛА МА?
– Жоқ. Ол үшін отбасы дәрігері сізге жолдама береді. Сол арқылы сіз №1 қалалық емханаға барып, кезек бойынша дәрігердің қабылдауына кіресіз.

Саягүл:
– «ДЕМЕУ» ОТБАСЫ ОРТАЛЫҒЫНДА ӘЙЕЛ ДӘРІГЕРІ, ЯҒНИ, ГИНЕКОЛОГТАР БАР МА?
– Әрине, бізде гинеколог-дәрігер бар. Біздің орталыққа бекі­тілген болсаңыз, кесте бойынша оларға таңер­теңгі сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін жазылып, қа­ралуыңызға болады.

Замира:
– ЖҮКТІЛІГІМ БОЙЫНША СІЗДІҢ ОРТАЛЫҚҚА БЕКІТІЛУІМЕ БОЛА МА?
– Біздің аумақта тұратын болсаңыз, бекітілуіңізге болады. Сол жерде отбасы дәрігері мен медбике сізге әйелдер дәрігеріне жолдама береді.

Мейрам:
– КАРДИОЛОГ ПЕН НЕВРОПАТОЛОГҚА ҚАРА­ЛУЫМ КЕРЕК ЕДІ. СІЗДІҢ ОРТАЛЫҚТА ОНДАЙ МАМАНДАР ЖОҚ ПА?
– Бізде мұндай мамандар жоқ. Отбасы дәрігеріне келсеңіз, ол кісі сізге №8 емханаға жолдама жазып береді. Сол арқылы өзіңізге қажетті маман­дан­дырылған дәрігерге көрінуіңізге болады.

Биғайша:
– АЙША ҚАРАБАТЫРҚЫЗЫ, БІЗ АСТАНАҒА ЖУЫРДА БАСҚА ҚАЛАДАН КӨШІП КЕЛІП ЕДІК. АЙТЫҢЫЗШЫ, СІЗДІҢ ОРТАЛЫҚТА КІШКЕНТАЙ БАЛАЛАРҒА ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР БЕРІЛЕ МЕ?
– Алдымен сіз емханаға келіп, балаларыңызды есепке тұрғызыңыз. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 4 қарашадағы №786 бұйрығы бойынша бес жасқа дейінгі, ал диспансерлік есепте тұрған он сегіз жасқа дейінгі балаларға біздің орталықта дәрі-дәрмектер тегін беріледі.

Самат:
– МЕКЕМЕЛЕРІҢІЗДЕ ПРО­ФИ­ЛАКТИКАЛЫҚ ЕКПЕ ЖАСАЛА МА?
– Иә, біздің орталықта про­филактикалық екпелер аптасына бес күн жасалады.
– СОНДА ҚАЙ КҮНДЕРІ КЕЛУІ­МІЗГЕ БОЛАДЫ?
– Дүйсенбі күні БЦЖ, сейсенбі, сәрсенбі, бей­сенбі күндері барлық профи­лак­ти­калық екпелер жасалады. Ал, Манту сынамасын жасату үшін жұма күні келгеніңіз жөн.

Айдар:
– БАСҚА ЕМХАНАДАН СІЗДЕРДІҢ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАСТЫ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
– Орталығымызда гинеколог дәрігерлерден басқа нефролог, уролог, невропатолог және т.б. мамандандырылған дәрігерлер жоқ. Бізде тек отбасылық дәрігерлер және мейірбикелер ғана қабылдау жүргізеді. Олар бірнеше бағытта жұмыс істейді, сондықтан да біздің мамандар отбасының барлық мүшелерін түгел тексереді. Демек, біздегі отбасылық немесе жалпы тәжірибелі дәрігерлер балаларды да, ересек адамдарды да, қысқасы, отбасы мүшелерін тегіс қарайды. Бұл отбасы мүшелеріне де, дәрігерге де өте ыңғайлы. Өйткені, басқа емханаларда балаларды – педиатр, ересектерді терапевт қараса, жалпы тәжірибелі дәрігер отбасына барған кезде олардың барлығына бірдей медициналық көмек көрсетеді. Осы арқылы біз отбасы мүшелерінің тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын біліп қана қоймай, оларға психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету үшін нені басымдыққа алу керектігін, жалпы аурудың қалай қарай бет алып бара жатқанын қадағалап, бақылап отырамыз. Біздің орталықта басқа емханалардағы сияқты тұрғындарға алғашқы медициналық көмектің барлығы да көрсетіледі.

 

Бетті дайындаған: Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − one =